Ұлыс күні – ұлттың рухын оятатын мереке

26 наурыз 2021, 11:06

Наурыз мейрамы қалай тойлануы керек? Григориан күнтізбесі бойынша 31 желтоқсанға әзірлік қазанның соңын ала, қараша туа басталып кететіні жасырын емес. Қазақ үшін қасиетті тұғыр – Тәуелсіздік күні 31 желтоқсанның көлеңкесінде қалып қоятыны тағы ақиқат.

Бесігімізді түзеу үшін ұлттық құндылықтың құнын қайта көтеруге тиіспіз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында наурыз мейрамын 14 наурыз көрісу күнінен бастап, 23 наурыз – жоралғы күніне дейін он күн межеде мерекелеудің тұжырымдамасын жасауды ұсынған болатын. Парсы тілінен аударғанда жаңа күн деген мағына үстейтін ұлыс күнін өз биігіне қалай шығарамыз? Біз мұны белгілі этнограф, жазушы Болат Бопайұлынан сұрадық.

«Мен аяз ата мен ақшақарға айналатындарға қарап айтамын, сендерді 31 желтоқсанда, мені 22 наурызда іздейді халық. Әсіресе, журналистер әз Наурыз жақындағанда жамырай хабарласады. Аузым көпіріп, ұлық мереке туралы білгенімді айтамын, ақы алмаймын, ал аяз ата мен ақша қарлар ақшаға көміледі» деді әзілге теліп.

 Jas qazaq: Болат аға, сауалымызды наурыз мерекесін жалпыхалықтық мерекеге қалай айналдыра аламыз дегеннен бастасақ. «Қазақта көрісу күні болмаған, амал мерекесі бар» деген пікір де қоғамда алабөтен талқыға түсіп келеді.

Б.Бопайұлы: 1930 жылдардағы Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялыларының жазған еңбектерінде де наурыз деген парсы тілінен аударғанда жаңа күн, жаңару, жаңғыру дегенді білдіретіндігі жазылған.

Ислам ғылым халындағы рауаятта Нұх пайғамбардың кемесі біздің Қазығұрт тауында, енді бір аңызда Араб еліндегі Жидда тауына тоқтаған дейді. Топан суды Алланың әмірімен қара жер сіңіріп алған деседі. Сол сәттен бастап көктен жауған жаңбыр тиылып, жер бетінде жаңа өмір басталған дейді. Нұх пайғамбардың артынан ерген қауым үй орнындай Тайқазанға жеті түрлі дән салып, тілеу көже жасап, Аллаға жалбарынып, мейірім-шапағат тілеп, тәубесіне келген. Топан су басқанда балшық, тас, топырақ бітеп қалған бұлақ көздерін аршып, су арнасын тазалап, басқа да ізгі амалдар жасаған. Кемеде қалған бидайды үнемдеп пайдаланған дейді.

Jas qazaq: Қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков «Наурыз күні жұрттың бәрінің көңілі көтеріңкі, кездескен көрші-қолаңға иіле сәлем беріп, игі ниетін білдіретін, бір-біріне пәле-жаладан аулақ болуды тілесетін. Жұрт жаңа да таза киінуге тырысатын.

Басқа ойын-сауық, кәде-жоралғыларға байланысты әзіл-қалжың, тамаша өз қызығымен өзі өтіп жататын. Ал бүгінгі Наурыздан біздің көретініміз – лек-лек болып теңселіп жүрген көпшілік…» деп жазады «Ұлыстың ұлы күні» еңбегінде. Әсіресе, қалалық жерде біз Наурыз мерекесін әкімдіктің бас болуымен өтетін шараларды тамашалап, сатуға пісірген көженің бір кесесін пұлдап ішіп, құр қыдырып қайту деп ұғынып жүрген секілдіміз.

Б.Бопайұлы: Жалпы жаңаруды, тіршілік атаулының оянатын, серпілетін наурыз күнін адамзат баласы ғана емес, ұшқан құс пен жүгірген аң, төрт түлік мал, судағы балық та сезеді.
21 наурыздан 22-не ауған түні күн мен түн теңеледі, жерді жапқан сірі қардың көбесі сөгіліп, тоң жібіп, өсімдік атаулының тамырына нәр барып, бойын көтереді. Аспандағы жұлдыздар да күндегісінен өзгеше сәуле шашып, реңк береді. Жаңа адамзат баласынан өзге тіршілік иелері де жаңа күннің келгенін, жылдың басы жеткенін сезінеді дедім ғой.

