jasqazaq.kz

Тұғырың биік болсын, туған елім!

28 сәуiр 2021, 22:31

Бүгінгі таңда елімізде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін айшықтайтын іс-шаралар өтуде.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өтетін
әрбір іс-шараны елге пайдасын тиетін істерге ұластыру қажет. Экономика, білім, ғылым салалары бойынша тың жобалар қолға алынады» деген болатын.

Мемлекет басшысының бастамасымен ҚР Тәуелсіздігін атап өту қолға алынғаннан бері маңызды жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің студенттерімен ZOOM платформасында онлайн-режимде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «ТҰҒЫРЫҢ БИІК БОЛСЫН, ТУҒАН ЕЛІМ!» атты танымдық кеш өткізілді. Аталмыш танымдық кештің мақсаты – өз еліміздің тарихын біліп, салт-дәстүрін құрметтеу, мемлекеттік тілдің абыройын көтеру сондай-ақ, ҚР әлемдік кеңістіктегі орнын паш ету, тәуелсіздік жолында құрбан болған боздақтардың ұрпаққа қалдырған аманатын орындау және студенттердің патриоттық сезімдерін арттыру болып табылады.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған кешке
«Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің төрағасының бірінші орынбасары, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, танымал ғалым, академик Озғанбаев Өмірзақ Озғанбайұлы ағамызды құрметті қонақ ретінде шақырып, ZOOM платформасы арқылы сұхбаттасып, мерекелік кеш өткізілді.

«Парасат» орденінің иегері, ел сыйлаған абзал ақсақал, академик Озғанбаев Өмірзақ Озғанбайұлы ағамыздың бес томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты. «Ресей Мемлекеттік думасы», «Тарих тағылымы», «Қазақтың шешендігі мен көсемдігі астасқанда», «Жарық жұлдыздар», «Тағзым» атты бес томдық еңбегінде қазақтың тарихи тұлғаларының, атақты көсемдері мен шешендерінің ел көсегесін көгерту жолындағы жанкешті қайраткерлік істері туралы жазылған.
Тәуелсіздік — қасиетті де қастерлі ұғым. Бүгінгі күнгі тәуелсіз Қазақстанымыз — ата-бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Тәуелсіздік — біздің ең басты игілігіміз, баға жетпес құндылығымыз.

Бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Отыз жылдың ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту ісінде қыруар жұмыстар жасалып, халқымыз рухани өсіп, маңызды белестерден өтті.

Кеш тізгінін топ студенттері Есмағамбетова Шамшырақ пен Қоңырбайқызы Айғаным қолына алды. Мерекелік кештің шымылдығын ашқан топтың бұлбұл әншісі Қанат Перизаттың патриоттық рухты оятатын ән шашуымен басталған кештің ажары кіріп, әрі қарай кешіміздің құрметті қонағы қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбайұлы ағамыздың өмір жолы мен елге сіңірген еңбегінен сыр шертетін Жалғасова Алияның презентациясы ұсынылды. «Өнегелі өмір» деп аталатын презентациядан көптеген мәліметтерді ойымызға тоқи отырып, бүгінгі күнгі ағамыздың жетістік жолына жетуіне дейінгі жолмен жүріп өткендей әсерде болдық. Бұл мәліметтердің түйінін Құдайберген Аяжан өзінің Өмірзақ Озғанбайұлына арналған арнауымен көркемдей түсті.

Қоңырбайқызы Айғанымның академик Өмірзақ Озғанбайұлымен жүргізген кішігірім сұқбаты кеште өз жалғасын тапты. Бұл сұқбат студенттердің көкейіндегі сұрақтарды дөп басып, кештің мазмұнын аша түсті. Жан-жақты сұрақтар қойылып, ағамыздың өмір иірімдері мен түйген ойларына қанық болып, сұқбаттың әр қырынан да жастарға үйретері мол болды.
«Құрмет» орденінің иегері, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбайұлы ағамызбен сыр сұқбат барысында халық мұрасын сақтауға, ел мен жердің қадір қасиетін ұғынуға қатысты айтқан ғибратты сөздері, даналық ой-пікірлері студенттердің болашақ өміріне үлкен азық болатындай әсер қалдырды. Кеш барысында сондай-ақ, тәуелсіздік бастауы ызғарлы Желтоқсан оқиғасы екенін жете түсіну керектігі де сөз болды.

Кең байтақ, көз жетпейтін жерім менің,
Таулы орман, жасыл жайлау көлім менің.
Бүгінде бар әлемге даңқың жетті,
Тәуелсіз Қазақстан – елім менің! —
деп, ақын жырлап өткендей, кештің көркін топ студенттерінің тәуелсіздікке арналған өлең шумақтарын нақышына келтіріп, мәнерлеп оқуы тамаша көңіл күй сыйлады. Тәуелсіздікті ту еткен бабаларымыздың арман-мақсатын өлең шумақтарына тізе білген ақындар шеберлігіне осы тұста ерекше тәнті болдық. Өнерпаз студент Нарзулла Назеркенің қобызда ойнаған күйінің астарында өлмес рух жатқандай. Әрі қарай Махамбетова Фаризаның тәуелсіздік жайындағы видеоролигіне куә болып, «Тәуелсіздіктің ащы термен келген тәтті жеңіс» екендігіне тағы бір рет көз жеткіздік.
Кеш соңында топтың ақын қызы Құдайберген Аяжан өз шығармашылығынан «Тәуелсіздік-тұғырым» атты өлеңін оқыды. Жаңа ғасырмен бірге келген ел тәуелсіздігі — баға жетпес қазына. Ата-бабамызға арман болған, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен келген -Тәуелсіздіктің ақ таңын бүгінгі күні көріп отырған қазақ елі, Тәуелсіздіктің тәуелсіз ұрпақтарына қазына болып қалған асыл мұраны дәріптеу үшін өткізілген кеш өте жоғары деңгейде өтті.
Кеш қонақтары қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, доцент Саткенова Жайна Бағашарқызы, Ұлттық Ғылым Академиясының Құрметті Академигі Өмірзақ Озғанбайұлының қызы Райхан Озғамбаева жастардың өнерін бағалап, талпыныстарына қолдау білдірді. Топ студенті Жалғасова Алияның анасы Урия Молдашова іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, өз алғысын білдірді.

Елдігіміз бен бірлігімізді, ынтымақ пен татулығымызды айқындайтын егемендігіміз мәңгілік, тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай! Тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Филология факультеті
Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті
Дәрменқұлова Р.Н.
Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті
Өтемісова Г.Ж.

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде