jasqazaq.kz

Ұрпақ тәрбиесіне үлес қосар кезекті кітап жарық көрді

23 желтоқсан 2021, 12:34


2021 жылдың 22 желтоқсанында Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының кітапханасында «Өнертану» факультеті «Бейнелеу өнер тарихы мен теориясы» кафедрасының аға оқытушысы, өнертану магистрі Ләйлә Әбдіғаниқызы Кенжебаева мен Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университеті Қытай және Азия Тынық мұхиты аймағының тілі мен аудармасы кафедрасының профессоры Аида Әбдіғаниқызы Кенжебаеваның «Шығыс халықтарының мифологиясы, аңыздары мен ертегілері» атты хрестоматиясының» тұсау кесері болып өтті. Іс-шараны «Өнертану» факультеті мен кітапхана ұжымы бірлесіп ұйымдатырды. Тұсау кесерге Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университеті мен Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Берілген еңбекте қазақ, қытай, жапон, корей халықтарының әйел тематикасына қатысты мифтері мен аңыздары, ертегілері топтастырылған. Бұл еңбек жоғарғы оқу орындарының Филология, Өнертану, Шығыстану факультеттерінде «Қазақ филологиясы», «Шетел филологиясы», «Өнертанушы» мамандықтарының студенттері үшін өтілетін «Оқытылатын тіл елінің әдебиеті», «Қазақ әдебиеті», «Шығыс мифологиясы», «Ежелгі дәуір шығыс әдебиеті», «Шығыс әдебиеттануына кіріспе», «Өнердегі мифология» пәндеріне және арнаулы курстарда көмекші құрал ретінде кеңінен пайдалануға болады. Хрестоматияда жинақталған әйел тақырыбына арналған мифтер мен аңыз-ертегілер сондай-ақ Шығыс халықтарының мифтері мен аңыздарының өзіндік ерекшеліктерін зерттеп жүрген филологтар, философтар мен фольклортанушылар, суретшілер, өнертанушылар, әлеуметтанушылар мен мәдениеттанушылар мен этнограф ғалымдар үшін құнды дерек көзі болады деген үміттеміз.

Аңыздар мен мифтер, ертегілер — халық даналығының қайнар бұлағы болып табылады. Мифтер мен аңыздар, ертегілер халықтың ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа мұра ғып қалдырған ауыз әдебиетінің бай қазынасы, баға жетпес асыл мұрасы. Әрқандай ұлттың әдебиеті міндетті түрде осы миф-аңыздар мен ертегілерден бастау алады. Олар әдебиеттің іргетасы іспеттес. Осы мол дүниеден бұл хрестоматияда шығыс халықтарының (қазақ, қытай, корей, жапон) кең тараған мифтері мен аңыздары, ертегілері енгізіліп отыр. Еңбектің жаңалығы ретінде – мұнда тек әйел тақырыбына арналған мифтер, аңыз-ертегілер топтастырылғанын, сондай-ақ Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Талдыбұлақ ауылының тұрғындары — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, филолог Жылқыбекова Күлімхан Жүнісқызы, Мырзақұлқызы Бүбіғайша аналардың аузынан жазылып алынған, осы күнге дейін ешқандай жерде жарияланбаған, Талдыбұлақ ауылының шежіресіне айналған соны әрі жаңа қазақ аңыздары мен ертегілерінің алғаш рет жұртшылыққа ұсынылып отырғанын атап өткісіз келеді. Бұл жинақта тек әйел тақырыбына байланысты жазылған мифтер, аңыздар мен ертегілер жинақталған. Себебі мифтер мен аңыз-ертегілердегі әйелдер бейнесі арнайы зерттеуді қажет ететін салмақты дүние. Әйелдер бейнесінің ең алғашқы үлгілері де дәл осы мифтерден, аңыздар мен ертегілерден бастау алады. Көне замандағы шығыс мифологиясында әйелдерді жебеп, демеп жүретін аналар символдық бейнеге көтерілген, олар өмір сыйлаушы, әрі ошақтың киесі ретінде әспеттеледі. Әйелдер бейнесі аңыздар мен ертегілерде әр қырынан алып сипатталады, бірде зұлым күш иелері ретінде суреттелсе, бірде қайырымдылық пен сұлулық символы ретінде сипатталады. Әйел – сыртқы нәзіктігінің ар жағында болаттай берік болмыс жатыр.

