Вице-министр: Елге келіп жатқандардан, кетіп жатқаны көп

16 маусым 2017, 12:00

«Егер солтүстік облыстың жұмыс берушісі кемінде оңтүстіктен 3 жылға 5 адамға жұмыс беріп, бар жағдайын жасайтын болса, арнайы келісімшартқа қол қойып, әр маманға 1 миллион теңгеден беру мәселесін қарастырып жатырмыз». Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов газетімізге берген сұхбатында осындай маңызды жағымды жаңалықты жеткізді. Оның айтуынша, 2018-2022 жылдар аралығында еліміздегі көші-қон саласы бір жүйеге келіп, көптеген оң нәтижелі жұмыс атқарылады.

Жас қазақ: Біржан Бидайбекұлы, көші-қонның бүгінгі ахуалы қандай? Келушілер көп пе, кетушілер көп пе?
Біржан Нұрымбетов: Елімізде көші-қонның бірнеше үрдісін бөліп айтуға болады. Атап айтсақ, олар – ішкі көші-қон, сыртқы, яғни еңбек көші-қоны, этникалық көші-қон. Қазіргі кезде көші-қонның жағдайы сальдомен анықталады, яғни елімізге келіп жатқан адам саны көп пе, әлде елден кеткендердің саны көп пе дегендей. Жалпы елімізде адам саны жылдан-жылға өсіп келеді. Бүгінде халқымыздың саны 18 миллионға жуықтады. Мәселен, 2016 жылы халықтың саны 256 мыңға өскен. Бұл – табиғи өсім арқылы жеткен көрсеткіш. Көші-қонның сальдосы – 21 600 адамға теріс болды. Көшіп келушілер мен елден кеткендер санының арасында біраз айырмашылық бар. Соңғы бес жылғы есеп бойынша, 99 мың адам көшіп келсе, көшіп кеткендер саны – 148 мыңды құрады. Бұл дегеніңіз – осы уақыт аралағында көші-қон сальдосы 49-50 мың адамға теріс көрсеткіш көрсетті. Оның ішінде 88-90 пайызға жуық адам ТМД елдеріне көшкен. Ал ішкі көші-қонның айналымы жылына 610 мыңды құрап отыр. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, 294 мыңы – өңіраралық көші-қон, бір облыстан келесіне көшіп жатқандар.
Жас қазақ: Елге келіп жатқандардан кеткеннің көп болуының себебі неде?
Біржан Нұрымбетов: Соңғы үш жылдағы есеп бойынша, көшіп кеткеннің 78 пайызы – Ресейге қоныс аударған. Дені – тарихи отанына әрі жұмыс, білім іздеп кетіп жатқандар. Дегенмен, біздің елімізге де келіп жатқандар бар. Әсіресе, Өзбекстаннан келетін қандасымыздың саны басым.

