
Қазақстандық боксшы Василий Левит Токио Олимпиадасының ширек финалына шыға алмады, — деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Левит 91 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен. 1/8 финалда ол испаниялық Эммануэль Рейеспен жұдырықтасты. Екінші раундта испан боксшысы Левитті нокаутқа түсірді.
33 жастағы Левит — Қостанай облысының тумасы. 2016 жылы Рио Олимпиадасының финалында жеңіліп, бұл жекпе-жек жанкүйерлер мен сарапшылар арасында дау шығарған болатын. Одан бөлек, Левит 2017 және 2019 жылдары әлем чемпионатында қола медаль алған, 2009, 2015 және 2017 жылдары Азия чемпионы атанған. Биыл құрлықтық жарыста күміс медаль еншілеген болатын.