Jas qazaq: Иә.

Б.Бопайұлы: 21 наурыз түнгі он екіден кейін 22-не аумай ма. Міне, осы сәт жақындап, 22 наурыздың кіруіне сүт пісірім мерзім қалғанда өзен-көлдегі, мұхит пен теңіздегі балықтар қозғалмай бір орында тұрып қалады екен, күн мен түн теңеліп, уақыт бір нүктенің бойынан көрінгенде шоршып түсіп, жаңа күнге тағзым ететін көрінеді. Балықтың осындай қасиетін білетін ирандықтар наурыз мерекесіне арнап жайған дастарханына міндетті түрде балық өнімін қояды. Сыйлы, қадірлі мейманы есігінің алдына ат байласа, міндетті түрде бас табағына балық салып таратады.

Күн мен түн теңелген сәтте қорадағы төрт түлік малдың ішінде күйіс қайыратыны күйісін кілт доғарып, іркіледі, құстар ұясынан тұрып, басын көтеріп құрмет көрсетеді, індегі жан-жануар да жер бетіне шығып, жаңа күнге ықыласын білдірген.

Осындай тіршілік атаулының құрметі ерекше артқан мейрамды жалпыхалықтық мерекеге айналдыра алмай келе жатқанымызға жетпіс жыл бойы арқамызды жауыр еткен бодандықтың да тигізген зауалы ерекше.

«Самарқанның көк тасы» қайда?

Jas qazaq: «Самарқанның көк тасы жібіді» дейміз осы наурыз мерекесінде. Осы көк тас қай тас?

Б.Бопайұлы: Бұл аңызды басқаша тарқататындар да бар. Өзбекстанның Самарқан қаласындағы мешіттердің төбесіндегі қар еріп, буы бұрқырай аспанға көтерілгенді осы «Самарқанның көк тасы жібіді» деп айтушылар көп. Шынтуайтында, қазақ аңызындағы көк тас ол емес. Сақ, ғүн дәуірінде ме, тіпті одан бұрынғы кезеңде ме екен, Самарқан деген әжеміз болыпты. Ұршығымен жіп иіріп отырып, күннің қызуынан жіпсіген маңдайын сүртіп, ұршығын көк тасқа тірей тұруға ұмсынғанда, ұршығы тасқа кіріп кетіпті. «Көк тас жібіген екен ғой, тіршіліктің оянатын шағы туыпты, тілеу көже әзірлеңдер» деп қуанған дейді. Содан бастап жыл сайын көк тасқа таяғын сұғып көреді екен, көк тас жібісе, бәрі қуанысып, көже пісіріп, көпшілік мереке, думанға айналдырған.

Наурыз мерекесі – алты құрлықтағы 50-ден аса ұлтқа ортақ мереке. Қазақ үшін бұл елдігімізді танып-түстейтін, ұлттық құндылығымызды әспеттейтін мейрам деп есептеймін.

Қазақтар ертеде Наурыз мерекесін уыз мерекесі деп те атаған. Өйткені күн мен түн теңелгеннен бастап аспандағы ай да уыздай болып толады, адам баласының көңілі де уыздай болады. «Уызына жарымаған қозы марқа емес маңқа» деген қазақ уызына жарып ембеген бала жылауық келеді, генетикалық дамуы мешеу, әлжуаз болады дейді.

Ертеден қазақтар амал мерекесін наурыздың 14-нен бастап сәуірдің 10-на дейінгі аралықта бір айға жуық тойлаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында наурыз мерекесін он күн тойлаудың бағдарламасын түзуді тапсырды. Өте оңды ұсыныс.