Қазақ фольклоры мен этногарфиясын саяхатшылар мен фольклортанушылар ХVIII ғасырдың бірінші жартысынан бастап жинай бастаған. Халық даналығынан көп ақпарат беретін аңыздар мен ертегілердің көркемдік қрылымы әркез зерттеушілердің қызығушылығын туғызып келген болатын. Ал мифтік бейнелер туралы ақпарат пен жазбалар түгелімен келіп жеткен жоқ, өте аз сақталған. Қазіргі таңда ғалымдарымыз мифтер мен ертегілер, аңыздар туралы материалдарды тал-талдап отырып жинастыруда. Мифтердің толықанды сақталып, қолға жетпей қалғанына қарамастан, ғарыштық, топонимикалық, антропогоникалық мифтердің біразы сақталып қалды. Біз бұл еңбегімізде мифтер мен аңыздарда және ертегілерде орталық орын алатын әйелдер бейнесін өзге халықтардың мифоллгоиясындағы, аңыздары мен ертегілеріндегі әйелдер бейнесімен салыстыра отырып зерттеп, зерделеумен шектелдік, яғни еңбегімізде тек әйел тақырыбына арналған мифтер, аңыздар мен ертегілер жайында сөз қозғалды.

Әйел — бұл шөл даладағы гүл, мөлдір бұлақтағы су, алмас қылыштай берік, ақылдың алтын діңгегі секілді. Әлемнің көркі болған әйелдер сөздері мірдің оғындай өткір. Сөйте тұра әйел есімдері ежелгі фольклорлық туындыларда кеңінен кездеседі, қазақ әдебиетінде мысалы, «Ай астындағы Айбарша», «Ай бетіндегі жетім қыз», «Күн астындағы Күнекей», «Кәлкен ару», «Балқаш ару туралы аңыз» т.б., болса, қытай әдебиетінде: «Нүйуаның аспан тесігін жамауы», «Чаң Ының айға қашуы», «Мың-дзяңнүй туралы аңыз», «Луңму туралы аңыз», «Су нүй туралы миф», жапон әдебиетінде: «Қар ханымы Юки-онна», «Түлкі ару», «Тау қожайыны ямамба», корей ертегілерінде «Жесір қамалы», «Қайырымды қыз», «Анан ару туралы аңыз» т.б. ертегілер мен аңыздардан-ақ әйелдер бейнесінің қаншалықты салмақты орын алатынын байқауға болады.
Қандай да болмасын халықтарда әйел есімдеріне қатысты аңыздар мен әңгімелер де молынан кездеседі. Мысалы, тек бір ғана қазақ әдебиетін алатын болсақ, олар — Қырыққыз, Қатынқамал, Келіншектау, Ақбикеш, Аягөз, Қостанай, т.б. Қытай әдебиетінде — Бұл аңызға айналған атаулардың көбісі Шығыс аруларының сұлулығын, парасаттылығын, сабырлығын, даналығын ержүректігін, батырлығын паш етеді. Дегенмен, мұнда әйелдердің жағымсыз бейнелері – жезтырнақ, албасты, жалмауыз кемпір, мыстан кемпір, перілер мен құбыжықтар, екайлар, ямамбалар, су перілері (Ино, Хэне) мен сиқыршы әйелдер де кеңінен кездеседі.

Әйел – жер бетіндегі тіршіліктің бастауы, әдемілік пен сұлулықтың символы. Қай кезде болмасын әйел әлемі ең алдымен отбасы, шаңырақ ынтымағын сақтаушы, ұрпаққа өмір сыйлап, аялап тәрбиелеу, ұлт құндылықтарын бойына сіңіруден басталады. Әйелдердің ең алғашқы бейнелерін осы мифтерден, ертегі аңыздардан көруге болады. Ең өкініштісі, қазақ мифологиясындағы әйелдер бейнесінің осы күнге дейін жүйелі түрде зерттелмеуі көңіл қынжылтады. Біздің фольклорымызда, мифологиямызда, ауыз әдебиетімізде, ертегілерімізде әлем мифтері мен ертегілеріндегі кейіпкерлерінен артық болмаса, кем түспейтін түрлі кейіпкеріміз бар еді. Алайда біз олардың бірін білсек, бірін білмейміз. Мәселен, қазақ фольклорында Еркілік, Иек, Жексұрын, Тайран, Кербез, Манту, Томпақ, Кеще, Әжине, Малғұн, Мекер, Күлдіргіш, Айна, Пері, Жезтырнақ, Обыр, Кісікиік, Кесір, Елті, Албасты, Үббе, Жік, Зарап, Алдашы секілді тылсым күштеріміз толып жатыр. Олардың біз тіпті атын естіп білмегенбіз. Біздің кемшілігіміз — соларды Marvel Comics компаниясының мықтылары сияқты әлемге таныта алмадық. Marvel кейіпкерлері, тек бір ғана мысал келтірсек — бірнеше буынның сүйікті кейіпкерлеріне айналған Өрмекші адам, Қара жесір бара-бара видеоойындардың кейіпкеріне айналып шыға келді. Мәселен, Шарль Перроның «Ұйқыдағы ару» атты ертегісінен алынған Малифисента (қатыгез сиқыршы әйел) кейіпкеріне арналған «Малифисента», жапон аңыздарындағы орталық бейнеге арналған Юкионна туралы түсірілген «Қар әйел», Н.Гогольдың «Вий» атты шығармасының желісімен түсірілген «Вийдің оралуы» көркем фильмдеріндегі Малифисента, Панночка, су перілері, Юкионна, мыстан секілді тылсым күштің есімдері біздің көрермендердің ыстық ықыласына бөленгеніне біршама ұзақ уақыт болды. Мұнда біз сол фольклорлық бейнелерді насихаттау процесі белсенді түрде жүріп жатқанын байқай аламыз. Бұл секілді бейнелер қазақ аңыз, ертегілерінде өте көп. Бірақ, ең өкініштісі, бірі де экранизацияланғен емес. Біздің фольклорлық кейіпкерлерімізді әлемге таныту ісі өте төменгі деңгейде қалды. Әлем тұрмақ, халқымыз өзінің тамырынан өзі ажырап кетті емес пе? Ендігі жерде қазақ мифтеріндегі, аңыздарындағы, ертегілеріндегі әйелдер бейнесін, кейіпкерлерді әлі де болса жинап алуға күш салу керек. Қазіргі таңда қазақ оқырмандарына әлі де бейтаныс бейнелер, тың материалдар өте көп. Жер жерге, әсіресе, таулы-тасты аймақтарға осындай мол материалдарды зерттеп, жинау үшін арнайы экспедициялар жіберу қажет. Біздің қолымыздағы мәтіндер – теңіздің бір ғана тамшысы сияқты. Қазіргі кезде мифті, аңыздар мен ертегілерді жеделдетіп жинап, зерттеу ісін тезірек қолға алмаса кеш болады. Өйткені байырғы мифтер ұмытылып барады. Оларды білетін көне көз қарттар қатары да уақыт өтіп сиреп барады. Мифі жоқ халық болмайды. Мифтер мен аңыздар арқылы бүтін бір халықтың рухани келбетін, тыныс-тіршілігін, керек десеңіз менталитетін көруге болады.