«Оралман» мәртебесі 5 күнде, азаматтық 6 айда беріледі

Жас қазақ: Сіз келіп жатыр дейсіз. Бірақ соңғы кездері көші-қонның кідіргені туралы жиі айтылады.
Біржан Нұрымбетов: Қандастарымыздың көші-қоны туралы айтқан кезде «қанша адам келді, қанша адам кетті?» дегенмен шектелуге болмайды. Бұл – өзінше бір ерекше үлкен мәселе. Үлкен салиқалы саясат екенін естен шығармауымыз керек. Себебі дүниежүзі бойынша Қазақстан – қандас бауырының тарихи Отанына оралуына қолдау көрсететін санаулы елдің бірі. Мәселен, 25 жылдың ішінде 284 мың отбасы, яғни 1 миллионнан астам қазақ бауырымыз елге оралды. «Көш тоқтады» деген әңгіме неден туындайды? Осы 25 жылдың ішінде сол келіп жатқан қандасымызға көрсетілетін қолдаудың тәртібі мен тетігі өзгеріп тұрды. Ең ерекше өзгеріс 2013 жылғы көш-қон саясатын күрт өзгерту болды деп ойлаймын. Себебі елге келетін бауырымызға көрсетілетін барлық жеңілдік алынып тасталды. Атап айтсақ, үкімет белгілеген жерге ғана көшуге рұқсат беру, тұрақты тұруға рұқсат алу үшін басқа шетелдік секілді төлем қабілеттілігі болу, тұрақты тұруға рұқсат алғаннан кейін азаматтықты алу үшін кемінде елімізде 4 жыл өмір сүру талабы енгізілді. Бұл көші-қонды ерекше төмендетті. Егер 2012-2013-те жыл сайын 15 мың отбасы елімізге келсе, 2014 жылы 4 мыңға жуық жанұя, 2015 жылы небәрі 1920 отбасы келді. Соны ескере отырып, біз 2015 жылдың аяғында заңға өзгеріс енгізіп, қабылдадық. Бұрынғы жеңілдіктің барлығын қайтардық. Бұл жерде саясат қандай болу керек? Шеттен келетін қазақтың негізгі мақсаты – Қазақстан азаматы болып, тұрақты тарихи Отанына қоныстану. Сондықтан біз азаматтық алу үшін оларға барлық жеңілдікті жасауымыз керек деп заңға өзгеріс енгіздік. Сөйтіп, елімізге келетін қандасымыз қай өңірге шақырумен, шақырусыз келсе де бес күннің ішінде оралман мәртебесі беріледі. «Оралман» мәртебесін алғанға дейін ол кісінің еліміздегі тұрғылықты азаматымыз секілді тең құқылы болады. Сондай-ақ тұрақты тұруға рұқсат алған кезде төлем қабілетін растаудың қажеті жоқ. Кірген визасына қарамастан, жеңілдетілген түрде 3 айдың ішінде тұрақты тұруға рұқсат беріледі. Одан кейін азаматтық алуға құқылы. Оны да 3 айда алады. Сөйтіп елге келген қаракөз құжатын уақтылы өткізіп реттесе, 6 айдың ішінде азаматтық алады. Осы өзгеріс көші-қонның көлемін қайтадан күрт өзгертті. 2015 жылы 1920 ғана отбасы келген болса, 2016 жылы 16 мыңнан астам отбасы келді, яғни 8 есе көп деген сөз.

