
«Шымкент жастар лигасы» жобасының волейбол спорт түрінен финалдық кезеңі өз мәресіне жетті. Шымкент қалалық кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінде ұйымдастырылған сайыста үздік шыққан командалар анықталды.
Волейбол сайысы бойынша іріктеуге 129 команда, жалпы 1 458 оқушы қатысты. Финалдық кезеңде әр ауданнан төрт, жалпы 16 команда бақ сынады. Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов финалдық ойындарды тамашалап, командаларға сәттілік тіледі.
«Шымкент жастар лигасы» — оқушылардың уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтына баулуға, жастардың рухын көтеріп, өз мектебінің патриотына айналуына ықпал еткен керемет жобаға айналып отыр. Бұл жоба қалада осымен екінші жылы ұйымдастырылып отыр. Оған спорттың футбол, баскетбол, волейбол, шахмат түрлерінен 151 жалпы орта білім беру мектептерінен 514 команда құрамында 5 926 оқушы қатысуда. Атап айтқанда, Абай ауданында — 37, Әл-Фараби ауданында -25, Еңбекші ауданында — 40, Қаратау ауданында -38. Сонымен қатар, командаларға қолдау көрсетуге 151 мектептен Фан-клуб командалары жасақталып 2 265 оқушы қатысып жатыр.
Соңғы шешуші сында А.Байтұрсынов атындағы № 50 мектеп-гимназиясы және Әл-Фараби атындағы № 113 жалпы орта мектебі командасы бас жүлдені сарапқа салды. Тартысты ойында № 113 мектебі командасы топ жарды. 3 орынға Ж.Аймауытов атындағы № 64 мектеп-гимназиясының оқушылары иелік етті. «Шымкент жастар лигасы» жобасының барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлері 1 маусым күні «Қажымұқан» атындағы орталық стадионда марапатталады.
Бүгінде «Шымкент жастар лигасы» — оқушылардың уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, салауатты өмір салтына баулуға, жастардың рухын көтеріп, өз мектебінің патриотына айналуына ықпал еткен керемет жобаға айналып отыр.
Осы тұрғыдан алғанда «Шымкент жастар лигасы» жастарды патриот, отансүйгіш, елжанды етіп тәрбиелеуге септігін тигізеді.

Тоқтар Жақаш