
«Астана» Президенттік кәсіби спорт клубының бас директоры Асқар Баталов журналистерге берген арнайы брифинг кезінде кәсіби спорт клубын жаппай тексеру мекеме министрлік қарамағына өткен соң, басталғанын айтты.
«Бұл тексерулер 2018 жылы бізді (клубты –авт.) Туризм және спорт министрлігіне өткізген кезде басталған. Қамқоршылық кеңесінің бір басқосуында «Астана» ПКСК-ні жаппай тексеру жөнінде ревизиялық комиссия құру туралы бастама көтерілді. 2018 жылы жазда «Астана Велокомандасы», «Астана мотоспорт» тағысын тағы. Біз тексерісті 2019 жылы аяқтадық. Кей клубтарда 2-3 тексеріс болды, оның ішінде заңгерлер және ХҚЕС»,- деді Асқар Баталов.
Бас директор 2019 жылдан бастап клубты «Самұрық-Қазына» тікелей қаржыландыратынын еске салды. Оның айтуынша, мұндай схема клубқа демеушілік көмекті мақсатты пайдалануды сақтау үшін тиімді бақылау рәсімдерін енгізуге мүмкіндік берді . Сондай-ақ, тұрақты негізде қаржы-шаруашылық қызметіне аудит жүргізіледі.

«Жалпы болған жағдай клубтың өз ішінде жүргізілген тексеріс пен аудиттің нәтижесінде анықталды деп есептейміз. Әрі қарай алға жылжу үшін, тазартуымыз керек. Алда мұндай жағдай қайталанбау үшін, шаралар қабылдау керек. Биылғы бюджет көлемі былтырғымен пара-пар. Тек доллар бағамына байланысты 20 % ақша жоғалтамыз. Оның орнын демеушілерлен түскен қаражат арқылы жабамыз деп отырмыз», -деді клуб директоры.
Баталов клубтың жетістіктеріне де тоқталды. Оның айтуынша, 2019 жылдың қорытындысы бойынша бір жылмен салыстырғанда нәтижелер әлдеқайда жақсарған. Мәселен, ол «Барыс» хоккей клубының Құрлықтық хоккей лигасы Шығыс Конференциясының жартылай финалына шыққанын атап өтіп, Гагарин Кубогының ұтысына «Барыс» ХК қатысатынын хабарлады.
Ал «Астана» футбол клубы Қазақстан Суперкубогының иегері атанды. Клуб тарихында Суперкубок-2020 бесінші болды. Алтыншы рет команда футболдан ұлттық чемпионаттың чемпионы атанды. Сондай-ақ, команда тағы да УЕФА Еуропа Лигасының топтық кезеңіне шығып, «Астана-Арена» стадионында «Манчестер Юнайтед» командасынан 2:1 есебімен жеңіске жетті. Қазіргі уақытта «Астана» ФК Қазақстанның бірінші және екінші лигасында өнер көрсетеді.
«Astana Pro Team» велокомандасы 2019 жылғы маусымда UCI әлемдік турында үздік бес команданың қатарына енді және 2018 жылғы жетістікті қайталады. Сонымен қатар, 2019 жылы велокоманда клуб үшін рекордты жеңіске жетті. Жалпы жеңістер саны -41.