jasqazaq.kz

Тарих тұңғиғы, тағдыр тәлкегі және «ТАЙТҰЯҚ» алтын

Бүгін, 14:41

(ЭССЕ)

Тарихшы-ұстаз Әлімғазы Қомсабақов шәкірттерімен(сурет астындағы жазу)

Кеңес заманында, ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін қазақ халқының тарихындағы ең қасіретті кезең саналады. Дәл осы аралықта 100 мыңнан астам азаматымыз жазықсыз жапа шегіп, оның 20 мыңы атылып кетті. Оларды ақтау – бүгінгі заман міндеті.

Елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау Тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай қолға алынды. 1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. 1997 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленді.

2020 жылдың 24 қарашасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығы Мемлекеттік комиссия құруға бастама болды. Жарлықтың екінші тарауында: «Мемлекеттік комиссияның негізгі міндеті саяси қуғын-сүргін құрбандарын заңдық және саяси тұрғыдан ақтау болып табылады» делінген. Бүгінгі күні республикалық комиссияның жұмыс топтарымен бірге өңірлік комиссиялар белсенді жұмыс істеуде. Олардың мүшелері мұрағаттық құжаттарды анықтаумен айналысады. Осындай жұмыстың нәтижесінде саяси қуғын-сүргін құрбандарының толық деректер базасы қайта жасақталуда. ХХ ғасырдағы кеңес үкіметінің қуғын-сүргін саясатынан зардап шеккен, ақталған және ақталмаған адамдардың тізімі жасалып жатыр. Бұл саяси қуғын-сүргін кезінде жазықсыз жапа шеккен адамдарға қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру үшін керек.

Газетіміздің белсенді авторы, белгілі журналист Талғат Сүйінбайдың жазбасында өткен ғасырдың 30-жылдарында қуғын-сүргінге ұшыраған бір адамның тағдыры баяндалады. Аяқ астынан істі болып, жазықсыз атылып кеткен жандардың әрқайсысы туралы осылайша егжей-тегжейлі жазылуы тиіс. Өйткені, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, бұл тарихтан тағылым алып, ондай зұлмат ешқашан қайталанбауы үшін керек.

Артель мүшесі Қомсабақ Саяқұлы 1932 жылы қамалған — 1934 жылы ақталған. Алайда… 1938 жылы қайта қамалған — сол жолы оған «халық жауы» деген айып тағылып, «үштіктің» үкімімен атылған.

Қызыл әскер Әлімғазы Қомсабақұлы 1942 жылы майданда «қаза тапқан» — 1944 жылы «тірі» болып шыққан. Майданда көрсеткен көзсіз ерлігіне қарамастан, гвардия аға лейтенанты, мергендер взводының командирі Қомсабақұлы «халық жауының» ұлы болғандықтан, КСРО Қарулы Күштерінің жоғары офицер құрамына қабылданбаған. 1962 жылы білім ордасының ұсынысымен Мысыр сапарына аттанар тұста, жарты жолдан қайтарылған…

Заңгер Бәйкен Әлімғазыұлы Тәуелсіздік жылдары 1966 жылы сот шешімімен ақталған атасының заңды құжатын тапқан…

(Бір әулеттегі үш буын өкілінің тарихынан)

Егін жинау қызған кез екен. Қол орағы қолындағы шаруаның бірі дамылдап, белін түзеп, басын жоғары көтермей ме!? Бас көтеріп маңдайдан сауылдап аққан терін сылып тастап жан-жағына көз тастап қарамай ма!? Сол тұста тыныстап алмақ ниет танытқан тағы бір жолдасы сарғайған газет парағын жыртып, махорка орап жатыпты дейді.

Газеттің жыртылған бетіндегі көмескі суретті көзі шалған шаруа жәй тұрмай, қызығушылықпен махорка орап жатқан досына әлгі көмескі кескінді орағының ұшымен нұсқап көрсетіп:
— Әй, андағы… мұрты ғана анық көрінген кімнің суреті? — дейді ғой.

