jasqazaq.kz

«TAZALYQ» жобасы Атыраудың экологиясын жақсартады

01 қазан 2021, 10:51

Қоршаған ортаны қорғау отандық мұнай өңдеу кәсіпорындарының күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Бұған еліміздегі байырғы өндіріс ошақтарының бірі – Атырау мұнай өңдеу зауытының экологияны жақсарту жолында атқарып жатқан шаралары айқын дәлел болады. Бұл ретте суды үнемдеу және топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру сияқты ауқымды жұмыстарды қамтитын «Tazalyq» жобасына айрықша тоқталған жөн.

Жобаны «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен Атырау мұнай өңдеу зауыты (Атырау МӨЗ) бірлесе жүзеге асырып жатыр. Оның басты мақсаты – өңірдің экологиясын жақсартуға үлес қосу. «TAZALYQ» жобасын қаржыландыру мақсатымен Атырау МӨЗ бен Еуропа қайта құру және даму банкі арасында 80 млн долларға дейінгі соманы құрайтын келісімшартқа қол қойылған болатын.
Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне «TAZALYQ» туралы мағлұмат берген Атырау мұнай өңдеу зауытының құрылысты ұйымдастыру бөлімі басшысының орынбасары Қанат Сағызбаевтың айтуынша, жобаны іске асыруға дайындық 2019 жылы басталған. Сол жылы жобалау жүргізіліп, өткен жылы құрылыс жұмыстары қолға алынды. Жоба бойынша механикалық тазарту қондырғысын қайта жаңартып, булану алқабындағы топырақты қайта құнарландыру (рекультивациялау) көзделген. Бұл жұмыстар 2023 жылдың соңына дейін толық аяқталуы тиіс.
Қ. Сағызбаев осы кезге дейін жұмыс істеп тұрған механикалық тазарту қондырғысының қуаты сағатына 500 текше метр екенін айта келе, оны екі есеге, яғни 1000 текше метрге жеткізу жоспарланып отырғанын хабарлады. Қондырғыны қайта жаңарту екі кезеңмен жүргізіліп жатыр.
«Өйткені зауыт аумағында жаңа нысанды тұрғызу үшін бос жер қалмады. Сондықтан бірінші кезең аясында бірнеше жаңа нысанның құрылысын салу аяқталды. Ал екінші кезеңде бұрынғы нысанның орнына жаңасы салынады. Осылайша, қайта жаңартылған механикалық тазарту қондырғысының қуаты сағатына 1000 текше метрді құрайтын болады. Жаңа механикалық тазарту нысандарын іске қосу арқылы Жайық өзенінен алынатын судың мөлшері 10 пайызға төмендейді. Зауыттың тазартылған ағынды суының 15 пайызы өндіріске қайта пайдалану үшін жіберіледі», – дейді Қанат Сағызбаев.

Қазір қалдықтарды алдын ала тазарту және сусыздандыру блоктарында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екінші кезең шеңберінде орташаландырғыш және флотация блоктары салынады. Бірінші кезеңнің құрылысын алдағы жылы наурызда аяқтау жоспарланған. Ал механикалық тазарту қондырғысын жаңғырту 2022 жылдың желтоқсан айында толық аяқталады.

Осыған дейін кәсіпорынға тиесілі аумағы 4 секторға бөлінген, тұрғындар арасында «Сасық сай» деп аталатын булану алқабын қалпына келтіру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілді. Қазір осы аумақта бірнеше жұмыс қатар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, қалалық және зауытқа тиесілі бөлік арасындағы бөгеттің, 2-ші және 3-ші секторлар аралығындағы бірінші бөгеттің құрылысы толық аяқталды. Сонымен қатар, 3-ші және 4-ші секторлар арасында орналасқан екінші бөгеттің құрылысы 95 пайызға атқарылыпты. Бұған қоса, бірінші сектор толығымен құрғатылыпты. Оған қанаттас екінші секторда құрғату жұмыстары 70 пайызға іске асырылды. Осы булану аумағын құрғату үшін 74 560 мың текше метр топырақ төгу қажет. Қазір әкеліп төгілген топырақтың көлемі 70 мың текше метрден асып отыр. Алаңды құрғату процесі аяқталған соң төрт сектордағы топырақты құнарландыру (рекультивациялау) жүргізіледі. Атап айтқанда, осы аумақта қаулап өскен қамысты шабу, содан кейін 860 тоннаны құрайтын арнайы биологиялық өнімді топырақ қабатына сіңіру арқылы жер жырту басталады. Алаңдағы 4 сектор 2023 жылдың қарашасында толығымен қалпына келтірілуі тиіс.

Осы уақытқа дейін Атырау МӨЗ-дің нормативтік-тазартылған сарқынды суы арнайы каналмен «Сасық сай» булану алаңына жіберілетін. «Tazalyq» жобасы аясында осы арнаны да қайта жаңғырту (реконструкция) қолға алынады. Аталған канал түгелдей жабық болады. Жобаның арқасында қоршаған ортаға түрлі қалдықтардың таралуына тосқауыл қойылады. Сол жабық канал зауыттың тазартылған ағынды суын қаладағы кәріз-тазарту нысандарына жіберуге мүмкіндік береді. Бүгінде сарқынды суды булану алаңына жіберу үшін уақытша құбыр тартылып жатыр. Оның ұзындығы – 3,5 шақырым. Құбыр желісінің құрылысы қазір 90 пайызға орындалыпты. Ал каналды қайта жаңартуды алдағы жылдың маусым айында аяқтау көзделген.

Осы орайда Қ.Сағызбаев: «Булану алаңын қалпына келтіруді жобалау барысында қалдықтарды зерттеу жұмысы жүргізілді. Соның нәтижесінде түрлі көрсеткіштер анықталды. Атап айтқанда, қалдықтарды елімізде өндірілетін бірнеше биопрепаратпен өңдеу арқылы булану алаңын құрғатуға болады. Мұның тиімділі 60-65 пайызды құрайды», – деді.

Осылайша, «Tazalyq» жобасы Атырау өңірінде қоршаған ортаны жақсарту және экологиялық тұрғыдан тиімді өндіріс процесін жүргізуге сүбелі үлес қосып отыр.

Нұргүл Насыр,
Атырау облысы

Бүгін, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия