jasqazaq.kz

Тартысқа толы айқасқа асығыңыз!

19 қараша 2021, 17:11

Алматыда 26 қараша күні Алматы арена спорт кешенінде Naiza (NFC) лигасының кезекті турнирі өтеді. NFC-35 додасының алдында лиганың президенті Нұрбек Қарабаламен болған сұхбатымыз да осы турнир төңірегінде өрбіді.

–Нұрбек мырза, алғашқы сауалды Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қаласында өткен UFC 267 турнирінен бастап өрбітсек. «Атың барда жер таны желіп жүріп» деп, Дэйна Уайт командасының әлемдік сайыс өткізудегі тәжірибесін көру мақсатында жол түсті ме?

–Ол жағы да бар. Жалпы осы күнде әлемдегі ең таңдаулы промоушн саналатын UFC-дің турниріне бұған дейін де арнайы барып көргенмін. Бір емес, екі мәрте көрермен есебінде тамашалағам. Бұл жолғы сапар үшінші аттаныс еді. Рас, Дэйна Уайттың командасы ұйымдастырған кезекті турнирдің артықшылығын, біз үйренуге тиіс тұсын көрсек деп бардым. Дегенмен көңіл қоңылтақсып қайтты, олжасыз оралған аңшыдаймыз десем де болады. Неге? Өйткені әлемдегі ең таңдаулы промоутерлік компанияның жекпе-жектерді өткізудегі әдіс-тәсілі, айқастардың сән-салтанатын келтіруінде анау айтқандай артықшылық жоқ. Олардың жасаған жарқ-жұрқ шоуын біз де ұйымдастыра аламыз, қолымыздан келеді. Оны Алматыда қазан айында өткізген турнирді тамашалағандар біледі. NFC-дің де ұйымдастырылатын сайыстары халықаралық стандартқа сай, нормаға сәйкес келеді, ол жағынан ешқандай мәселе жоқ. Мына жайтты баса айтқым келеді, әрине Дэйна Уайттың деңгейіне жету, дәрежесіне бойлауға бізге әлі ерте. Абу Дабидегі дүбірлі додада UFC-дің продакшн командасындағы адамдардың еңбегі айырықша екенін атап айту керек. Олар өз жауынгерлерін жеке таныстыру барысы бойынша түсірген шағын ғана бейнебаянның өзін әсерлі етіп шығарған, жүрегіңе өткізе біледі. Осындай артықшылықтарынан алатын, үйренетін нәрсе көп әлі. Бұл сайысқа барудағы екінші себеп, Ресейде туған этникалық қазақ, өзіміздің бауырымыз Дамир Исмағұлов та кезекті айқасын өткізуі керек еді, соған жанкүйер ретінде қолдау көрсету үшін бардық. Өкінішке қарай, Дамир салмақ тастау кезіндегі ауыр жаттығулардан соң денсаулығы сыр беріп, айқасқа түскен жоқ. Сапарға қысқаша қорытқанда осындай себеппен шығып барып келдік.

–Жөн екен, енді Дэйна Уайттың өткізіп жүрген сайыстарын арнайы барып тамашалап жүрсіз. ММА спорты да әлемде қазір үлкен базар іспетті. Қыруар қаржының айналымы жүріп жатқан жылым секілді.

–Дұрыс айтасыз, нарық деп айтсақ та болады. ММА орасан ақшаның ортасы. Жекпе-жек спортымен кәсіби шұғылданушылардың басым көпшілігінің армандайтын, соны бағдар тұтатын ең биік шыңы осы UFC. Бұл промоушнда айқасқа түсуді армандамайтын спортшы жоқ шығар, жекпе-жек өнерін таңдағандар арасында. Бірақ олардың бәрі сол октагонда ойран салуға лайық па деген шарт екінші мәселе.
Абу Дабиде біз Дэйна Уайтпен кездесіп, өзіміздің өткізген халықаралық сайыстардың бейнежазбасын көрсетіп, жұмысымызды таныстырдық. Жылы қабылдады, келешекте NFC-де келісімшарт бойынша айқасатын жауынгерердің арасынан өзінің даралығын көрсетіп, көптің назарына іліккендерін Уайттың ұжымына қосуға күш саламыз. Алға қойған мақсатымыз да сондай, Аллаға шүкір қазақ елінің бірнеше спортшысының UFC-мен келісімшарты бар, айқасқа қатысып жүр. Сол арландардың арасына басқа да жігіттерді қосу жайын талқыладық. Д.Уайттың командасы секілді біздің де ұжым Орталық Азия аймағында теңдессіз промоушнға айналатынын дәлелдеп паш еттік.

