jasqazaq.kz

Ұту әлде кету немесе беттингтің ең басты «жауы»

25 наурыз 2022, 12:20
One senior man watches soccer match and bets on the game. Фото: istockphoto.com

Букмекерлік салада спорт оқиғасына болжам жасау – еліктіретін ермек. Бірақ онымен айналысу үшін алдымен мінез-құлқыңа қарауың керек. Жасыратын не бар, бәс тігуге бас қойғандарға ұстамдылық қажет-ақ.

Аңқау романтиктің арманы

Ғаламторда спорт оқиғасына болжам жасауды тұрақты табысқа айналдыруға болады деп алдаусыратып, өзіне «шақыратын» жүздеген сайт бар. Олар әлдебір «кәсіби құпияны» білетінін, сол арқылы букмекерде үнемі ұтып, оңай олжаға кенелуге болатынын айтудан жалықпайды. Алаяқтар жұмысты тастап, ешқандай тер төкпей, бәс тігумен ақша табатыны туралы жамыраса әңгімелейді. Мұндай сайттардың қожайындары «құмарлық романтикасына» еліктіріп, аңқауларды топ еткізіп торға түсіруге тырысады. Олардың амал-айласы қисапсыз: стратегия саудасы, дайын болжамды сату, «есепті айналдыру» дейсің бе, әйтеуір, толып жатыр. Соларға сеніп, спорт бәсінде түкке тұрмайтын осы әдіс-тәсілді қолданған кезде ғана аңқаулар ақшасын қайырымды жандарға емес, алаяқтарға ұстатқанына көз жеткізеді.

Олардың қатарын толықтырмас үшін, әу баста спортқа бәс тігуге дұрыс көзқарасты қалыптастырған дұрыс. Спорт болжамына ермек деп, қол бос кездегі демалыс деп қараңыз. Өйткені ол ешқашан тұрақты табыс көзі бола алмайды. Бәс тігуде үнемі жеңіске жету әлі ешкімнің қолынан келген емес. Шынымен де ұтысқа жеткізетін «құпия формула» бар болса, жер жүзіндегі букмекер атаулы әлдеқашан тақырға отыратын еді. Бірақ өзіңіз қараңызшы, қазіргі қиын заманның өзінде букмекерлердің жағдайы жаман емес қой.

Сондықтан ең алдымен мынадай қарапайым нәрсені түсініп, түйсінген жөн: букмекерлік бәс тігуде тұрақты табыс табу мүмкін емес. Бұл сіздің түпкі мақсатыңызға айналмасын. Әрине, ұтыс міндетті түрде болады, оған талай қуанарсыз да. Ұтқан сайын спортқа болжам жасауды да бүге-шігесіне дейін меңгеріп аларсыз. Бірақ ол бәрібір ермек.

Ал егер беттингтен көп ақша табам десеңіз, оның соңы жақсылыққа апармайды. Қарызға белшесінен батып, өз өмірін құртқан, дос-жарандары алдындағы беделінен айрылған жандардың қатарын көбейтудің қажеті не?

Букмекерлердің байқауынша, беттингке дұрыс көзқарас қалыптастырмаудан өз тағдырына балта шапқандар соншалықты көп емес. Бәс тігуді жай ғана ермек санайтындармен салыстырғанда, олар ат төбеліндей ғана. Әйтсе де, ондай құмарпаз болғанша, спортқа болжам жасай білетіндердің қатарынан табылған дұрыс.

Ақылға кел, құмарлыққа салынба

Кейде үсті-үстіне ұтылатын кез болады. Ондайда көп адам өзін-өзі ұстай алмай қалады. Деструктивтік құмарлық пайда болады. Психологтар мұндай құбылысқа баяғыда-ақ баға берген. Дәл осындай кезде адам қайтсе де ұту үшін әбден ойынға беріледі. Мұндағы түйткіл сізде ақша бар-жоғында емес. Басты қауіп – ұтылған сайын жүйкенің бұзылуында. Адам ұтылған сайын өзін қор санап, күйзеліске түседі. Соның нәтижесінде айналасындағы адамдарға дәлелдеу үшін «мен жолы болмайтын сүмелек емеспін, мен жеңіске жетемін» деген тілек пайда болады. Ой-сана емес, эмоция үстемдік алады. Ал мұндай кезде ұстамдылық керек.

Мол ұтысқа қолы жеткенде де бәс тігушінің бақыттан «басы айналуы» мүмкін. Осы кезде ол өзін-өзі әспеттеп, қолынан келмейтін нәрсе жоқтай көрінуі мүмкін. Ұтылған кездегідей жағдайды дұрыс бағалай алмайды, ең бастысы, дәлме-дәл болжам үшін қажетті факторларды ұмытады. Команданың ағымдағы жағдайы, турнир кестесі, матч немесе жекпе-жектің ерекшеліктері, бәрін де тәрк етеді. Мұндай кезде бәс тігуге ұмтылудың жөні жоқ. Онда, сөзсіз, ұтыласыз. Қандай жағдайда да дер кезінде өзіңді-өзің тоқтатып, сезіміңді тежеп, ақылға жеңдірген жөн.

