
«Самұрық-Қазына» АҚ мен қордың портфельдік компанияларында жас әрі, шығармашыл IT-мамандарды тегін тағылымдамадан өткізу жалғасуда.
«Цифрлық жаз-2018» бағдарламасы маусым айында басталып, қыркүйектің 7 дейін Астана, Алматы, Өскемен, Павлодар және Атырау қалаларында жалғасады. Бағдарламаға қатысуға ниетті 2016, 2017 және 2018 жылдар түлектерінен 2100 өтініш келіп түсті. IT бойынша базалық білімін тестілеуге 500 жуық үміткер қатысып, 72 жас маман тәжірибеден өтуге шақырту алды. Бүгінгі күні тағылымгерлер жетекші ІТ компаниялар мамандарының 15 дәрісін тыңдады.
«Жаз бойы тағылымгерлер семинарлар тыңдады, оның ішінде Microsoft компаниясы да бар. Менің әріптестерім өнімді жұмыс пен озық технологиялар туралы әңгімеледі. Мысалы, кешеден бері біз машиналық оқыту, интернет заттар, деректерді визуализациялау және т.б. технологияларды қолдана отырып, деректердің үлкен көлемін талдау үшін алдыңғы қатарлы технологияларды қалай пайдалану керектігі, сондай-ақ деректерді талдау бойынша дәрістер жүргізудеміз», — деді Microsoft компаниясының деректерді талдау құралдарының маманы Санжар Мырзағалым.
Тағылымгерлер практикалық тәжірибені SAP, Microsoft, Oracle, Cisco, HP, IBM, Huawei компанияларынан алуда. Назарбаев Университетінің түлегі Динара Асанның айтуынша, ірі мемлекеттік холдингте тәжірибеден өту – қажетті өндірістік дағдыларды игеру үшін тамаша мүмкіндік.
«Мен бұл тағылымдаманы қордың үлкен компанияларында жұмыс істеуге берілген жеке мүмкіндік ретінде қарастырамын. Әрбір тағылымгердің өз саласы бойынша үйретіп, бағыт-бағдар көрсететін тәлімгері бар. Компанияның тренингтерінде өнімдер туралы және жұмысты қалай оңтайландыруға болатындығы айтылады», — деп әсерімен бөлісті тағылымдамадан өтуші.
Үздік шыққан 33 тағылымгер «Самұрық-Қазына», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақстан темір жолы», «Қазпочта», «Самұрық-Энерго», «Қазақтелеком», «Тау-Кен Самұрық», «КОРЭМ», «Qazaq Air», «Біріккен химиялық компания», «Энергоинформ» және «Самұрық-Қазына Контракт» тәрізді компанияларда жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.