jasqazaq.kz

Ұлы даланың дана тұлғалары

05 сәуiр 2019, 10:14

Ұлы даланың көпғасырлық тарихындағы – сақ ғұн, түркі дәуірлеріндегі ұлыстардың, мемлекеттік құрылымдардың қалыптасуында, дамуында басқарушы билік иелерінің де, қарапайым халықтың да біртұтас бірлігін нығайту қызметін атқарған тұлғалар – билер мен шешендер.

Әлем өркениеті тарихындағы бес құрлықтағы халықтардың бәрінде де билік иелері мен қарапайым халықтың саяси-әлеуметтік, қоғамдық-тұрмыстық мәселелерінің тиянақты шешілуінде мемлекетшіл тұлғалар ықпалды орын алған. Адамдар арасындағы татулықтың, бірліктің нығаюында көсемдік-қайраткерлік ұстанымдары мен көркем ойлы мағыналы сөйлеу шеберліктері тұтасқан тұлғалар планетамыздың барлық құрлықтарындағы мемлекеттер тарихында тұрақты жалғасып келеді.

Қазақ өркениеті тарихындағы мемлекетшіл қайраткер билер,шешендер тұлғаларының халыққа даралана танылуында бірнеше кезеңдер байқалады. Біріншісі – қазақ тарихындағы мемлекетшіл қайраткерлік қызметтерімен халыққа алғаш танылған тұлғалар – Майқы би ( ХІІ-ХІІІ ғғ.), Жиренше шешен, Асан Қайғы (XIV-XV ғғ.). Екіншісі – Қазақ хандығы мемлекеттілігін қалыптастыру, нығайту қызметімен даралана танылған қайраткер билер, шешендер – Төле Әлібекұлы, Қазыбек Келдібекұлы, Әйтеке Бәйбекұлы және солардың дәстүріндегі қазақ даласы өңірлеріндегі билер, шешендер (XVІ- XVІІІ ғғ.). Үшіншісі – ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі билер, шешендер. Мемлекетшіл қайраткерлер қатарында би-шешен батырлар да аталады. Мысалы Шақшақ Жәнібек батыр Қошқарұлы, Абақ Жәнібек Бердәулетұлы, Сырым Датұлы, Махамбет Өтемісұлы, т.б.

Билердің-шешендердің, қайраткерлік қызметі мен сөйлеу өнеріндегі жоғары деңгейдегі шеберлігі тұтастығының болуы – оларға тән басты даралық көрсеткіші. Билік пен халық мүддесінің бір арнада тоғысуын қамтамасыз ететін билердің, шешендердің әділдігі, даналығы негізінде олардың сөздік қорында саналуан мақал-мәтелдер, қанатты сөздер мен сөз тіркестері, халықтың ауызша тарихнамалық-шежірелік деректері, сонымен бірге өздерінің суырыпсалмамен-инпровизациямен төгілген ақындық толғаулары мол болған. Әлем өркениетіндегі риторикалық және қазақ тарихындағы шешендік өнер дәстүрлерінің поэтикалық құрылымындағы үш бөлік (бастау сөз, талдау-саралау пікірсайысы, қорытынды тұжырымсөз) тұрақты қалыптасумен ерекшеленеді.

Әлемдік және отандық риторика, шешендік өнер мұраларына арналған зерттеулер (Сократ, Платон, Аристотель, Әбу Насыр әл-Фараби, Шоқан Уәлиханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Балтабай Адамбаев, т.б. еңбектері) нәтижелері негізінде Ұлы дала тарихындағы халықтық-мемлекеттік қызметтерін айқындайтын би-шешендер сөздерінің қалыптасқан жүйесін саралап бағалаймыз:

• Біріншісі – шешендік арнаулар: сәлемдесу-дидарласу арнаулары, сыншыл-әзіл мағыналы арнаулар, бата-тілек сарынды арнаулар;
• Екіншісі – шешендік толғаулар: шешендік нақыл-үгіт толғаулары, шешендік мақал-афоризм толғаулары, шешендік мысал-тұспал толғаулары, шешендік жұмбақ-тәмсіл толғаулары, шешендік сұрақ-жауап толғаулары;
• Үшіншісі – шешендік дау сөзсайыстары-пікірсайыстары: жер дауындағы пікірсайыстар, жесір дауындағы пікірсайыстар, құн дауындағы пікірсайыстар, мал-мүлік дауындағы пікірсайыстар, ар дауындағы пікірсайыстар.

Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихындағы рухани жаңғыру ұстанымы аясында Ұлы даланың тарихындағы мемлекетшіл-қайраткер, дана би-шешендерімізді әлем өркениеті кеңістігіндегі бұрыңғы-соңғы шешендік өнер иелерімен иықтас көрнекті тұлғалар қатарында бағалаймыз.

Қорыта айтқанда, мемлекетшіл қайраткерлігі, халықтың құқықтық қарым-қатынастарын реттеуші қазылық-билік иесі, сөйлеу мәдениетінің үздік шебері, ақындығы, ойшылдығы тұтасқан шығармашылық тұлғалық даралығы халық жадында жатталған билер, шешендер дәстүрі Ұла дала елінің – Қазақ елінің жаңа тарихында да дамытыла жалғасады.

Темірхан Тебегенов,
филология ғылымдарының докторы, профессор

20 қараша, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде
18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда