Түркістан: Жең ұшынан жалғасу жақсылыққа апармады

18 маусым, 15:40

Әлдебір мәселені тиімді шешу үшін пара беру және пара алу – кез келген елде кездесетін құбылыс. Қоғамды жегіқұрт сияқты жайлайтын сыбайлас жемқорлық сияқты ауыр дерттен адамзат әлі арыла алмай келеді. Мемлекеттік мекемелер мен басқару органдары қызметінің түрлі бағытында сыбайлас жемқорлықтың тамырлануына жол бермеу үшін оған қарсы үздіксіз күрес жүргізу қажет. Өйткені сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп төндіреді. Экономиканың, қаржы жүйесінің, жалпы барлық инфрақұрылымның дамуына кері әсерін тигізеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап көрсеткен еді. Мемлекет басшысы заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек дейді. «Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпшілігінде бар. Қазақстан да одан сырт қалған жоқ. Онымен қалай күресіп жатыр немесе қалай әшкерелеп отыр – ол басқа мәселе», — деген болатын.

Бүкіл елдегідей Түркістан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы аяусыз күрес жүргізіліп келеді. Соның бір мысалы ретінде бір оқиғаға тоқтала кетейік.

Өткен жылы шілде айында Түркістан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы үстінен іс қозғап, тексеруді бастағанын хабарлаған болатын. Сол кезде Антикор: «Ол адам мемлекеттік органдарды ақпараттандыру және цифрландыру бойынша қызмет көрсетуге арналған мемлекеттік тапсырысқа келісім жасау үшін 10 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінді», — деген түсінік берді.

Келісімшарттың жалпы сомасы қомақты. 280 млн теңге.

Енді, міне, бір жылға жуық уақытқа созылған тергеу аяқталып, күні кеше істі болғандарға қатысты сот шешімі шықты.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Түркістан облысы Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы М. Мырзасейітовке, осы басқарманың бөлім басшысы А. Жолсейітовке және кәсіпкер Э. Исаковқа қатысты үкім шығарды.

2022 жылдың тамызынан 2023 жылдың шілдесіне дейінгі кезеңде мемлекеттік органдарды ақпараттандыру және цифрландыру жөніндегі қызметтерді мемлекеттік сатып алу келісімшарттарын жасасқаны, олар бойынша атқарылған жұмыстардың актісіне қол қою үшін жалпы сомасы 14,6 млн теңгені құрайтын бірнеше рет пара алғаны және бергені үшін, сонымен қатар А.Жолсейітов бұдан басқа — пара беруге және алаяқтық жасауға итермелегені үшін кінәлі деп танылды.

А.Жолсейітов Төлеби ауданының цифрландыру бөлімінің басшысы лауазымына ауысқаннан кейін осындай әрекеттерді орындағаны үшін жоғары тұрған лауазымды тұлғаларға беру сылтауымен Исаковтың 903 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражатын алаяқтық жолмен иемденгені анықталды.
Аталған үкіммен Отырар ауданы әкімі аппаратының басшысы А. Мәулен конкурстың жеңімпазын анықтағаны және ауданның ауылдық округтеріне IT-қызметтерді мемлекеттік сатып алу келісімшартын жасағаны үшін Исаковтан 5 млн теңге сомасында пара алғаны үшін кінәлі деп танылды.

Сот үкімімен Мырзасейітов 8 жылға, Исаков 7 жылға, Жолсейітов 4 жыл мерзімге сотталды. Сонымен бірге олар мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылды.

А.Мәуленнің өліміне байланысты сот оған қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатты.
Үкімді жариялау облыстық Цифрландыру басқармасы ұжымының қатысуымен өтті. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

JQ-Aqparat

Сурет: Antikor телеграм-каналы

26 қараша, 14:17
Ғажайып крем қалтаны қақты
25 қараша, 14:24
Арнайы алимент қоры қашқын әкенің жүгін жеңілдетеді
24 қараша, 21:50
Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі басталды
19 қараша, 15:33
Дәлел Уәшев: Қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениетін жетік біліп,  құрметпен қарауға міндеттіміз
12 қараша, 11:05
Red+ арқылы сатып алсаңыз 15% бонус
25 қазан, 11:56
Астық пен тасымал көбейсін!
23 қазан, 14:22
Президент: Бейбітшілік пен тыныштық - біздің ең құнды байлығымыз
18 қазан, 11:59
Алаяқтық жолмен несие рәсімдеуге банктердің қатысы бар ма?
16 қазан, 14:48
Қызылордада інісінің куәлігімен ағасын соттап жіберген