
Ұлыбритания ғалымдары коронавирусқа қарсы ойлап тапқан вакцина сынақтан сәтті өтті. Зерттеу нәтижесі бойынша екпенің қауіпті кеселді жеңе алатын қауқары бар екені дәлелденген. Осы орайда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мемлекет басшыларын індетке қарсы күресте жұдырықтай жұмылып, емдеу жолдарын бір ізге қоюды сұрайды. Ал төрткүл әлемде індетке шалдыққандардың саны 15 миллионға жуықтады. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Ұлыбритания ғалымдары дайындаған вакцина клиникалық сынақтан сәтті өтті. Зерттеуге мыңнан астам адам қатысып, екпенің Covid-19-бен күресуге қауқары бар антиденелер шығара алатындығы дәлелденген. Алайда мамандар коронавирусты жеңе алатын дәрі ойлап таптық деп жар салуға әлі ерте дейді.
Майк Райан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі:
-Бұл вакцина ұзақ зерттеуді қажет етеді. Алғашқы сынақ көңілімізден шықты. Екпені ағза өте жақсы қабылдады. Енді әлемдік ғалымдармен ақылдасып, ауқымды медициналық шараларға көшкен жөн.
Дерт қазір АҚШ-тан кейін Латын Америкасында өршіп тұр. Бұл құрлықта күніне мыңдаған адам бақилық болып жатыр. Әсіресе Бразилияда коронавирустың құрығына 2 миллионнан астам адам іліккен. Ал вирустан көз жұмғандар саны 79 мыңнан асып жығылды. Кәріқұрлықта да жағдай мәз емес. Осы ретте Еуроодаққа мүше елдер пандемиядан кейінгі экономиканы қайта қалпына келтіруге 750 миллиард еуро бөлмек.
Эммануэль Макрон, Франция президенті:
-Біз экономиканы қолдау мақсатында бірқатар жобаларды іске асырамыз. Енді бұл қаражатты тиімді үлестіріп, құрдымға кеткен компанияларды қолдаймыз. Ең бастысы, пандемиядан көбірек зардап шеккен елдерге берілетін грант пен қарыз көлемінің ара салмағын бекіту керек.
Әлемде аты ковид-19-ға душар болғандар күннен-күнге артып, 15 миллионға жуықтады. Кесел құрбандарының саны 600 мыңнан асса, 8 миллион адам вирусты жеңіп шыққан.