
Jas qazaq редакциясына еліміздің әр аймағынан араша сұраған хаттар көптеп түсіп жатады. Өткен аптада Атырау облысы Индер ауданынан келген хатқа назар аударып, мәселенің ақ-қарасын анықтауды қолға алған едік.
Жалпы жергілікті атқарушы билікке сөзі өтпей, мәселесі жетпей жүрер тұрғындар аз емес. Билік те өз өлкесінің тұрғындарының мұң-мұқтажын бес саусақтай біліп, мән-жайды сыртқа таратпай, шешіп отыруы тиіс деп есептейміз. Алайда Атырау облысы Индер ауданының тұрғыны Моншақ Кенжеғалиева апатты жағдайдағы жатақхананың бірінде тұрып жатқанын айтып, жергілікті әкімшіліктен мардымды жауап ала алмай отырмын деп хабарласты. Осындай жәй ғана іштен тындыратын шаруаны жергілікті биліктің неге нақты нүктесін қоймағанын журналистік нысанаға алдық.
Индер ауданының ПМК аталып кеткен ықшамауданында апатты жағдайда тұрған жатақханалар бар. Қаржысы бар, жағдайы жеткендері әлдеқашан жаңа үйге көшіп алған. Жалқы жатақханада қазір бес-ақ түтін қалыпты. Бізге хабарласқан Моншақ апай: «Үй деген атауы болмаса, ішке кіргеннен ылғал, көңірсіген иіс қолқаны қабады», – дейді. Осыдан 55 жыл бұрын іргетасы қаланған жатақханада Моншақ апайдың қыздары бойжетіп, қазір құдандалы болған. «Жас кезде білінбегенмен, үлкейген сайын бір бөлменің тарлығын сезінеді екенсің. Жақсы, бір бөлме болса да, іші тап-таза, кәдімгі үй секілді жылуы болса, қуанасың ғой. Біздің жағдайымызда тіпті үйге кіргің келмейді. Жыл өткен сайын, үй емес қораға айналып барады», – дейді ол.

Әкімдікке барған сайын Моншақ апайға ешкім жөнді жауап айтпай шығарып салып жүргеніне біраз уақыт болған екен. Тендерге түседі, содан кейін ғана басқа баспанаға көшесіздер деп қана сендірген. Оның қандай тендер екенін, не себепті тапсырылмай жатқанын ешкім нақты түсіндірмеген. «Бізге ресми жауап керек! Апатты үйде қашанғы отырамыз?», – дейді кейіпкеріміз. ПМК ықшамауданында қалған бес пәтердің тұрғындарының да айтары осы.
Осы мәселемен Индер аудандық әкімдігіне хабарластық. Әкімдіктің баспасөз қызметі төмендегідей ақпарат берді:
«Индер ауданы бойынша апатты жағдайдағы көп қатарлы үйлерді кезең-кезеңмен жаңа тұрғын үйлерге көшіру жоспары жасақталды. Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін көп пәтерлі үйлердің жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, НКОК компаниясына демеушілік арқылы тұрғын үй салуға ұсыныс берілді. Қолдау болған кезде тұрғын үй құрылысы басталады.
Ағымдағы жылы «Көктем» мөлтекауданы 11 учаскеден 80 пәтерлік бір үй тұрғындарға табысталса, 48 пәтерлік төрт үйдің құрылысы аяқталды. Бұл үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аз қамтылған көпбалалы отбасылар, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін қаржыландырылып, бағдарламаға сәйкес аталған санаттар бойынша пайдалануға берілді.
М.Кенжеғалиева 2018 жылдың 18 сәуірінде тұрғын үй кезегінде «Апатты деп танылған үйлер» санаты бойынша №20 болып тіркелген. Бүгінгі күнде кезектілік саны №17 болып тұр».
Сонымен әкімдік қызметкерлері Моншақ Кенжеғалиеваның мәселесімен әуелден таныс болып шықты. Ондағылар бізге бірден Моншақ апайдың апатты деп танылған үйлер санатымен №17 болып тұрғанын айтты. «Алайда биыл апатты үйлерді емес, «көпбалалы отбасы» және «халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын» қамту үшін қаржы бөлінген. Сол себепті осы жылы индерлік апатты жатақханада тұрып жатқан тұрғындар үшін баспана қарастырылмайды. Апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындары келесі жылы ғана жаңа баспанаға көшіріледі», – деді әкімдіктегілер.
Иә, қолайлы баспана – өзекті мәселе. Қазақ халқы дәйім ағайынның жағдайын жіті бақылап, жергілікті мәселені – жеті рулы елге естіртпей, жан-жағының жоғын дер уағында түгендеп отырды емес пе? Индер ауданының билігін қолға алған азаматтар да ауыл тұрғындарының тілегін ескеріп, апатты жатақхана тұрғыны М.Кенжеғалиеваға қолдау көрсетеді деп сенеміз.
Ескерте кетейік, біз екі жақтың да өз ауыздарымен айтқан сөзін қаз-қалпында жеткіздік. Аудио, қағаз түрінде барлық фактілер бар.
Нұргүл Насыр,
Атырау облысы