Павлодар қаласының тұрғыны өз анасын соққыға жыққан. Полиция оны 10 тәулікке қамады.Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қалалық полиция қызметкерлері отбасылық жанжал шығарушы есебінде тұрған 36 жастағы тұрғынды тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру кезінде өз анасын соққыға жығу фактісін анықтаған. Полиция мәліметінше, жанжал шығарушы әйел бұған дейін қоғамдық орындарда ішімдік ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен.
Аталған факт бойынша ҚР ӘҚБтК 73-бабы 2-бөліміне (Ұрып-соғу) сәйкес хаттама толтырылып, сотқа жолданды.
«Анасын соққыға жыққан қызына қатысты учаскелік полиция инспекторының қолдаухатымен, Павлодар қаласының мамандандырылған сотының шешімімен жүріс тұрысына қатаң талап қойылды және 10 тәулікке қамауға алу түріндегі әкімшілік жаза салынды», — делінеді хабарламада.