Сол бейкүнә шаруа ыңыршығы шыққан бетешақадан босқа басы бәлеге ілігіп, бет-бейнесі суретін орақтың ұшымен көрсетіп «қорлағаны үшін» «итжеккенге» 15 жылға айдалып кеткен екен! Міне, елімізді жаппай жайлаған «қызыл нәубет» дертінің қарапайым бір ғана мысалы осындай болып келеді. Ешбір кінәсі жоқ қазақ осылайша саяси «сауатсыздығы үшін» жазаланды, қаншасы өмірімен қоштасты. Ең аяныштысы — қолдан жасалған «қызыл қырғын» науқанынан ешкім де өзін-өзі қорғай да алмады, қорғаушысы да болмады!

Бір әулеттің үлкені — Қомсабақ Саяқұлының тағдыры да жоғарыдағы оқиғаға ұқсас…

Қараша ауылдың жұрты егістіктегі бар өнімді Отан қамбасына жөнелтіп, өздері ауыздарын қу шөппен сүртіп қалған қиын кезең үсті екен дейді. Қара суық жығылған үстіне жұдырықтай тиіп, жұртты абыржытып тастайды. Аракідік ауыл ішінде артельге кіріп қарық боламыз деген халықтың тұрмыс жайы көтеріле алмай тұралап қалған. Нан сұрап жылаған бір үй толы бала-шағаның көз жасын көрген Қомсабақ сынды ер-азамат сонда артель басшысына барып:
— Оу, айналайын құрдасым… мынау қызылшақаларды қырасың ба, қол ұшын берсеңші! — депті.

Артель басшысы Әбдіқадір Бабажанов:
— Қамбада бір түйір дән болса бұйырмасын, қауызына дейін сыпырып-сиырып ауданға жөнелттік емес пе? — дейді.

Бұл кезде Ресейдің Орал, Дон жағалауларын аштық жайлап, қара халықтың құты қаша бастаған. Қазақтың малы да, дәні де солардың аш құрсағын толтыруға толассыз, тоқтаусыз жіберіліп жатқан. Бүгінгі тарих солай дейді, ол тұста ауыл жұрты оны білді дейсіз бе? «Бәрі де жаңа өкімет үшін, халық үшін!» деген ұранды көтере жүріп, қазақ өз тағдырын ойлауды мүлдем ұмыт қалдырған.

Бастаған әңгімеміздің желісіне қайта оралсақ: қамкөңіл азамат артель басшысына «Аш құрсақ балалардың аналарына ең болмаса егістікте тышқаннан қалған масақты теруге рұқсат етсеңші», — деген ұсыныс жасапты. Құдайшылығына келсек, сартышқанның жемсауына түспей қалған дән қауызы далада жатса, шіріп те кетеді. Артель басшысы Әбдіқадір Бабажанов та Құдайға қараған жан болса керек, қатты күйзеліп отырған бір-екі отбасының әйелдеріне әрі құрдасы, әрі атқосшысы Қомсабақтың меселін де қайтармай, егістікте қалған масақты жинауға келісімін береді. Бар болғаны осы!

Бұл әңгіме ауылдағы шала сауатты шолақ белсенділердің бірінің құлағына жетеді… Ол пақырыңыз ерте тұрып, қотыр тайын ерттеп мініп, жаңа туған үкіметке өзінің жан-тәнімен берілген адалдығын көрсетпек мақсатымен аудандағы тиісті орынға арнайы барып тұрып мәлімет жеткізіп қайтады. «Артель басшысының атқосшысы Қомсабақ Саяқов ауылдағыларға масақ теруге рұқсат алып барған» деген айыптың күнде мемлекет мүлкін талан-таражға салушы атанады да шыға келеді. Найзалы мылтығы бар екі қызыл әскер Қомсабақтың қолына кісен салып, бүкіл ауыл жұртының көзінше, арбаға таңып мінгізіп аудан орталығына алады да кетеді. Сол кеткеннен жазықсыздан-жазықсыз істі болған Қомсабақ Саяқұлы абақтыда екі жыл отырып оралады…

Артель мүшесі Қомсабақ Саяқұлы

Қомсабақ тумысынан намысқой, әділетсіздікке төзбейтін бірбеткей жан екен. Өнерден де құралақан қалмапты. Домбыраны бебеулетіп ән салған, отырыстың гүлі болған. Суықтөбе баурайында жылқы баптап, асау үйреткен, көкпар тартса, салымды бермеген. Ал енді, жастығына қарамастан, ағайын арасындағы ренішті шешіп, татуластырудың шебері болғаны туралы аңыз ел құлағында қалды. Ескіше оқыған, араб кәрпімен хат таныған. Бойына осындай қасиеттер жинақталған азаматтың ел ішінде сері Қомсабақ атануы да тегіннен-тегін емес-ті. Кеңес үкіметін екі қолымен қолдап ауыл жұртын артель басына топтастыруда да танытқан белсенділік ісі өз алдына!

