
Қала күніне арналған кереметтей іс-шараның бірі шаһарымыздың сүйікті демалыс орны Абай саябағында өтіп жатыр. Алдын ала іріктеуден өткен 16 отбасы «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды» анықтайтын «ОтбасыFest» байқауында бақтарын сынауда.
Қалалықтардың қуанышымен бөлісуге келген шаһарымыздың бас ұстазы Жанат Тәжиева сайыскерлердің барлығына сәттілік тілеп, жиналған қауымды Қала күнімен шын жүректен құттықтады.
– Отан – отбасынан басталады. Сондықтан мемлекет іргесі мықты болу үшін отбасы институты берік болуы тиіс. «ОтбасыFest-тің» көздеген мақсаты да осы. Орын алудан бұрын сахна төріне шығып, жұртшылыққа өнерін таныстырған, отбасы тәрбиесіндегі үлгісі мен тәжірибесін көрсетудің өзі бір бақыт. Біз үшін әлемде жоқ Шымқаладай әсем шаһар біреу ғана. Сондықтан оның дамуына, өркендеуіне үлес қосу әрбір саналы азаматтың парызы, — деді Жанат Арысбекқызы.
Байқау шарты бойынша отбасылар алдымен өздерін таныстырады. Сосын келесі сайыста өнерлерін ортаға салып жарысады. Соңғы турда спорттық сайыстан жүлдеге таласады.
Жарысқа Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер және білім басқармаларының өкілдері қазылық етуде.
«ОтбасыFest» байқауында жеңіске жеткен отбасылар бағалы сыйлықтарға ие болады.
Сонымен қатар, Шымкентте Қала күніне орай «Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық жобасының мерекелік іс-шарасы өтті. Ұлттық салт-дәстүрлерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен жобаның мерекелік концерттік бағдарламасы Абай ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің орынбасары Е.Заңқоев мұндай жаңа бастамалардың жастарға берері мол екенін, тағылымды жобаларды қолдауға әркез дайын екенін жеткізді.Республикалық жобаның Шымкент қаласы бойынша филиалы биыл наурыз айында құрылған болатын. Жобаның негізін қалаушы Айнұр Жүгінісова көпшілікті қала күнімен құттықтап, авторлық әндерін тарту етті. Іс-шарада ұмыт қалған салт-дәстүрлерімізден көрініс көрсетіліп, келіннің бетін ашу, тұсаукесер және тағы басқа дәстүрлеріміз дәріптелді.
«Қазақ қыздары» ұлттық киімдерінен дефиле және балалар киімдерінің үлгісі көрсетілді. Сондай-ақ, қолөнер шеберлері мен студенттердің қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды.
Тоқтар Жақаш