
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ораза айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
Құрметті отандастар!
Барша мұсылман қауымын Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Адамгершілікке, мейірім мен қайырымдылыққа үндейтін қасиетті Рамазан айының аяқталуы — күллі мұсылман үмбеті үшін маңызды мереке. Ораза айт күндері әр мұсылман туған-туыстары мен бауырларына қамқорлық көрсетіп, мұқтаж жандарға қол ұшын созып, өзінің рухани дамуына зор мән береді. Ізгі ойлар мен игі істер өзара түсіністік пен келісімге бастайды, адамдарды ортақ мақсат-мүддеге жетелейді. Қазақстан — бейбіт өмір мен жасампаздықтың мекені. Өзге діни сенімдерге құрмет, толеранттылық пен адамгершілік құндылықтар — халқымызға тән игі қасиеттер. Ислам ілімі Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлттық дәстүрге берік қоғамымыздың рухани жаңғыру идеясына толық сай келеді. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін!
Ораза айт құтты болсын!