
Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына барды. Жұртшылықпен кездесу барысында мемлекет басшысы бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды.
Әсіресе мал ұрлығымен күресті күшейту қажеттігіне баса назар аударды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Фейсбуктегі парақшасында жазды.
Қ.Тоқаев бас прокуратура алдына бірқатар міндеттер қойды. «Қазақ амандасқанда «Мал-жан аман ба?» деп жөн сұрасқан. Дегенмен, соңғы кезде қорадағы малын таппай қалатын азаматтар көбейіп барады. Өткен жылы елімізде 5,5 мың мал ұрлығы тіркелген. Ұрлық жақсылыққа апармайды! Бұған тыйым салу керек! Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет! Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек», –деді.
Ішкі істер министрлігі қызметкерлерімен кездесуде де осы мәселеге қатысты нақты тапсырма бергенін, әкімдіктер мен жергілікті полиция барымтаға қарсы шұғыл шара қабылдау тиістігін баса айтты. Президент: «Қылмыстық кодекске тиісті өзгертулер енгізу қажет. Парламент депутаттары осы бастаманы қолдап, мәселенің оң шешім табуына атсалысады деп сенемін», – деп атап өтті.
Сондай-ақ, аймақтағы өткір мәселе – есірткі қылмысының ушығуы екеніне назар аудартты. «Бұл – бүкіл қоғамды алаңдатқан өзекті мәселе. Өкінішке қарай, қазіргі озық технология дамыған заманда «есірткі бизнесінің» дәурені жүріп тұр. Есірткі сататын «астыртын» жарнамалар қаптап кетті. Тіпті, арнайы сайттар ашылған. Бұл, ең алдымен, жастардың санасын және денсаулығын улайтын кесел. Мұны тоқтату қажет! Жол бермеу керек! Заң жүзінде тосқауыл қоюымыз аса маңызды! Есірткі сатуды кәсіпке айналдырған қылмыскерлер қатаң жазалануы керек! Полиция қызметкерлеріне осы мәселе бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырамын», – деді Қ.Тоқаев.
Е.Қанжанұлы