Көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде пәтер жалдап тұратын алматылық зейнеткер үйінің ішінен заңсыз егу бөлмесін ашып алған. Зерделі ықшам ауданының тұрғындары «ем-дом алу үшін подъезде кезек күтіп, топырлап тұрып алатын адамдардан мезі болдық» деп шағымданды. Бұл туралы Almaty.tv хабарлады.
Әрі олар түрлі вирус жұқтырып аламыз ба деп үрейленеді. Ал жасырын емдеу бөлмесінің иесі «мен тек халыққа көмектестім» деп ақталды.
Алатау ауданында орналасқан Зерделі ықшам ауданының тұрғындары мына үйдің бірінші қабатында егу бөлмесін ашып алып, адам қабылдап жатқан пәтер барын айтып шағымданды. Заң бұзышылықтың бар-жоғын анықтау үшін жергілікті санитария мамандары мен әкімдік және полиция қызметкерлерімен бірге біз де бардық. Тұрғындар онсыз да ауру өршіп тұрған кезде есік алдына қаптап тұрып алатын адамдардан үрейленіп болдық дейді.
«Бірнеше аптадан бері подъезге кіріп-шығу мүмкін болмай кетті. Осы жерде адамдар жиналып алады. Бұл жерде бәріміз жанұямызбен тұрамыз. Кішкентай немерелеріміз бар, оларға ауру жұқса қайтеміз? Ешқандай тазалық жоқ. Бір жылдай уақыт болып қалды осылай жұмыс істейді. Ал пәтерді жалға алған», – деді қала тұрғыны Гүлбахрам Камалова.
Бастапқыда жасырынып, ішінен кілттеп алған пәтердегілер полицияның есткертуінен кейін ғана есік ашты. Тұрғындар айтқанындай-ақ, мұнда медициналық қызмет көрсетіп жатқан мейірбикелердің бары расталды. Тіпті үйдің ішінде бірнеше адам ем алып жатыр екен. Егу үшін арнайы бөлме дайындап қойған.
Көпқабатты үйдердің бірінен мынадай заңсыз түрде жұмыс істеп жатқан процедуралық кабинет табылды. Мұндағы заңсыз жұмыс істеген азаматтар күніне 30-ға жуық пациент қабылдаған.
Заңсыз қызметті қолға алған кәсіп иесі үйден табылмады. Ал адамдарға ине егіп, ем-дом жүргізіп жатқан мейірбикелердің бірі Өзбекстан азаматы Гүлсара Бегімқұлова болып шықты.
– Қазақстанда жұмыс істеуге болады деген рұқсатыңыз бар ма?
– Жоқ, ондайым жоқ. Маған тез арада мейірбике керек дегенге мен бір-екі күнге ғана шықтым.
– Сонда сіз заңсыз жұмыс істеп жатырсыз ба?
– Бірақ мен Людмила Николаевнаға айтқанда, ала берем істей бер деді ғой.
«Процедуралық кабинет рұқсатсыз жұмыс істеп жатқанымен қатар ішіне кіргенде көптеген үлкен заң бұзушылықтар анықталды. Ең бірінші бөлме-жайға өндеу, дезинфекция жасылынбайды, бактериацитная лампа қойылмайды. Медициналық қалдықтардың бәрі жәй ғана урнаға жиналып жатқанын бәріңіз көрдіңіздер», – деді Алатау ауданды Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Ақан.
Ал емдеу бөлмесінің иесі Людмила Шумилина өзінің кәсібін әлі заңдастырмағанын мойындады. «Мен тек адамдарға көмектестім» деп бәйек болған зейнеткер пәтерді де жалға алып отырғанын жасырмады.
«Қожайын маған үйден бөлек есік шығарып беремін деп айтты. Оны 5-шілдеде жасаймын деген. Бірақ мені мұндағы адамдардың бәрі біледі. Бәрі маған дәрігерлері жазып берген рецепт бойынша ине егіп бер деп сұрайды. Адамдардың басқа жерге барып емделуге жағдайы жоқ», – деді емдеу бөлмесінің иесі Людмила Шумилина.
Заңсыз деп танылған емдеу үйі әзірге жабылды. Ал шет елден келіп ешқандай құжатсыз жұмыс істеген мейірбикелер жергілікті ішкі істер басқармасына алынды. Медициналық қызметті заңдастыру үшін зейнеткерге өзін кәсіп иесі ретінде тіркеп, барлық құрылыс және санитария талаптарын орындаған кезде ғана жұмыс істеуіне болады.