Қазақстанның Украинадағы елшілігінің мұрындық болуымен Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Киев пен Ирпень қаласында өткен ІІІ халықаралық аудармашы-жазушылардың «Кочур-Фест21» фестиваліне қатысты.

Жыл сайын өтетін бұл фестиваль Украина Ұлттық жазушылар одағы, «Саммит –Книга» баспасы, штаб пәтері Париж қаласында орналасқан Еуропалық ғылым, өнер және әдебиет академиясының қолдауымен ұйымдастырылды.
Әдебиет пен аудармаға қосқан үлесі үшін Еуропалық ғылым, өнер және әдебиет академиясының халықаралық хатшысы украиналық жазушы-аудармашы Дмитрий Чистяк Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетке академияның мерейтойлық медалін танымал қазақ ақыны, жазушы-аудармашы, кинорежиссер, еліміздің Еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Қанапияновқа табыстауды тапсырды.

Айта кететіні, Бақытжан Қанапиянов Чернобыль апатын жоюдың ерікті қатысушысы. Оның шығармашылық жемісі «Айст над Припятью» (1989 ж.) жыр-жинағы.
Сонымен қатар Қазақстанның Украинадағы елшісі Дархан Қалетаев Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет Украина Ұлттық жазушылар одағының төрағасы Михаил Сидоржевскиймен кездесті.

Кездесу барысында екі жақтың әдебиет саласындағы қарым-қатынасы сөз болып, жобалар мен іс-шараларды бірге өткізу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар екі ел арасындағы Жазушылар одағы арасындағы меморандумға қол қойылды.
Мақпал Ноғайбаева