
Митинг кезінде қоғамдық қауіпсіздікке қауіп төндірмеген адамдар жақын арада босатылады. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews басылымына берген сұхбатында мәлімдеді.
«Шеруге шыққандарға келсек, олар наразылығын білдіру үшін көшеге шықты. Қазір олардың талабын зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Көбінің талабы әлеуметтік сипатта. Мұндай мәселелердің барын жоққа шығармаймын. Негізінде мұндай жағдай адамдардың кедейленуіне байланысты болады. Олар үкіметтен әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуді талап етеді», — деді Тоқаев. Оның айтуынша, құқық қорғау органдары заңсыз акицялардың жолын кесуді жалғастырады. «Бас прокуратура көшедегі мұндай жиындардың заңсыз екенін талай айтқан. Заңсыз митингтер, тәртіпсіздіктер — бұған қатысқысы келмейтін халыққа кедергі келтіреді», — деді Президент.