Тәуелсіздіктің арқасында сан том тарихи «ақтаңдақтардың» жабық парақтары ашылып жатқан тұста, тиісті орындарға арнайы сауал хат жолданып, қаншама құжаттар жариялылық тапты. Қомсабақ ұрпағын да «Біздің атамыз бар болғаны «Мына қызылшақалар аштан өлмесін, ең болмаса масақта қалған қауыздағы жарты дәнді талғажу жасасын» деген бір ауыз сөзі үшін «халық жауы» атанғаны ма? Халқының қамын жеген қайсар жанның қолына кісен салатын ол қандай үкімет болды сонда? Неге көз алдында болып жатқан жантүршігерлік оқиғаларға төрелік айтатын ауыл-аймақта адам табылмаған!?» деген сан тарау сауал мазалайтын. Сұрақ орынды. Бірақ заман ағымы басқатын. Бас көтерген адам жаңа үкіметке қарсы келді деп, яғни «халық жауы» атанып, қас-қағым сәтте итжеккенге айдалатын да кететін. Қомсабақ жарық күнде қапасқа қамалған сондай құрбандардың біріне айналды! Ең сорақысы, қитұрқы саясаттың төл туындысы — жергілікті «үштіктің» шешімі болды! Бұл «үштіктің» мәртебесі халық аузын ашып, көзін жұмып Құдайдай сенген кеңес үкіметінің шешімімен тең дәрежеде тұратын. Міне, осы тұста ғой, мұндай тосын сыйлардан басы айналып шарасыздық күйін кешкен ауыл жұртының өзі кімге сенерін, қалай сенерін де білмей дал болғаны. Қасақана жасалған «асырасілтеушіліктің» аяғы халықты ашаршылыққа ұрындырды. Бірсыпыра жұрт мұндай қолдан жасалған қиянатқа төзбей, бала-шағасын жетектеп-ертіп тау асып, Қастек аңғарымен қырғыз еліне шұбыра көшіп жатты.

«Халық жауына» шығарылған үкім-қағаздың көшірмесі

— «Жабық» мемлекеттің құпиялық темір торы түрілген тұста өз басым талмай іздеу сала жүріп атама қатысты архив құжаттарын мұқият ақтарып, қарап шықтым, – дейді белгілі заңгер Қомсабақ немересі Бәйкен Әлімғазин. – Ақтарып шықтым деген аты ғана… Сонда мен құпия құжаттың аты мен астарында нендей мемлекеттік қылмыстың жатқанына көз жеткізе алмадым. Нақты қолыма тигені бір жапырақ қана қағаз. Тергеу ісі деген тармақта «КСРО қауіпсіздік комитетінің №08765 архиві» деп жазылған. Ал ол құжатқа қол жеткізу, тіпті мүмкін емес. Ең қызығы, әлгі архив оның алдында «2408 ф 1» деп те тіркелген екен. Бірақ ол кейін белінен сызылған. Ал «архив №29689» деген цифр да белінен екі мәрте сызылған. Келесі белінен екі мәрте сызылған архивтік белгі ерекше назар аудартады. Онда «Москва. № 448486» деп жазылыпты. Ол да белінен екі мәрте сызылған. Ал түсініп көріңіз… Қылмыс атауы, тергеу ісі, лақап аты деген жолдар бос тұр, толтырылмаған. Еңбек жолымды ұзақ мерзімде құқық саласында – оның ішінде тергеу амалдарымен тікелей айналысқан мені таңқалдырғаны да адам тағдырын шешкен сол кездегі заңдық құқы бар құжаттағы «қойыртпақ» жазбалар.