Көрісу күнін батыс облыстардағы ағайындар ерекше күтіп, әспеттеп мерекелейді. Бес қонақ дейтін амал кіреді. Көрісу күнінде жер астындағы тіршілік атаулы көзін ашып, өсуге беттейді де, көк тебіндеп шыға бастайды. Осы амал мерекесінен бастап жаңа жылға деген дайындық қызу жүреді. Қыстай жиналған ескі-құсқы заттар, киім-кешек, жүн-жұрқаның барлығы өртеліп, көктеуге көшкен ел үйін жаңалап, жаңғыртып, ескімен қоштасып, жаңамен қауышады. Күздің қара суығына ұрындырмай сойып алған соғымынан ұзынсарыға деп сақтаған сыбағалы етін қазанға салып, қоржындағы тәттісін дастарханға төгеді. Араздасқан ағайын болса, күн мен түн теңелгенге дейін төс түйістіріп татуласады, қарыз алған адам қарызын қайтарады. Себебі жаңа жылды қарызбен бастаса, жыл біткенше қарызға бата береді деп ырымдаған.

Үлкендер бір-бірін құшақтап көрісіп, кішілер ізетін байқатып, ақсақалдар батасын беріп, балалар түрлі ойындарын өткізген. Қазыналы қарттардың иықтарына оқалы шапан жабылып, құдандалы болғандар ат мініскен. Сыңсуына сырғасының сыңғыры жамалып, төркінін қимай ұзатылған бойжеткеннің тоғыздан айдатқан қалың малы түйдектей шаң көтерген. Балуандары білегін түрініп белдесуге шықса, қыз-жігіттер түрлі ойын-сауық құрып, алтыбақан тебіскен.

Жеткіншектер айдарынан жел есіп, күн шуақта асық ойнаған. Жал-құйрығы күзелген асауын бастықтырып, тоқымдап қана мінген балалар тай жарысына түскен. Табан майы ішегін керіп, бұлтия сорпа бетіне шыққан қазы-қарта, қыстан қалған соғымның сүрі дара асылып, жемдеудің арқасында қоңын бермеген құнан қойдың еті де қоса қазанға түсіп, бауырсақ пісіріліп, думанды сауық басылмаған. Біз осындай ұлттық құндылығымыздың нақышын кемітіп алдық. Соның орнын енді замана талабына сай лайықтап толықтырып, жаңғыртуымыз керек.

Jas qazaq: Қолданыстағы күнтізбе бойынша, жаңа жыл мерекесі қарсаңында қарағайды, шыршаны жығып әкеп орнату үрдіске айналғаны сондай, шыршаны безендірмесек, жыл кірмейтіндей күй кешеміз. Ал әз Наурызда, керісінше, жер көбесі сөгілген өңірлерде ағаш егу, тал отырғызу амалдары атқарылады емес пе?

Б.Бопайұлы: Өмірден өткен адамдардың әруағына бағыштап құран оқу, сұраусыз, іздеусіз кеткендердің артынан дұға тілеу, бұлақ көзін ашу, атыз, арықтарды тазарту секілді қоғамдық жұмыстарды бірлесіп атқарады. Наурыз – кешірім айы, шүкіршілік мерзімі, тәубеге ұйытын кезең. Сондықтан да адам баласының жаны да тәні де тазарып, рухани, имани дәрежесі артады. Жаңа да айттым ғой, кеңес өкіметінің құрсауында өткізген жетпіс жылда біздің ұлттық құндылықтарымызды ойып-ойып ойымыздан шығарып, санамыздан сылып тастады. Сол себепті де бізге бүгінде табиғаттың тіршілігіне залал келтіріп, аста-төк дастарханға қойылған ащы суға мастанып алып, майып болатындардың әрекеті қалыпты жәйт саналып келеді.
Наурыз мерекесі қарсаңында босағасын ақтап-сырлайтын қазекем үлкен дайындықпен күткен. Біз сол үрдісті бүгінгі заманға лайықтап, жүйелеп алуымыз керек. Президенттің он күн мерекелеу туралы бастама көтеруі тегіннен емес. Түсіне білген адамға бұл үлкен серпін беріп, қозғау салуы тиіс.

Jas qazaq: Әз амалы кіреді деп те жатамыз. Осыған да тоқтала кетсеңіз.

