jasqazaq.kz

Тиімді ынтымақтастық жемісі

20 желтоқсан 2019, 11:44

Отандық нарықты сапалы жанармаймен қамтамасыз етуде Шымкент мұнай өңдеу зауытының алар орны ерекше. Құрал-жабдығы мен өндіріс технологиясы ескірген зауытта жаңғырту жобасының іске асуы отандық мұнай-газ саласындағы маңызды оқиғаның бірі болғаны анық. Сондай-ақ Шымкент МӨЗ – «ҚазМұнайГаз» бен CNPC (Қытай) компаниялары табысты серіктестіктігінің жарқын үлгісі. 2007 жылы ұлттық компания «ПетроҚазақстанОйл Продактс» (ПКОП) ЖШС акциясының 50 пайызын сатып алғаны мәлім. Содан бері ҚМГ зауытты тең дәрежеде басқару мүмкіндігіне ие.

Осы аптада Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо Шымкенттегі жұмыс сапарында мұнай өңдеу зауытына да бас сұғып, тілші қауыммен жүздесті.

«Бұл – біздің өзара тиімді ынтымақтастығымыздың жемісі», – деді Чжан Сяо сөйлеген сөзінде. – Мен зауытты көріп, осындай кәсіпорында жұмыс істейтін жергілікті тұрғындар үшін қуанып тұрмын. Мұны Қазақстан мен Қытайдың өзара тиімді және жемісті іс-әрекетінің тамаша үлгісі деп білемін. Сіздер зауытта көне құрылғы, қандай да бір ластауды көрдіңіздер ме? Не болмаса, шетелдік мамандарға басымдық беруді байқадыңыздар ма? Соңғы кезде осындай алып-қашпа сөздер ақпарат кеңістігінде көп айтылып жүр. Осы мәселелерге айрықша назар аударып, анығына көз жеткізсеңіздер екен. Бүгінде Шымкент мұнай өңдеу зауытының жаңарғаны сонша, оны мүлде басқа кәсіпорын деуге болар. Өйткені, ол ең заманауи құрал-жабдықпен және озық технологиялармен қамтылды.
Шынында да, жаңғыртуға дейін 1985 жылы салынған зауыттағы технологиялық құрал-жабдықта мұнайды терең өңдеу мүмкін емес еді. Ал өндірілген өнім Еуро-2 стандартына ғана сәйкес болды. Сондықтан зауытты қайта құру жобасы мемлекеттің Үдемелі индустриалдық-инновациялық бағдарламасына енгізілді.
Ауқымды жоба «ҚазМұнайГаз-ӨМ» АҚ мен CNPC E&D компанияларынан алынған тең қарыз есебінен қаржыландырылды. Оған қоса, «Қазақстан даму банкінен» қарыз алынды. Жобаны іске асыру үшін 1,8 млрд доллар көлемінде инвестиция құйылды.
Еске сала кетсек, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құру жобасы екі кезеңде жүргізілді. Әлем бойынша ірі инвестициялық жобаларды іске асыруда мол тәжірибесі бар CNPC корпорациясының бөлімшесі – СРЕСС мұнай инженерлік-құрылыс компаниясы Жобаның бас мердігері болды.
Елімізде өндірілетін мұнай өнімдерінің жалпы көлемінің шамамен 30 пайызын зауыт шығаратындықтан, жаңғырту жұмыстары кезінде негізгі өндіріс тоқтаған жоқ. Кәсіби мамандардан құралған команда жобаны белгіленген мерзімде табысты орындап шықты.
Жобаның бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін – жеңіл нафтаны изомерлеу қондырғысы, жылына 4,0 мың тонна күкірт өндіру қондырғысы, реконструкциядан өткізілген дизель отынын гидротазалау қондырғысы, автоматты нүктелік құю қондырғысы пайдалануға берілді.
Осылайша, жаңғырту жобасы іске асырылғаннан кейін шығарылатын өнімнің көлемі мен түрі (ассортименті) көбейді.
Компанияның техникалық директоры Бақыт Ерегенов журналистерді зауыттың тыныс-тіршілігімен таныстырды. Алдымен өндірістік қуаты жылына 2 млн тоннаны құрайтын каталитикалық крекинг кешеніне апарды. Мұнда каталитикалық крекинг бензинін гидротазалау қондырғысы (жылдық қуаты1,0 млн тонна), қанықпаған көмірсутекті газдарды күкіртсіздендіру қондырғысы (жылдық қуаты 303,1 мың тонна), сілтіні тазалау қондырғысы (жылдық қуаты 6,0 мың тонна), қаныққан көмірсутекті газдарды күкіртсіздендіру қондырғысы (жылдық қуаты145,0 мың тонна), күкірт өндіру қондырғысы (жылдық қуаты 15,0 мың тонна), С3/С4 фракцияларын бөлу қондырғысы (жылдық қуаты 301,9 мың тонна), аминді регенерациялау қондырғысы (жылдық қуаты 1,345 мың тонна), қышқыл ағызынды суларды буландыру қондырғысы (жылдық қуаты 792,1 мың тонна), қысқа циклды адсорбциялау қондырғысы (жылдық қуаты 209,8 мың тонна) жұмыс істеп тұр. Бұл кешенді алып зауыттың жүрегі десе де болады.
Каталитикалық крекинг кешенінің басшысы Мұрат Тапбергенов:
«Каталитикалық крекингті орнату – өте күрделі процесс, оның үстіне бізге ең соңғы үлгісі әкелінді. Қытай мамандары көмектесіп, кейбір түсінбей қалған тұстары болса айтып отырады. Бұл істе қателесуге болмайды», – деді.
Құрылғыда жұмыс істейтін мамандар зауыт құрылысы кезеңінде осыған ұқсас орындарда тәжірибеден өткен көрінеді. Негізінен жастарды алған. Айталық, цехта еңбек ететін 175 адамның орташа жасы 29-дан аспайды.


«ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС бас директоры Цзян Шидің айтуынша, жаңғыртудың екінші кезеңінен кейін ашық түсті мұнай өнімдерін өндіру көлемі ұлғайыпты. Бұрын бұл көрсеткіш 55 пайызды құраса, модернизациядан кейін 80 пайызға жеткен. Бүгінде Шымкент мұнай өңдеу зауытында тәулігіне 2300 тонна мұнай өндіріледі.
«Зауытты жаңғырту кезеңінде Қазақстанда мұнай өнімдерінің тапшылығы орын алды. Ол кезде жыл сайынғы импорт 8-9 млн тоннаны құрайтын», – деді Цзян Ши. – Қазір керісінше, өндірілген өнім артық қалады. Зауыт тәулігіне 15 мың тонна жанар-жағармай өндірсе, оның 5 мың тоннасы – жоғары октанды бензин. Бұл зауытты модернизациялаудың нәтижесі. Қазір артық өнім Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстанға экспортталады.
Зауытта тазалау құрылғыларын жаңғырту жұмыстары да ұмыт қалған жоқ. «Жабық» және «жер үсті» құралжабдығын пайдалану атмосфералық ауаға және топырақ қабатына эмиссиялардың (зиянды заттардың) тасталуын болдырмайды және жылына 1,5 млн текше метрге дейін таза суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Атмосфераға шығарылатын көмірсутектер мен басқа да ластағыш заттардың шығарындыларын 90 пайызға дейін азайтуға, ал қаныққан және қанықпаған көмірсутектердің шығарындыларын 21 пайызға дейін азайтуға қол жеткізілді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 288-бабына сәйкес және «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауды, сақтауды, жоюды және шығаруды ұйымдастыру ережелеріне» сәйкес, кәсіпорында пайдаланылған ток көздерін жинау үшін контейнерлер, макулатураны жинау үшін пластикалық жәшіктер қойылды. Қайта өңдеу және кәдеге жарату (жою) үшін 1000 тонна мұнай шламы шығарылды. Кәсіпорын аумағын көгалдандыру және абаттандыру аясында кәсіпорын аумағына түрлі ағаштардың көшеттері отырғызылды. Жалпы ауданы 350 шаршы метрлік, күн көзінен қуат алатын батареялар мен 10 жел генераторы орнатылды. Сонымен бірге кәсіпорында экологиялық көлік түрі болып саналатын велосипед және электромобильдермен жүру үшін жағдай жасалды.
«Экологиялық зардаптарды барынша азайтуға қол жеткіздік», – деп жалғады өз сөзін Цзян Ши. – Мәселен, бензиндегі күкірт көлемі он есе азайды. Көмірсутегі мен ауаны ластайтын өзге де қалдықтардың таралауы 90 пайызға кеміді.Зауыттағы тазарту құрылғыларын жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталды. «Жабық» және «жер үсті» құрал-жабдығын пайдалану ауаны және топырақты ластауға жол бермейді. Сондай-ақ екінші қайтара пайдалану есебінен суды үнемдеуге қол жеткіздік.
Жаңа қондырғылар іске қосылғаннан кейін «ПКОП» ЖШС-да 2017-2018 жылдары 284 жаңа жұмыс орны қосымша аттестаттаудан өткізілді. Зауыт жұмыскерлерінің 98 пайызы – жергілікті тұрғындар, 2 пайызы ғана шетелдік азаматтар екенін айтқан жөн.
Кәсіпорындағы экологиялық өзгерістер мұнай өңдеу зауытына жақын орналасқан «Жұлдыз» ауылының тұрғындарын қуантып отыр. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Олжабай Сүйерқұлов Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездесуде өз алғысын білдірді. Қоршаған ортаға қамқорлық жасалып, қосымша жұмыс орындарының ашылуы «Жұлдыз» тұрғындарының көңілінен шыққандай. «Білімді, қолынан іс келетін азаматтар жұмысты алыстан іздемейді», – дейді ауыл Олжабай ақсақал.
Жалпы «ПКОП» ЖШС-де жаңғырудың бір жылында 500 жаңа жұмыс орны ашылған. Бұған дейін мұндағы жұмысшылардың орташа жасы 53-56 жас болса, қазір 41 жасты құрайды екен. Өндіріске кілең жастар тартылып жатыр. Оның 98 пайызы қазақтар екенін айтып өттік. Ал жұмысшылардың орташа айлық жалақысы – 230 мың теңге.
«ПКОП» ЖШС әкімшілік-құқықтық мәселелер департаментінің директоры Гүлназ Әшірбаева да өз мағлұматымен бөлісті.
«Өзара тәжірибе алмасу аясында Қытайдың мұнай өңдеу зауыттарына
және салалас кәсіпорындардың жұмысымен танысу мақсатында, жыл сайын компания жұмыскерлеріне Қытай Халық Республикасына сапарлар ұйымдастырылады. Кәсіпорын жұмыскерлеріне қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауда жоғары көрсеткіштері үшін «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС «Дүние жүзілік еңбекті қорғау күніне» орай ұйымдастырылған «Үздік қауіпсіз кәсіпорын» байқауында арнайы дипломмен және жеңімпаз кубогімен марапатталды. Өндірістік қызметтегі жетістіктері үшін және Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және қайта құру жобасын іске асыруға қосқан үлесі үшін «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС басшылығы мен жұмыскерлері мемлекеттік наградалармен, медальдармен және құрмет грамоталарымен марапатталды», – дейді ол.
Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Сяо бұл зауытта бір жыл бұрын болғанын тілге тиек ете келе, аз уақыттың ішінде көз өзгерістің орын алғанына ризашылығын білдірді.
«Модернизация компанияға екінші өмір сыйлапты. Бүгінгі таңда
«ПКОП» ЖШС-де озық жаңа технологиялар, цифрландыру, өндірістік процестерді жетілдіру салаларында халықаралық тәжірибе кеңінен қолданылуда, бұған Қазақстан мен Қытай мемлекеттерінің ұлттық операторлары деңгейіндегі тиімді және жемісті ынтымақтастықтың арқасында қол жеткізілді десек қателеспейміз», – деді Чжан Сяо.

Мөлдір Кенжебай,
Шымкент қаласы

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде