
Ақпан айында Вайнер Мейіржан Төребаев және тағы үш адам қаржы пирамидасын құрып, оны басқарды деген күдікке ілінген. Бұған дейін вайнер өзіне тағылған айып туралы ештеңе демеді. Енді өзінің әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы мәлімдеме жасап отыр.
Мейіржан Төребаев өзінің Instagram-дағы парақшасында ұзақ уақыт үндемегенін, бірақ сол үндемегені кінәсін мойындағандай көрсеткенін айтты. Сонымен қатар ол бірнеше құжатты көрсетіп, Қазақстанда кез келген адам күдікті болуы мүмкін екенін айтты.
Мен ұзақ уақыт үндемедім. Бірақ абсурд дәрежесі шекаралардан асып түсті. Енді үнсіз отыра алмаймын. Видеоны соңына дейін тыңдап, қорытынды шығарыңыздар. Бұл елдегі кез келген адам күдікті болуы мүмкін. Ешкім шындықты табуға тырыспайды, бәрі бір-біріне сілтей бергісі келеді. Ал мен шындықты білгеніңізді қалаймын. Мен өмірімде көрмеген, білмеген (Құрманғалиев, Мансұров, Рахимова, және т.б.) адамдармен сөз байласты деген күдікке іліндім, – деп жазды Мейіржан Төребаев өзінің Instagram-дағы парақшасына.
Сонымен қатар вайнер компанияның халал екеніне шын жүректен сеніп, адамдарға қосылғанын мәлімдеді. Ол «MUDARABAН CAPITAL» ЖШС-ға бастапқыда екі рет жарнама жасағанын, кейін өзі де мұнда 10 миллион теңге салғанын көрсетті. Бірақ бастапқыда бұл компания мешіттер салатын, қайырымдылықпен айналысатын. Соған қарап, Мейіржан компанияны толық халал деп есептегенін айтты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мейіржан Төребаев:
Компанияның халал екеніне шын жүректен сеніп, қосылдым. Бастапқыда олармен бірге мешіт салуға келдім. Олардың артында не істегенін білмеймін. Егер мен компания ұйымдастырушыларының алдап жатқанын білсем және қаржы пирамидасы екенін әшкерелесем, бұл адамдармен өмірімде ешқашан байланыспас едім. Бұл маған не үшін керек? Неліктен мұндай тәуекелге баруым керек? Жұмысым бар, отбасым бар. 5 баламды аяққа тұрғызуым керек емес пе? Сондықтан бұл жерде мен күдікті емес, жәбірленушімін. Менің де салған ақшам қайтарылмады. Құқық қорғау органдары мені күдікті ретінде көрсетіп жүр. Негізінен олай емес.
Вайнер «MUDARABAН CAPITAL» ЖШС-ға 10.11.2020 жылы 10 миллион теңге қаражат салғаннан кейін ғана қосылғанын айтып, бірнеше құжат көрсетті. Мейіржан Төребаев тиісті органдар бұл компанияны ертерек әшкерелегенде мұндай жағдайға ұшырамайтын едім деп отыр.
Zakon.kz