Киелі де қасиетті Жетісу өңірінің бас қаласы Талдықорғанның облыс орталығы мәртебесін алғанына 20 жыл толды. 22 қыркүйек күні мерекеге орай ұйымдастырылған шараға алматылық бірқатар БАҚ өкілдері де куә болды. Алғашқы шара әлемді әбігерге салған пандемиямен күресте тер төгіп, адам жанын арашалап қалған дәрігерлердің құрметіне қойылған «Аяулы алақан» мүсінінің жанында басталды.

Жиналған көпшілік індетпен күресте көз жұмған дәрігерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Мүсіннің авторы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қала көркіне сән беретін тағы бір орынның ашылуы жайлы былай деді. «Мүсінде адамзаттың қос алақаны бейнеленген. Ал екі уыстың арасында жапырағы жайқалған жас ағаш өсіп тұр. Бұл жан жылуының әр тіршілік иесіне өмір сыйлай алатынын бейнелеп тұрған ерекше сәулет өнері. Аталған ескерткіш адам өмірінің арашасы болған жандарға деген шексіз ризашылықтың белгісі ретінде мәңгіге өзінің маңызын жоғалтпайды. Пандемияның алғашқы күндерінен-ақ Елбасы үндеуімен еліміз бірігіп, індетті жеңуге жұмылды. Қиын жағдайда алдыңғы қатарда күрескен – медицина қызметкерлері болды. «Аяулы алақан» ескерткіші – аса қауіпті індетпен бетпе-бет келген медицина саласы қызметкерлерінің құрметіне арналады. Бұл – жаһандық дертке қарсы күрескен ақ халатты жандарға деген ел құрметінің белгісі. Сондай-ақ, халықтың адал перзенттеріне ыстық ықыласының көрінісі. Ескерткіш ел басына қиындық туған сәтте қаһармандық көрсеткен жандардың рухына тағзым ету орнына айналады».
Жиналған қауым ерекше мүсіннің айналасына гүл шоқтарын қойып, қала көркіне сән берген тағы бір орынның пайда болғанын зор ықыласпен қабылдады.
Талдықорғанда жаңа автобустар
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, облыс орталығының Талдықорғанға қоныс аударуының 20 жылдығы аясында ұйымдастырылған келесі шара қала орталғындағы алаңда жалғасты. Көлік қолжетімділігін арттыру мақсатында қалада автобус паркі жаңартылды.Мереке қарсаңында орталық алаңда облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен «Ютонг» маркалы 32 жаңа автобустың алғашқы партиясын-тапсыру салтанаты өтті. Қалған 23 автобус (14 ПАЗ және 9 «Ютонг») жыл соңына дейін Талдықорған көшелерімен жүреді.

«Бірнеше күн бойы жаңа автобустар қалалық бағыттар бойынша сыналды. Жалпы, олар барлық заманауи талаптарға жауап береді. Олардың кейбіреулері – 10 метр, басқалары-8,5 метр, жалпы жолаушылар сыйымдылығы 55-тен 67 орынға дейін. Онда бейнебақылау, кондиционерлер, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды отырғызу — түсіру үшін қайырмалы платформалар көзделген. Сондай-ақ, электронды билеттеу жүйесі орнатылған. Жалпы алғанда, автобустардың өздері барларға қарағанда әлдеқайда кең, оларда мүгедектер арбасына арналған орындар көп. Алғашқы автобустар жолаушылар ағыны ең көп маршруттарға жіберіледі. Ал олардың қаншалықты жайлы және ыңғайлы екенін Сіздер, құрметті талдықорғандықтар, өз беттеріңізбен бағалай аласыздар», — деді аймақ басшысы. Жиналған қауым жаңа авобустарға мініп, қаланы аралап «Атамекен» кешенінде ұйымдастырылған жас суретшілердің фото көрмесіне келді.
Қоныс тойын тойлады
Осы күні Талдықорғанның 20 жылдығына орай облыс орталығы мәртебесінде оңтүстік-батыс тұрғын ауданының «Болашақ» шағын ауданында көппәтерлі үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйдің жалпы ауданы 5 мың шаршы метрден асады. Барлығы көпқабатты тұрғын үйде 55 пәтер бар. Бас шаһардың мерейтойы аясында 60-қа жуық отбасы баспаналы болып отыр.Тұрғындарды мерекемен құттықтап, жаңа пәтердің кілтін облыс әкімі Амандық Баталов салтанатты түрде табыстады.

Ол өз сөзінде, Талдықорған қаласы облыс орталығы болып ауысқалы бері танымастай болып өзгергендігін айтты.
«Талдықорғанда соңғы 20 жылда аймақтағы барлық салалар бойынша өсу қарқыны орын алды. Қала жан-жақты дамыды. Жаңадан шағын аудандар ашылып, түрлі әлеуметтік нысандар бой көтерді. Бұның барлығын жасау үшін, қазынаға түсетін салықтың көлемі де артуы керек. Қазіргі кезде бұл көрсеткіш 860 млрд. теңгені құрап отыр. Осының арқасында бүгінгі деңгейге жетіп отырмыз. Елбасы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауы да қазіргі нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отырғанын атап өткен жөн»,- деді облыс әкімі Амандық Баталов.
«Шаңырақ»тұрғын үй бағдарламасының қатысушылары жаңа пәтерлердің бақытты иегерлері атанды. Солардың қатарында, ақ жаулықты ана Нүкен Құлбайқызыда бар. «Балам бүгін құтты шаңырағының кілтін қолына алды. Бұл қоныс тойды ұзақ уақыт күттік. 2005 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінде 4 перзенті бар. Балаларым үшін өте қуаныштымын. Баспаналары берекелі болсын. Бүгін тіпті қуанғаннан көзіме жас алып отырмын»,- дейді Нүкен Құлбайқызы.
Айта кетейік, алдағы 5-10 жылда қала тағыда жаңарып, жандана түспек. Келешекте бас шаһар көрінісі бүгінгіден де өзгеше болмақ.
Мерекелік шара Бикен Римова атындағы драма театрында ұйымдастырылған мерекелік концертпен жалғасты. Ең алдымен көпшілікке «Талдықорған кеше, бүгін» атты бейнебаян көрсетілді. Сонымен қатар Талдықорғанның дамуына үлес қосқан бірнеше тұрғын «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағымен марапатталды. Мерекелік концертте елімізге танымал өнер иелері мен облыс өнерпаздары өнер көрсетті. Салтанатты жиын «Қаратал» шағын ауданында болған мерекелік отшашумен аяқталды. Жиырма жылда қала өскен, түрленген, жасарған. Қала тұрғындарының да болашаққа сенімі мол, жүздерінде қуаныш. Жайнай бер Жетісудың жүрегі.
Мақпал Ноғайбаева