Есесіне, құжаттың 7-ші тармағында «Байдың ұлы, 1893 жылы Алматы облысының Қастек ауданында туған» деген жолдардан соң, «мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны үшін 2 жылға бас бостандығынан айрылды» делінген. Партияда жоқтығы, Қылмыстық кодекстің 58-2, 10-11 бабымен жазаланғаны жазылған. Демек тышқанның тіміскіліп, тірнектеп жинайтын дәні – былайша айтқанда, кәдімгі масақта қалған дән мемлекет мүлкі болып тұр ғой. Қараңғы қазаққа айтқанда, «қой» дейтін адам болмаған. Бейбіт халықты сондайлық кемсітіп қана қоймай, қаралған іске қатысты түске дейін бір жазалау бабы, түстен кейін екінші жазалау бабы алмастырылып, үстірт жазыла берген.

…Екі жыл абақты торының аржағында отырған Қомсабақ «көрмеген қорлығы жоқ» жазалау мен азаптау мерзімі аяқталған соң, үйге оралады. Торыққан ауылына, жабыққан отбасына қайта бауыр басады. Өкінішке қарай… араға үш жыл салып, Қомсабақтың үстінен қайтара «дерек» жинаған үкімет адамдары екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған ер-азаматты қайтадан түрмеге жабады. Өмірден таяқ жеп, тауаны шағылып отырған бұрынғы бай баласының тазалығына күмәнданушылардың қолтығына су бүркуші «жау» бұл жолы да алыстан келмеген, өз ауылдастары еді.

Бейкүнә шаруа газеттегі суретті орақтың ұшымен көрсеткені үшін жер аударылып жатқанда, Қомсабақтың тап жауы – тегінің «бай баласы» болуы басына пәле болып жабысқан! «Жалаңдаған жазалаушылар» Қомсабақ Саяқовты бір түнде Ұзынағашқа қайтадан айдалатып кетеді. Бұл жолы қамап қана қоймай, қауіпсіздік комитетінің әйгілі «үштігі» Саяқовты «халық жауы» болғаны үшін бірден ату жазасына кеседі. Отбасы оның ату жазасына кесілгенінен де хабарсыз-тын…

«Халық жауының» балаларын ауылда ұстау жаңа қоғамды «құрып» жатқан жергілікті белсенділерге сын заман, Қомсабақтың үш баласын алыс-жақындағы туыстарына «таратып», ол туралы жоғары жаққа есеп берген соң ғана жандары тыныш табады. Бейкүнә жанның сүйегінің қай жерде қалғаны мәңгі-бақи құпия күйінде қалар ма еді?

1938 жылдың 2 ақпаны күнгі Алматы облысы «үштігінің» қаулысында «Атылсын» деген тармақтың екінші жолында «үкім орындалды» деп нақтыланыпты. Одан ары үкімнің орындалуын бақылаушы жауапты адамның түсініктемесі қысқаша бадырайтып былай жазылыпты: «Саяқов Қомсабақ – контрреволюциялық көтерілісшілер тобының мүшесі. Қытайға қарай көшушілердің ұйымдастырушысы» деген айып негізгі тағылыпты.

– Марқұм Қомсабақ атам бар-жоғы 45-ақ жыл өмір сүріпті, былай ойлап қарасаң, Қытай қайда, Суықтөбе қайда… – дейді атасы туралы Бәйкен Әлімғазин мұңға бата ойланып, – айтпақшы, атамның құрдасы әрі жаңа қоғам құрудағы мүдделесі, ауылдағы тұңғыш құрылған артель басшысы Әбдіқадір Бабажанов та кейін «халық жауы» атанып, атылып кеткен. Атышулы жергілікті «үштіктің» оған қандай айып тағып үлгергені туралы ешқандай да мәлімет жоқ. Елдің қаймағын қалдырмаған! Сұраусыз, сотсыз атылған атамның мәйітін Алматының орталық түрмесіндегі басқа да мәйіттермен бірге сексеуіл жиғандай көлікке тиеген де түнделетіп қазіргі Іле ауданының Жаңалық ауылының маңындағы жыраға аударып тастап, топырақпен көме салған. Қазір ол маңда қатыгез тарихтың өшпес белгісіндей ескерткіш-мемориал орналастырылған. Жыл сайын 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні мен секілді жазықсыз аталарынан айырылған азаматтар сол жерде бас қосып, ескерткішке тағзым етеді.

1997 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы Жарлығымен осы күн «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп жарияланды.