Талап бәріне бірдей

Жас қазақ: Ал Қытайдан келетін қандастарымыз сотталғаны және отбасы жоқтығы, қазақ екендігі туралы анықтаманы ала алмай, Атажұртына келгенде біраз кедергіге тап болып жатады. Мұны реттеуге болмай ма?
Біржан Нұрымбетов: Қытайдан келген қандастарымыз үшін ерекше талап қойылады деген дұрыс емес. Шетелден келген азаматқа қойылатын талаптың бірі – сотталмағанын растайтын анықтама. Оның өзіндік себебі бар. Қазіргі кезде кез келген елдің ұлттық қауіпсіздігіне экстремистік, террористік топтар үлкен қауіп төндіріп отыр. Сондықтан сырттан келген шетел азаматы үшін, оның ішінде біздің қандастардан да сотталмағанын растайтын құжат талап етіледі. «Қытай тарапы ондай құжатты қазақтарға бермейді» – деген сөз жиі айтылды. Соған орай еліміздің арнайы органдары бұл мәселені зерттеп, шетелдегі әріптестерімен сөйлесіп, зерттеген болатын. Қытайдағы тиісті орган сотталғанын немесе сотталмағанын растайтын анықтаманы береді. Алайда қандастарымыз ондай анықтаманың қажет екенін елге келген соң, тұрақты тіркеуге тұрар кезде ғана бір-ақ біледі. Сөйтіп олар Қытайдан анықтамасын дер кезінде сұрап алмай, қайтадан келген еліне барып құжат әкелуге мәжбүр. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 27 700 адам тұрақты тіркеуге рұқсат алған. Оның 26 600-ы – қазақ. Олар сотталмағанын растайтын анықтама өткізді деген сөз. Сол себепті – шетелдегі елшіліктер Қазақстанға келетін бауырымызға қандай құжат керектігі жөнінде алдын ала ескертіп, ақпараттандыру жұмысын жүргізу керек деп білемін.
Жас қазақ: Ресейге біраз азаматымыздың көшіп жатқандығын айттыңыз. Кейбір жиындарда, БАҚ-та елімізден білікті маман кетіп, оның орнына арзан жұмыс күші келіп жатқаны жиі айтылып қалады. Осы қаншалықты шындыққа жанасады?
Біржан Нұрымбетов: Соңғы үш жылды сараптасақ, ТМД елдеріне көшетіндердің 78 пайызы Ресейге кеткені белгілі. Оның ішінде 44 пайызы 16 мен 34 жас арасындағылар. Олар еңбекке қабілетті, білікті әрі жұмыс пен табыс іздеп кетіп жатқан маман болуы мүмкін. Ал елімізге тура соның орнына «арзан жұмыс күші келіп жатыр» деп айтуға болмайды. Себебі елімізде сырттан жұмыс күшінің келуіне нақты, анық жүргізіліп отырған саясатымыз бар. Бірінші кезекте, ішкі еңбек нарығымызды қорғауымыз әрі азаматтарымызды жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек. Сол үшін біз шетелден келетін жұмыс күшіне квота белгілейміз. Ол дегеніміз – жұмыс істеу үшін елімізге келетіндердің саны шектеулі деген сөз. Мысалы, биылғы жылға 54 мың ғана адам елімізге жұмыс істеу үшін келе алады. Бұл нақты көрсеткіш жыл сайын кәсіпорындардың сұранысы, әрі әкімдіктегі комиссияның қорытындысы бойынша есептеліп шығарылады. Сосын үкіметтің қаулысымен әр жылдың басында бекітіп отырмыз. Бірақ ол квота көбіне орындалмайды. Оның да өзіндік себебі бар. Келетін адам еліміздің заңына сәйкес, жұмыс істеуге қажетті тиісті рұқсат алуы керек. Қазынаға төлейтін салығы тағы бар. Сөйтіп бүгінгі күні 28 мыңнан астам арнайы рұқсаты бар, шетелдік азамат елімізде жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде 78-80 пайызы жоғары білімді басшы, жоғары білікті мамандар. 20 пайыздайы ғана – жұмысшы. Сондықтан елімізде жаңа жоба іске асып, инвестиция тартылып, жаңа технология енгізіліп жатқандықтан, онымен қоса, маманның да келуі – заңдылық. Бұлар – мекемеге, кәсіпорынға арнайы шақырылғандар. Бізде еңбек көші-қонының тағы бір түрі бар. Ол – жеке тұлғаның шақыртуымен еңбек етуге келгендер. Жағдайы бар жеке азамат, үй шаруашылығындағы қажеттілігіне орай арнайы рұқсатын алып, салығын төлеп, шетелдік жұмысшыны жалдауы мүмкін. 2016 жылы ішкі істер министрлігінің дерегінше, осындай 322 мың адам елімізде еңбек еткен. Олардың есебінен 3 миллиард 427 мың теңге бюджетке салық түскен.
Жас қазақ: Өздеріңіздің мәліметтеріңіз бойынша, былтыр үкімет қаулысымен жұмыс күші артық аймақта тұратын отбасыларды еңбек күші жетіспейтін өңірлерге қоныстандыруға бекітілген квота толық орындалмай қалды. 463 квотаның небәрі 196-сы ғана игерілген.
Біржан Нұрымбетов: 2014 жылы біз демографиялық көші-қон үрдісін зерттеп көргенбіз. Егер осы үрдіс сақталатын болса, мемлекет ешқандай шара қолданбаса, 2050 жылға қарай оңтүстіктегі төрт облыс пен Алматы қаласында еліміздің 55 пайызы тұратын болады. Оңтүстік өңірлерде халықтың саны 5 миллион 200 мыңға көбейеді. Ал солтүстікте 1 миллионға дейін азайып кетуі мүмкін. Сөйтіп біз солтүстікте еңбек ресурсын жоғалтып аламыз. Онда еңбек ететін азамат қалмайды. Оңтүстікте әлеуметтік мәселе туындайды. Сондықтан біз осыны реттеуді қолға алу керектігін қарастырып жатырмыз. «Квота орындалмай қалды» дегеніңіз рас. Көші-қон ешқашан мәжбүрлі түрде жүзеге асырылмайды. Мұны реттеудің тек бір ғана жолы бар. Ол – азаматтарымызды сол өңірге көшуге ынталандыру, қызықтыру. Ол үшін азаматтарға жұмыс орны, басына баспана және балаларына білім алатын оқу орындары керек болады. Осы сұрақ шешілмейінше ешкім көшпейді. Осы жылға дейін квотаның орындалмай келуінің басты себебі – әлеуметтік көмектің жетіспеушілігі.