Б.Бопайұлы: Күн мен түн теңелгенде әз амалы кіреді деп сенген. Әз амалы кіргенде көктен ерекше әуезді дауыс естіледі екен. Оны төрт түліктің ішінде тек қой ғана естиді екен. Неге десеңіз, осы дыбысты естіген адамның маңдайының бағы бес елі болады, жеті ұрпағына дейін бақытқа кенеліп, байлыққа малынады деп сенген. Сонымен бірге Наурыз мейрамы кезінде Қызыр ата аралайды. Қызыр ата тоқтаған үйдің байлығы еселенеді, ал енді ауылды айнала аралап өтсе, сол ауылдың ынтымақ-берекесі нығая түседі деп сенген. Көк ырыс – жеміс-жидек, қызыл ырыс – ет өнімдері, ақ ырыс – сүт, айран, қымыз-қымыран, құрт-май, дақыл ырыс – нан, бауырсақ секілді сан түрлі ырыстан тағам әзірлеп, дастарханды жайнатып қоятын. Жеті, болмаса тоғыз, он дәмнен тілеу көже пісірген. Оны тайқазанға қайнатқан. Жаугершіліктен оралған жауынгерлердің жебелерінің ұшындағы темірінен соғылған тайқазанға атан түйе, атан өгіз, ақсарбас қой, көк қасқа тай сойып, елді береке-бірлікке шақырып, ас берген.

Соғымнан қалған сүр еттің арасына амалдың басын бүтіндей қосып асады. Бүгіндегідей шекені бөліп тастамаған. Бүтіндей асылған бастың құйқалы етінен ағайын-туысы, көрші-қолаңы, құда-жегжаты, жора-жолдастары да ауыз тиіп, тілеу көже ішкен. Басты жеке мұжыған адам жұртынан жырылып жалғыз қалып қояды деп ырымдаған.

Jas qazaq: Президент наурызды тойлау тұжырымдамасы елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, ұлттық бірегейлікті сақтауға, отбасылық құндылықты арттырып, қоршаған ортаға деген құрметімізді көрсетуі тиістігін айтты емес пе?

Б.Бопайұлы: Былтыр да, биыл да жер жүзін әлі де құрсаулап тұрған пандемияның кесірінен Наурыз жалпыхалықтық сипатта тойланған жоқ. Президент айтқан тұжырымдама қазақтың ұлттық құндылығын өзгелерге паш ететін, танытатын, өнерін ұлықтайтын, тарихын түгендейтін, берекесін бүтіндейтін құжат болуы керек.

Алла жазса, келер жылы Наурыз мерекесін ел болып алқалап өткізетін сәт туар. Біз ұлық мейрамымызды өз тұғырына қайта қондыруға күш салғанымыз абзал. Наурызды атап өту мекемелердің киіз үй тігіп, сахнаны құрып саңқылдатып ән айтқызып, көже пісіріп, сатушыларға базар жасап берумен шектеліп қалғаны өкінішті. Әсіресе, бұл қалалық жерлерде. Ауыл-аймақта дәстүрдің ұшқыны әлі де бар. Ұлттың жан-дүниесі, рухы наурыз болғандықтан, ұлықтауға тиістіміз. Бүгінгінің бозбаласы да, түбіт мұрт жігіт-желеңі де көптің алдында ғашығына тізерлеп отырып гүл ұсынып, «тұрмысқа шық» деп ұсыныс айтады. Қай атаңнан қалған салт бұл? Қазақ ешқашан тізерлемеген, еркектің басы тек Алланың алдында ғана иілуі керек. Сондай іске баратын жастар наурызда сүйіктісіне «селт еткізер» тартулап, келешекте арқа сүйер азаматы болар сүйгеніне қыздар қауымы сергек жүрсін деп «ұйқы ашар» әзірлеп, жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылғаны жөн. Қары еріп, тоңы жібіген аймақтарда бастау-бұлақтардың көзі ашылып, арнасы кеңейсе, саябақтар мен алқаптарға ағаш көшеттері егілуі керек. Күндіз алтыбақан құрылып, кешкілік жігіт-желең қыз-қырқынмен бірге қиқу салып, қырда думан құрса, жеті түрлі дәмнен көже әзірлеп, қазан көтеріп, ұлттық ойындар ұлықталуы тиіс.

Jas qazaq: Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш Әлмерек,
Алматы қаласы

Бүгін, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
Бүгін, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады