
Алматыда 15 адамның өмірін алып кеткен ұшақ апатынан алматылық журналист Дана Круглова да көз жұмған деп хабарлайды NUR.KZ.
Informburo.kz порталы редакторының өлімі туралы басылым сайты мәлімдеді. Қайғылы ақпаратқа қатысты бас редактор Михаил Дорофеев пікір білдірді.
«Ол нағыз журналист еді. Мақалалары үнемі талқыға түсіп, редакцияның бар қызметкерлеріне үлгі болып жүретін. Қаңтар айында шығарушы редактор болып, 1 желтоқсан күні журналистік зерттеу бөлімін басқарды. Ол адал, өжет әрі объективті еді. Бұл біз үшін орны толмас қаза», — делінген хабарламада.
Дана Круглова 1984 жылдың 8 сәуірінде дүниеге келген. Ол Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Informburo.kz порталында 2016 жылдан бастап жұмыс істеген.
Марқұм Алматыда жұмыс бабы бойынша кездесулері болса да, жаңа жылды Нұр-Сұлтан қаласында ата-анасымен қарсы алғысы келіп, елордаға ұшқан.