Ауылға барсаң, баспана болады

Жас қазақ: Оңтүстіктен солтүстікке көш басталды. Алайда Маңғыстау облысына келгендер басқа аймаққа көшуге құлық танытып отырған жоқ. Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылуда. Жалпы, солтүстікке көшкендерге әлеуметтік тұрғыда қандай көмек көрсетілуде?
Біржан Нұрымбетов: Оңтүстіктен солтүстікке көшіп барған отбасы мүшелерінің әрқайсысына 35 айлық есептік көрсеткіш бойынша 79 мың теңгеден беріледі. Ең үлкен – түйткіл ол жерлерде тұрғын үй мәселесі шешілмей отыр. Себебі «біздің барлық азаматымыздың тұрғын үй мәселесінде құқығы тең болу керек» деген мемлекеттік саясат 2014 жылдары қолға алынған болатын. Егер көптеген жылдар бойы солтүстікте тұратын азамат пәтер кезегінде тұрғанына қарамастан, оңтүстіктен келген азаматқа келе салысымен үй беріліп жатса, жұрттың наразылығын тудырары анық. Сондықтан үкіметте бірнеше ай бойы көптеген жиын өткізіп, осы мәселені шешудің жолын қарастырып, жаңа ұсыныс дайындап жатырмыз. Заңға өзгеріс енгізіп, келесі жылы қолға алынса, біраз шаруаның шешілуіне жол ашар еді. Мәселен, біз қанша адамды көшіруіміз қажет деген мәселені зерттедік. Сараптап көрсек, егер солтүстіктегі төрт облыста (СҚО, ШҚО, Қостанай, Павлодар) көші-қонды реттеуге байланысты ештеңе жасамасақ, 2018-2022 жылдар бойынша экономикалық тұрғыдан белсенді 167 мың жұмыс күшін немесе еңбекке жарамды азамат азаяды. Егер алдағы бес жылда 2015 жылғы деңгейді толықтырамыз десек, экономикалық тұрғыда белсенді 167 мың азаматты сол төрт облысқа көшіруіміз керек. Ол дегеніңіз – 322 мың адамды немесе 80 мың отбасыны сол жақтарға көшіру қажет деген сөз. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Сөйтіп әкімдіктегілермен ақылдаса отырып, 5 жыл ішінде төрт облысқа 59 мың жанұяны көшіруді қолға алсақ деп шештік. Ол үшін жағдай жасау жағын қарастырып отырмыз. Біріншіден, 35 айлық есептік көрсеткіш деңгейіндегі отбасының әр адамына берілетін төлемақы сақталады. Екіншіден, көшіп барған отбасыға бір жылға дейін ай сайын тұрғын үй жалдауға 34-68 мың теңгеден төлейміз. Егер солтүстіктің ауылды жеріне көшіп барса, жылдық жалға төлейтін ақшаға үй сатып алуға да болады екен. Үй алатын болса, жылдық жалдау ақысын бірден аударуға да келісіп отырмыз. Сонымен қатар жұмыс берушілерді де көші-қонды реттеуге тартып отырмыз. Егер солтүстік облыстың жұмыс берушісі кемінде оңтүстіктен 3 жылға 5 адамға жұмыс беріп, бар жағдайын жасайтын болса, арнайы келісімшартқа қол қойып, әр маман үшін 1 миллион теңгеден беру мәселесін қарастырып жатырмыз.
Осы жылдың мамыр айында солтүстік өңірдің жұмыс берушілерін оңтүстік жаққа шақырып, тұрғындар арасында жәрмеңке ұйымдастырдық. Оңтүстік Қазақстан облысында, нақты айтқанда Мақтарал, Сарыағашта өткен жәрмеңке кезінде 672 отбасы көшуге даяр екендігін айтты. Жұмыс берушілер «пәтер алып береміз, жұмысың дайын, тек қана қызмет етсең болды» деген талап қойып отыр. Себебі еңбек күші – жұмыс беруші үшін де үлкен мәселе. Маңғыстауда 277 отбасы көшуге ниет білдірсе, оның 68-і қазір даяр отыр. Көші-қон мемлекеттің қаржы көмегінсіз-ақ басталып кетті. Біз тек реттеуші, үйлестіруші болып отырмыз. Оңтүстік пен солтүстіктің әкімдіктері көшті бастап кетті. Биылдың өзінде 88 отбасы көшіп барды. Тағы 1200 отбасы жаңа қонысқа баруға даяр.
Жас қазақ: Баспана мәселесін жер телімін беру арқылы шешуге болмай ма?
Біржан Нұрымбетов: Жер телімін алудың да қиындығы бар. Қазіргі заң бойынша жер аукцион арқылы беріледі. Сондықтан біз ауыл шаруашылығы министрлігімен, әкімдіктермен, қоныс аударушылармен ақылдаса келе, мынадай шешімге келдік: солтүстік өңірге көшіп барғандарға коммерциялық мақсатта, егіс егуіне, жайылымы үшін жер телімі конкурссыз беріледі. Осы 4 облыста қазіргі күні 1 миллион 257 мың гектар жер беруге дайын. Ол 24 мыңнан астам отбасыға жетеді. Сөйтіп 2018 жылы 1415 отбасыға 48 мың гектар жер берілмек. Ол үшін осы жылы заңға өзгеріс енгізіп қоюымыз керек.
Жас қазақ: Көші-қон саясатын жақсарту мақсатында мемлекеттік қазынадан бөлінетін қаржы сырттан келетіндер мен ішкі көш арасында қалай үйлестіріледі?
Біржан Нұрымбетов: Бүгінгі бағдарлама бойынша көші-қонға қаражат жеткіліксіз. Қандастарымыз бен ішкі көші-қон үшін 2017 жылға бар-жоғы 707 миллион теңге қарастырылды. Бұл тек 288 отбасының оңтүстіктен солтүстікке көшуіне және 566 қандасымыздың отбасына бөлу үшін белгіленді. Бұрын жергілікті әкімдіктердің көшіп келушіні қабылдай алу мүмкіндігі мен сұранысына сәйкес квота белгілейтінбіз. Ал алдағы бес жылда 59 мың отбасының қоныс аударуына қолдау көрсетуді көздеп отырмыз. Біз қаражат жағын қарастырып, жұмысты үйлестірсек, әкімдік келгендердің орналасуын реттейді. 2018-2022 жылға дейінгі жоспарлап отырған ұсынысымызды жүзеге асыратын болсақ, алдағы 5 жылға 70 миллиардтай теңге қажет болады.
– Әңгімеңізге рахмет! Игілікті ісіңізге жеңіс тілейміз!

Сұхбаттасқан
Айбарша ЖАҚСЫЛЫҚ

27 наурыз, 12:30
Берік Солтанбаев: Алматыда кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау жасалып отыр
26 ақпан, 15:10
Дархан Мыңбай: Кәсіпкерден дәметіп күнелтетін масылдар, әкімдік есігінен сығалауға машықтанған тоғышарлар бар
26 ақпан, 12:34
Қазақ баспасөзі: Сантараулы салалық журналистика
25 ақпан, 14:23
Фатима Жүнісова: Диванда жатып, «мемлекет асырасын» дейтіндер жетістікке жете алмайды
22 ақпан, 15:50
Кәдірбек Құныпияұлы: Газет санасы сарабдал, ойлы да сауатты оқырманмен бірге мәңгі жасай бермек!
21 ақпан, 16:51
Масылдық психологиядан қалай арыламыз?
21 ақпан, 14:48
Мақсұтбек Пірметов: Бізге артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр
14 ақпан, 15:49
«Сізде болады. Бізге болмай ма?»
01 ақпан, 11:05
Тумысы бөлек тұлға