Қазақ тарихының беттеріндегі «ақтаңдақтарды» ашып, айғақтау үшін еліміздің жаңа дәуір ғалымдары қаншама маңдай терін төкті, еңбек сіңірді. Темір құлып сынды, темір есік бұзылды. Жазықсыз жапа көріп жазаланған жандардың аты-жөніне жариялылық берілді. Мыңдаған қазақ боздақтарының ішінде Қомсабақ Саяқовтың аты-жөні тайға таңба басқандай айшықты жазылыпты… Тоз-тозы шығып шаңырағы ортасына түскен мыңдаған отбасылары жабыққан көңілдеріне медеу тапты. Қомсабақ Саяқовқа қатысты іс Алматы облыстық соты президиумының 20.VII.1966 жылғы шешіміне сәйкес өзгертіліп, біржолата тоқтатылған. «Халық жауының» біржолата ақталғаны 1966 жылғы 13 тамыздағы №5–78 протоколымен расталған.

Әулетінде «халық жауы» болмаған ұрпақ олар туралы айтылған, жазылған уақиғаларды құлағына ілуі мүмкін, бірақ ерекше зейін қоюы, талдап жатуы екіталай. Өйткені олар «асыра сілтеу» саясатының жазаланушыдан кейінгі бірнеше ұрпаққа тигізген зардабын, ауыр қасіретін басынан өткермеген соң оның зардабын да сезіне алмайды. Лайым, сезінбесін де. Ат Қомсабақ әулетінен тараған ұрпақтың – өз кіндігінен туған екі ұл, бір қызының ұзақ жылдар бойына «халық жауының» балалары атауымен ауыр күн кешкенімен, ауыр қасіретке толы күй кешкені ақиқат.

Әкесі «халық жауы» атанған Әлімғазы Қомсабақовтың өмір жолы даңғыл, жарқын болашағы «менмұндалап» қол бұлғап шақырып тұрды дейсіз бе? Әрине, жоқ!

Білімге ерекше құштар жас өрен қатарларының алдында жүріп, 1940 жылы Ұзынағаштағы Крупская атындағы орта мектептің 10-шы сыныбын үздіктер қатарында тәмамдайды. Бұл ол жылдықты бітірген мектеп тарихындағы ең алғашқы топ екен. Ел еңсесін енді көтере бастаған кез, ауыл мектептерінде мұғалім тапшы. Содан үздік шәкірт аудандық оқу-ағарту бөлімінің арнайы нұсқауымен Дегерес ауылындағы мектепке мұғалімдік қызметке жіберіледі. Сонда ұстаздық етіп жүріп майданға аттанғанға дейін шәкірт тәрбиелейді. Еңбек жолын саралай келіп, Әлімғазы Қомсабақұлының шын мәнінде сабақты жақсы оқығаны, мектепті үздік бітіргеніне көз жеткіземіз. Өз қатарластарына ұстаздық жасап, тарих пен математикадан сабақ беру жас өренге оңай тиді дейсіз бе?

Ел басына күн туды, ер-азаматтың дені майданға жүрген. 1942 жылдың 5 ақпанында таңдау ауыл мұғаліміне түсіп, ол да ұзамай майдан даласына аттанады. Оқыған азаматтарға мемлекет қай кезде де зәру, оның үстіне соғыс жағдайында мемлекетке ондай кадрлар тапшы, қабілетті, қарымды көзі ашық Әлімғазыны әскери комиссариат бірден Харьковтегі әскери училищеге оқуға жібереді. Ол тұста майданға білікті, білімді командирлер ауадай қажет. Алты айдың ішінде оқ пен оттың ортасына түсуге тас-түйін дайындалған Әлімғазы Қомсабақов жаңадан құрылған снайперлер взводын бастап Калинин майданына «атойлап» кіреді. Неге снайперлер взводы?

Аталары батыр азаматтың өмірбаян жолдарына Суықтөбе баурайындағы бабадан балаға мирасқа қалған аңшылық дәстүрді қосыңыз! Бір сөзбен айтқанда, сол себепті де Әлімғазы Қомсабақовтың кіл құралайды көзден атқан мергендер тобының командирі болуы тегіннен-тегін емес. 1942 жылдың 31 тамызында II гвардиялық атқыштар корпусының құрамындағы 184-ші атқыштар дивизиясының 297-ші гвардиялық полкінің сапында Сталинград үшін ақтық шайқасқа кіреді. Дәл ол тұста мұртты көсемнің атындағы үлкен қаланы қорғау жолында кеңес әскері ақырғы демін алып, кескілескен шайқасқа дайындалып жатқан. Бұл шайқас екінші дүниежүзілік соғыстың бағытын өзгерткен шешуші асу болғаны тарихтан жақсы мәлім.

