
Тәулік ішінде елімізде қар құрсауынан 259 адам құтқарылды. Ол үшін 21 бірлік техника жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Өткен тәулікте елімізде қар құрсауынан 259 адам, оның ішінде 30 бала құтқарылып, 21 техника шығарылды. Қазіргі уақытта жылыту бекеттерінде 139 адам, оның ішінде 14 бала бар. Блок бекеттерде 664 техника, оның ішінде 346 жеңіл және 318 жүк көлігі тұр. Кеше кешке еліміздегі блок бекеттерде 1 400 көлік тұрған болатын», — делінген хабарламада.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, төтенше жағдайға тап болған адамдарды құтқару мен қар тазарту жұмысына ТЖМ, ІІМ, жергілікті атқарушы органдар мен жол қызметтерінен 232 адам және 134 бірлік техника жұмылдырылды.