Мамандар адреналин шарықтайтын сәттерде бәс тігуді тоқтатуға кеңес береді. Эмоция қалпына келгенге дейін дамылдай тұрыңыз. Кем дегенде беттингті бірнеше күн ұмыту керек. Спортқа бәс тігудегі негізгі ереженің бірі – осы. Ақылға салып, дұрыс шешім қабылдау, құмарлыққа салынбау, «қайтсем де жеңемін» деп ентелемеу…

Осы қарапайым ережені есепке алмау опық жегізеді.

Ешқашан соңғы ақшаға бәс тікпеу керек

Спортқа бәс тігу – жоғарыда айтқанымыздай, жай ғана ермек. Ал оқта-текте ұтылу – адамның өз құмарлығы үшін төлейтін ақысы. Дегенмен мұндай ақы шектен шықпауы керек. Ал құмарлық шектен шыққанда, бұл өзіңе-өзің ие бола алмайтын жағдайға жету дегенді білдіреді. Осыдан кейін адам деструктивтік құмарлыққа беріліп, үсті-үстіне ұтыла береді.

Ал соңғы ақшаңа бәс тігу – құрдымға құлау. Өзіңізге шығын келмейтін соманы ғана бәске жұмсау керек. Сондай-ақ отбасының қолайлы өмір сүруі үшін жұмсалатын ақшаға бәс тігуге мүлде болмайды. Бала, ата-ана, басқа да жақындарыңыз сіздің спортқа болжам жасауға деген ермегіңізден зардап шекпесін. Ұтысқа ұмтылу – отбасыңызды ақшасыз қалдыруға сылтау бола алмайды.

Кейде адам үй-ішіне білдірмей, ойын үшін біреуден қарыз алады. Бұл да дұрыс емес. Ежелден келе жатқан мынадай қағида бар: қарызға алған ақшана бәс тіксе, міндетті түрде жеңілесің. Аса қажет жағдайда ғана, мәселен, тамаққа, киімге, жақыныңа дәрі алу үшін немесе отбасыңда қиын жағдай болғанда қарыз алуға болады. Ал ойын мен бәс тігу – мүлде басқа. Қарызға алған ақшаны бәске, ойынға салған адам өзінің қаржылық түйіндерін көбейте түседі.

Талдау – дәлме-дәл болжамның өзегі

Беттинг – рулеткада ойнау емес. Кездейсоқ ұтыс болмайды, ол білімге байланысты.
Спорт болжамының дұрыс келуі – білім, сонымен бірге белгілі ақпаратты мұқият талдау. Бәрін де ескеру керек. Спортшылардың қазіргі жай-күйі қандай? Матч өз алаңында өте ме, сыртта ма? Командалардың негізгі және қосалқы құрамы туралы білесіз бе? Екі жақтан қандай мықты немесе әлсіз спортшылар алаңға шығарылуы мүмкін? Шабуылшы, қақпашы, қорғаушылардың деңгейі қандай? Осы ойында қазылық жасайтындар туралы не білесіз? Ауа райы сіз бәс тігетін команданың ойынына әсер ете ме? Ондаған сауал, соның бәріне жауап беру керек. Оған қоса, ағымдағы чемпионаттың турнир кестесін зерттеу, алдағы кездесудегі командалардың жеңісі мен жеңілісі туралы мағлұматты білу. Матч немесе жекпе-жектің нәтижесіне әсер ететін кез келген фактордың ескерусіз қалуы бәс тігуде сан соқтыруы мүмкін. Әрине, әрдайым нәтижені тап басып айта алмайсың, Өйткені кейде аяқ астынан болатын оқыс факторлар шығуы мүмкін. Дегенмен спорт болжамында барлық жәйтті барынша қамтуға тырысу керек.

Бірақ болжамыңыз дәл келсе де, қателессеңіз де бұлжымайтын қағида: ұтысқа жету мақсат емес. Ұтылыс көңілді жабырқатпасын. Беттингке психологиялық көзқарастың дұрыс болуы маңызды. Онда адам өзін-өзі ұстайды, ұтса да, ұтылса да, жаңсақ қадамға бармайды. Ал егер оған шамаңыз жетпесе, ұстамсыздық танытсаңыз, ең басты мақсатыңыз ұту болса, онда спортқа бәс тігуге жоламаған дұрыс шығар?

Айдос Құсайынұлы

17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия
13 қараша, 15:06
Шымкентте жол-көлік инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүріп жатыр