
Алматыда NFC-34 халықаралық турнир өтті. Алматы арена спорт кешенінде белгілі промоутер Нұрбек Қарабала ұйымдастырған турнирде еліміздің бірнеше ММА шеберлері өзге елден келген саңлақтарға қарсы айқасқа түсті. Турнирден не түйдік, соған тоқталайық.
Туринирдің басты жекпе-жеге ресейлік қазақ Серік Разғалиев пен қырғызстандық Бекзат Исаков арасында өрбіп, астрахандық Серік қырғыз спортшысын 1-раундта нокаутпен жеңді.
Екі жыл үзілістен кейін айқасқа оралған Арман Әшімов жеңіл салмақта сынға түсіп, әзірбайжандық Серхан Валилиді 1-раундта бауыр тұсынан ұрып бүктеп түсірді. Ауыр соққыдан шөккен қарсыласы тұра алған жоқ.

Роман Жомартта қарсыласын 1-раундта нокаутпен жеңсе, Асылжан Таскет ресейлік спортшыны 3-минутта есінен тандырды. Биылғы жылдағы көрермен көзайымына айналар нокаутты Архат Мыңбаев пен қырғызстандық Мелісбек Абдурахманов жекпе-жегінде көргендей болдық. Архатытң шықшыттан тепкен соққысы Мелісбекті кескен теректей сұлатты.
Қарсыласына төрешілер шешімімен басым түскен Шыңғыс Қайрановқа Ақтау қаласынан 1 бөлмелі пәтер сыйға берілді. Мәрттік жасап, «Баспана құрылыс инвест» компаниясының басшысы Ақтан Дәулетұлы турнирді тамашалауға арнайы келіп, шах қазақ Шыңғыс Қайрановты шаттыққа кенелтті.

Қырғызстандық Қанатбек Келдібековке қарсы жекпе-жекке шығып, есе жіберген Сырым Бектұрсынның бір қайнауы кемдігі көрініп тұрды. 1-раундты түгеспей жатып-ақ спортшының шаршағаны байқалды. Ержан Естанов, Айбек Нұрсейіт, Мурад Абдрахманов, Нұрболат Әбу де қарсыластарын нокаутпен ұтты.
NAIZA FIGHTING CHAMPIONSHIP (NFC) промоушнының президенті Нұрбек Қарабаланың командасы бұл турнирді жоғары деңгейде өткізді. Карантиндік шектеу салдарынан көрермендер де мұндай доданы сағынып қалғаны қиқуларынан байқалды. Тағы бір атап өтер жайт, халықаралық турнир болса да октагонға шыққан төрешілер команданы қазақ тілінде берді. Тілдің тұғырына қонуы өзіміздің қолымызда. Қай салада болмасын ана тілге деген жанашырлықты осылай сөз жүзінде емес, іске асырып, кәдеге жарата білу керек.
Қуаныш Рахмет,
Алматы қаласы