Қазан айында өткен NFC-34 турниріне Бразилия елінен де спортшылар келеді деп сауын айтылды. Бірақ айқасқа қатысқан жоқ.

–Оның басты себебі Бразилия елінің сол кезде қызыл аймақта болып, халқының шетелге шығуы кезінде көптеген мәселе туындады. Бұл елден бізге тікелей рейс жоқ, Еуропа елдері арқылы ұшып келеді. Карантинге байланысты бразилиялықтар ұшып келе алмады да олардың орнына басқа спортшыларды шақырттық. 26 қарашада өтетін NFC-35 турниріне де бразилиялық Лазаро деген спортшыны шақыртқанбыз. Жекпе-жек бойынша келісім бар, бірақ оның да Алатау бөктеріне келу-келмеуі неғайбіл болды. Жаттығу кезінде аяғының көк етін жыртып алған екен, толыққанды жазылмапты. Сондықтан да көрермендер бұл жолы да Бразилия елінің спортшысын көре алмайды.

–Қазан айында өткен турнирге бразилиялықтар карантиндік шектеуден шетелге ұшып шыға алмағандықтан, яғни олардың біздің елге келуі үшін Еуропаға келіп, содан бері қатынауға мүмкіндік болмағандықтан келе алмады дедіңіз. Бірақ сіздер Алматыда айқас өткізген соң араға аз ғана уақыт салып Ресейде АСА-ның кезекті турнирі өтті. Оған бразилиялықтар қатысты.

–Ресей шақыртқан бразилиялықтардың бізге неге аяғы жетпей қалды дегенді сұрағыңыз келіп отыр ғой. Орынды әрине, менің пайымдауымша, араласатын жолдастардан естігенім, Ресейге Бразилиядан жекпе-жек спорты бойынша спортшылар ертеректе келіп алады. Яғни айлап емес, жылдап жатады. Ресейде өмір сүреді. Дағыстанның Махачкала деген қаласында бір ғана залда бірнеше бразилиялық жаттығу жасап жүр, оны мен нақты білемін. Міне, солай ертеректе өтіп алғандар түрлі промоутерлік компаниялармен келісім жасасып, айқасқа түсіп нан тауып жүр. Жасыратыны жоқ ММА спорты, аралас жекпе-жек өнері Ресейде қарқынды дамып кеткен. Сөз басында айттым ғой, бұл нарық деп, сондықтан қомақты қаржы айналымы жүретін жүйені бұл елі жолға қойып алған. Сіз айтқан Ресейдегі бразилиялықтар осылай ертеде келіп алған спортшылар.

–«Көш жүре түзеледі» дейді қазақ. NFC-34 турниріндегі кеткен кем-кетіктің орнын осы жолғы турнирде түзеуге күш саламын дедіңіз.

–Алматы Арена кешенінде халықаралық турнир өткізу дегеніңіз тұнып тұрған процесс. Бір емес, екі мың шарты бар. Карантиндік шектеуге байланысты 13 мың адам сиятын аренаға көрермендерді 50 пайыз, яғни жартысын ғана кіргізуге рұқсат етті. 6 мыңнан асатын адамынң әрқайсының орнына жайғасуын, спортшылардың, қонақтардың, көрерменнің қауіпсіздігін қадағалау орасан шаруа. Оны тек турнирді өткізгендер ғана жете түсінеді. Әрине, біздің де осындай үлкен спорт кешенінде соншама халықтың алдында өткізген тұсаукесер сайысымыз болғандықтан кемшіліксіз өтті дей алмаймыз. Осы күнге дейін түрлі сайыстарды ұйымдастырдық, бірақ дәл осындай көрермен көп жиналатын жарысты енді қолға алғандықтан түзетер тұсы бар. Біздің басты миссиямыз – қаржы табу емес дәл қазір. Біздің мұратымыз – маңызды турнирлерді өткізуге әбден машықтанып ысылу. Болашақта АҚШ-та, Біріккен Араб Әмірлігінде, Англияда, Еуропаның басқа елдерінде де турнир жасау ойымызда бар. Сондықтан бізге дәл қазір тәжірибе жинап, шыңдалу қажет. Қаражат табу, пайдаға кенелу деген түсінікті екінші жоспарға ысырып қойдық, өйткені ол мәселені елімізде ММА спортының нарығы қалыптасқанда ғана ойлауға болады.

