
Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы басталды. Таң атпастан облыс, қала мен аудандардағы ҰБТ өтетін оқу орындарының алды ақ бантик тағып, қолына қағаз-қаламын ұстаған талапкерлерге лық толды. Ал Астанада тестілеудің басын өзі келіп ашқан Білім министрі Ерлан Сағадиев көңілі алабұртқан жастарды сабырға шақырды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Білім ордасының алды таң атысынан қараң-құраң адам. Қаптаған талапкердің өзі осында болғанымен, ойы айдалада. Көңілі алабұртқан түлектерді күзетшілер біртіндеп кіргізді. —
Асықпаңыздар, бәрі кіреді…
Тексеріс қатаң. Магнит анықтағыш аппараттан бірдеңе жасырып қалу қиын. Қорап-қорап телефон талапкерлердің қалтасынан шыққан. Оны алып кіргенімен пайдасы шамалы, интернет ұстамайды. Бәрі орындарына жайғасқан соң, Білім министрі де келді. Бас мұғалім ҰБТ-ны бастап берген соң бәрін аралап, сәттілік тілеп, жағдайдың дұрыс екеніне көз жеткізіп шықты. Оның айтуынша, биыл тестілеуге қатысатындар ерекше көп.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Биыл 102 мың бала ҰБТ тапсырады. Болмаған жағдай. Биыл әр бала 7-8 рет ҰБТ-ның даярлық сынағынан өтті. Балаларымыз дайын. Сұрақтардың көпшілігі қиын емес.
Бәрі ішке еніп, тестілеу басталғанымен, сырттағы тақым қысқан ата-аналар есік алдында сіресіп тұрып алды.
-Балам қобалжыған жоқ. Мен қобалжып отырған. Бір реті болар енді. Ал ұйымдастырушылар жанға керек жағдайды жасап қойған. Самса мен ыстық шәй немесе шоколад пен тәтті сусындар қалауыңызға қарай. Ал анадайда медициналық көмек пен полиция, тіпті өрт сөндіру қызметіне дейін жағдайды бақылап тұр.
-Ұлттық бірыңғай тестілеудің бүгінгі бірінші күні Астанада 14 мың талапкер өз бақтарын сынап жатыр. Тестілеу қаладағы үш бірдей жоғарғы оқу орнында өтуде. Соның бірі С. Сейфуллин атындағы қазақ ұлттық агротехникалық университетінің алды мынадай қарақұрым адамға толы. Балаларын таңертең тестілеуге кіргізіп жіберген ата-аналар үш жарым сағат бойы есік алдынан бір тапжылған жоқ.
Уақыт бітер сәтте ата-аналардың дегбірі қашты. Алғашқылары шыға бастағаннан-ақ абыроймен тапсырып шыққанына қуанып, қаумалап бәрін ортаға алып жатыр.
Нұрхан Қайролла, талапкер:
-Жыл бойы осы ҰБТ-ға дайындалып шықтық. Неше түрлі оқу беретін орталықтарға барып, өз білімімді толықтырдым. Енді 11 жыл бойы алған білімімді осы ҰБТ-да нақтылай көрсеттім деп ойлаймын.
Мыңдаған талапкер 5 бірдей пәннен тест тапсырып жатыр. 140 сұраққа жауап беруі керек. Оқуға түсуі үшін ең төмені 50 балл жинауы тиіс. Ұлттық және медициналық университеттер үшін 65, ал педагогикалық оқу орындары үшін 60 балдан кем болмауы қажет. Сондай-ақ, осы жолғы тестілеуден өте алмағандардың тамыз айында қайтара тапсырып, ақылы бөлімдерге түсуге мүмкіндігі бар.