
Қазақстанда мұнай мен газдың жаңа кен орындарын зерттеу қажет. Бұл жайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті. Бұл туралы Ақорданың Тwitter-дегі аккаунтында хабарланды.
«Қазір өңірдегі мұнай-кен орындарының сарқылуы және жыл сайын көмірсутек өндірудің төмендеуі байқалады. Болашақта бұл салада жұмыс істейтін адамдарда проблема туындауы мүмкін. Ресурстық базасын кеңейту бойынша шұғыл шаралар қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының жұртшылығымен кездесу барысында. Осы орайда Мемлекет басшысы жаңа мұнай-газ кен орындарын зерттеуге кірісу қажеттігіне назар аудартты. «Жаңа кен орындарын зерттеуге, қолданыстағы жобаларға заманауи технологияларды енгізуге кірісу қажет. Үкімет «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы және әкімдікпен бірлесіп, өңірдегі мұнай-газ саласын дамытудың нақты стратегиясын әзірлеуі керек», — деді Қазақстан Президенті.