– Промоутерлік компанияңызда 80-ге жуық спортшы бар. Ресейде туған этникалық қазақ Серік Разғалиев NFC-34 турнирінде жекпе-жеке түсіп жеңіске жетті. Миллиардтан астам халықтың арасынан өздерін дәлелдеп, мойындатып мықтылығымен даралағанған Қытай елінің қазақтары да аралас жекпе-жекте оза шауып шығып жүр. Сол жігіттерді де NFC додасына шақырып салуға болмас па?

–Неге болмасын, әрине болады. Қытай қазақтарының ұланы Жұмабек Тұрсын исі қазақтан алғаш болып UFC октагонына кірді. Сайран Нұрданбекұлы деген бауырымыз да келісімшарт жасасып, бағын сынап көрді. Бұлардан өзге де талантты жәігіттер көп. Егер екі тарапқа да тиімді келісімге келер болсақ, шақыруға әзірміз. Біз Ресейдің қазағы, Өзбекстандағы қандасымыз деп бөліп-жармаймыз. Сабыр Адай айтқандай, «әр қазақ менің жалғызым». Басты ұстанымымыз тағы айтам, біздің промоутерлік компания қатарына қосылып, айқасқа түсіп жүрген жігіттерді қабілет-қарымына қарай іріктеп UFC-ге жол ашуына күш салу.

–Енді 26 қараша күні өтетін турнирдің кардына қатысты қысқаша айтсаңыз.

–Тартысқа толы қызықты айқас болады деп сенім артамыз. 15 жекпе-жек, 30 спортшы көп алдында шайқасады. Басты жекпе-жекте муай тайдан әлем чемпионы Николай Самсуев чемпиондық белбеуін қорғап, грэпплингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Райымбек Орынбайға қарсы айқасады. Ресейлік Магомед Кабардиев қырғызстандық Санжар Әжібаевпен жекпе-жекке түседі. Одан бөлек еліміздің байрағын түрлі турнирлерде қорғаған талантты жастар октагонға шығады. Көп естігеннен бір көрген артық деп, 26 қарашада жанкүйерлерімізді Алматы Арена төрінен күтеміз, бұл жолғы шоудың дүбірі өзгерек., содан қапы қалмаңыздар дегім келеді.

Сұхбаттасқан Қуаныш Рахмет

03 тамыз, 18:34
OPEC+ квотаны көбейтті. Енді мұнай тасымалы тоқтамасын деп тілейік!
31 шiлде, 23:19
Әскери оқу-жаттығу - елдің қорғаныс қабілетін нығайтуда маңызды фактор
30 шiлде, 16:00
Криминогендік ахуал: құқықбұзушылық азайып, қылмысты ашу деңгейі өсті
29 шiлде, 14:46
БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясы арқылы Қазақстанның халықаралық беделі арта түсті
27 шiлде, 14:13
Цифрлық даму – ел болашағының кепілі
27 шiлде, 14:07
Терроризмге қарсы ымырасыз күрес ешқашан тоқтамайды
24 шiлде, 20:33
Шетелдік сарапшылар: Жаһандық бейбітшілікті баянды етуде Қазақстанның үлесі зор
24 шiлде, 14:03
Қазақстан - Қытай ынтымақтастығы: Білім экономикасына бетбұрыс
23 шiлде, 16:00
Әкімжан Үмбеталин: Киберқылмысқа қарсы ымырасыз күрес оң нәтижесін беруде