
Шыны керек, қазір елімізде танымал болып кеткен «Менояндым» акциясы дәл мен үшін аса елеңдерлік жаңалық бола қойған жоқ. Бастамашыл жігіттер мен қыздардың бұл акцияны дәл сайлау қарсаңында жүзеге асырғаны болмаса, тіпті, ешбір реакция туғызбасы да мүмкін еді деп ойлаймын.
Себебі, әлем елдерінде бұл бұрыннан бар тәжірибе. Алайда одан саяси астар іздеп жатқан ешкім жоқ. Мәселен, iwokeup хэштегі бойынша Instagram әлеуметтік желісіндегі жарияланымдар саны 16 мыңның үстінде. Жарияланған посттардың басым бөлігі позитивті сипатқа ие. Мотивациялық жарияланымдар саны әлдеқайда көп.
«Менояндым» хэштегі бойынша жарияланған посттардың саны да 10 мыңнан асып жығылды бүгінде. Алайда басым бөлігі саяси сипатқа ие. «Оянғандардың» алғашқылары – бастамашыл топ пен оларға қарсы шыққандардың тобы болса, кейін бұл тауар өндірушілер мен өткізушілердің маркетингтік тәсіліне айналып кетті.
Саяси тұрғыдан келер болсақ, «оянып» жатқандардың қандай түстен оянып жатқаны түсініксіз. Бұл Міржақыптың үндеуімен ояну емес. Қалың ұйқыда жатқан қазақ жоқ. Бәрі әлдеқашан оянған. Ұйқыда жатқандары бар болса, оларды оятатын дәл осы бір акция және оның ұйымдастырушылары емес екені белгілі. Халықты оятушы халық ішінен шықса керек. Ал жарнама тілеген жастардың үндеуі – жаңашылдық деп айта алмаймын. Арзан PR, жеңіл желеу.
Бұл шара аясында ешқандай саяси бағдарлама жасалған емес. Оны да ескеру керек. Яғни, шараның түпкі мақсаты не екені түсініксіз. «Оянған» халық ары қарай не істеу керек? Бұл сұраққа жауап берген біреу бар ма? Ол жағы беймәлім.
Содан кейін, алғашқы оянғандарды зерттеп қарасаңыз, бәрі шетінен асфальттің балалары. Қалада өскен, алақаны ойылып, маңдайы терлеп жұмыс істемегендер. Тіпті, пәтердің тапшылығын немесе ақшадан жоқшылық көрмегендер. Шетінен бай-бағландардың ұл-қыздары. Сонда деймін-ау, бұлар не үшін «оянып» жатыр? Бұларды кім түртіп оятуда? Әлдебір жат пиғылды біреулер қолтығына су бүркіп жатыр ма? Ояну бұларға неге қажет болды екен? Сұрақ көп, күдік те аз емес.
«Ояну» деген сөздің тура мағынасына емес, астарына үңілсеңіз, бұл терең, жақсы сөз. Ал анау тілі орысша шығып, орысша тәрбиемен өскендер сонда кім болып оянып жатыр? Егер солар жан-тәнімен қазақ болып оянса, қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап оянса, мен қолдайтын едім!Амал қанша, олай болмай тұр ғой. Қазір әлеуметтік желі азаматтардың үнін жеткізетін саяси әрі әлеуметтік алаңға айналды. Бұл алаңда ұйқысы қанбағандар да, ұйқысынан оянып жатқандар да баршылық. Бірақ қазақ боп ұйықтап, қазақ боп оянғанға не жетсін?!
Нұрболат Аманжол,
журналист