Хрестоматияның ұстанымдарына сәйкес, кітап қосымшасына: оқулыққа енген мәтіндерге түсініктеме, миф, аңыз және ертегілер мәтіндерін жинаушылар мен жариялаушылар туралы мәлімет, шартты қысқартулар, пайдаланылған әдебиеттер, мұрағат және қолжазба қорлары және авторлар туралы мәліметтер енді.

Біздің алдағы міндетіміз – келешек ұрпақ үшін осы асыл қазыналарымызды тұнығын бұзбай сол қалпында қағаз бетіне түсіріп қалу әрі кеңінен насихаттау. Бұл еңбекте біз алғаш рет қазақ мифтері мен ертегілерін, аңыздарын қытай жапон, корей халықтарының мифтері мен аңыздарымен, ертегілерімен салыстыра отырып, жинақтап беріп отырмыз. Аталған еңбекті құрастыру барысында өзінің құнды пікірлерін білдірген М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты, доцент П.Т.Әуесбаева ханымға, сондай-ақ аңыздар мен ертегілердің иллюстрациясын жасауда көмек берген Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университеті Шығыстану факультетінің Шығыс филологиясы мамандығының 3 кус студенттері Жәния Тәжібаева, Ли Мария, Хит Юрий, Шығыс филологиясы мамандығының 4 курс студенттері Атина Мусирова, Ким Виктория, Әсем Сатмаганбетова, Алматы қаласындағы М.Мақатаев атындағы мектеп гимназиясының 11 В сынып оқушысы Ақыпбек Ақнұр, 10 В сынып оқушысы Аман Нұрай, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Талдыбұлақ орта мектебінің 7 «Ә» сынып оқушысы Әбдіғани Айару, Есік қаласы «Мейірімді періште» мектеп-гимназиясының 4 «В» сынып оқушысы Әбдіғани Әкежанға және осы күнге дейін ешқайда жарық көрмеген аңыздар мен ертегілердің мәтіндерін халық арасынан жинастырып сақтап, бізге тапсырған анамыз – Күлімхан Жүнісқызы Жылқыбековаға шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді.

Кітаптың тағы бір құдылығы – болашақ ұрпаққа ұлттық тәлім тәрбие беруде салмақты роль атқаратынында, сондай-ақ қазақ тіліне алғаш рет аударылған корей, жапон, қытай ертегілері мен аңыздары, мифтері, халық арасына жариялана қоймаған, ел арасына тараған қазақ аңыздарығ ертегілері алғаш рет жариялануында, Технологияның қарқынды дамыған заманында өскелең ұрпақтың әсіресе өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда ертегігер мен аңыздардың алатын үлесі өте салмақты.

Өнертанушы Кенжебаева Ләйлә Әбдіғаниқызы

17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия
13 қараша, 15:06
Шымкентте жол-көлік инфрақұрылымын дамыту қарқынды жүріп жатыр