Мергендер тобы сұрапыл шайқастың әманда алдыңғы шебінде жүреді. Жарылған бомба, жер бетін тітіренткен ауыр танкілердің шынжыр табыны, аспаннан құйылып төнген от шашқан ұшақтар! Осындай ажал төнген аласапыраннан аман өткен взвод командирі алдында одан зор сын күтіп тұрғанын білмеген де, сезбеген де шығар. Жалындаған жас жігіт жауды жеңіп, туған жерге аман-есен оралуды ғана мақсат тұтты.

Бұл кезде Әлімғазының ауылы майдан өтіндегі жауынгерлерге аузынан жырып, қолындағы барын солай қарай жөнелту үстінде-тін. Үлкендерге қол ұшын беруге жарап қалған бала-шаға, еңкейген кәрі – бәрі-бәрі кеңшардың егістік даласында, фермасында, танның атысы күннің батысы бір бел жазбай еңбек етті. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деген ұран алға шықты. Майданға аттанған боздақтардың аман оралуы – елдің тілегі, халықтың бір ғана ой-арманына айналған. Тағдырдың басқа салғанынан кім құтылып шыққан, онсыз да қамығып, ертелі кеш, күн-түн демей тек қана еңбектен басқаны елемей отырған ауыл адамдарына тосыннан келген, майдан даласынан жеткен «қара қағаздар» легі қарақұйын дауылдай өте ауыр соқты. Әр үй хат тасушыны – елдің бет алуын бір үміт, бір күдікпен қарсы алатын. Майдан шебінен жазылған хаттар легі бір толастамайтын. Мазмұнында бір қуаныш, бір қайғы жазылатын хаттарды иесіне тапсыру да ауыл пошташысы үшін жеңіл емес-тін. Кез келген үш бұрышты хаттың ішінде ол ашылғанша, жақсы яки жаман хабардың бары белгісіз болатынының өзі жанды күйзелтіп бітетін.

…Майдан шебінен жазған Әлімғазының амандық-есендікті білдірген хат-хабары алғашында хат танитын бауырларына мезгіл-мезгіл, үздіксіз келіп те тұрған. Соңғы хатында «Сталинград шайқасынан аман шықтық, ендігі бағытымыз – Смоленск аумағы» деген екен.

Содан кейін хат келуін кілт тоқтатады.

Майданға кіргеніне 7 айдан асқанда, яғни 1943 жылдың қыркүйек айында елге «Взвод командирі лейтенант Әлімғазы Қомсабақов Смоленск бағытындағы шайқаста ерлікпен қаза тапты» деген қаралы хат келеді. Ағайын-туған, бауырлары жылап-сықтап, тағдырдың жазғанына көнген. Бұл – Саяқовтар әулетіне 37-ші жылғы «қызыл қырғыннан» кейінгі ең ауыр соққы кезең саналады. Өйткені майданға соғыс басталысымен аттанған Қомсабақтың ағасы Кәпікейдің Собықаны, інісі Көрпебайдың Қазыбегінен өткенде ғана «қара қағаз» келіп үлгерген. «Басқа түссе, баспақшыл» деген қасіреттен көз ашпаған қарындасы Желтай мен інісі Әділхан жылдап-жылап көз жасын тауысып, оған да көндігеді…

Соғыста не болмайды?!

Әлімғазы Қомсабақов қызмет еткен атқыштар полкі сол күні Смоленск қаласының түбінде неміс-фашистері ұшақтарының жойқын шабуылына душар болады. Қыркүйек айы екен. Аспан төңкеріліп, жер аударылған қанды қырғында есепсіз жауынгерлер топыраққа көміліп қалған, мәйіті із-түзсіз жоғалып кеткен. Осындай аласапыранда Әлімғазы ауыр жарақаттан кейін көзін далалық госпитальде ашып, есін әрең жияды. Ұзақ жатып емделеді. Алайда ырғалып-жырғалуды уақыт көтермейтін кез. Сондықтан госпитальден сұранып тұра салысымен снайперлер командирінің қос пистолетін жамбасына қайтадан іліп алып, мергендер взводын қайта жасақтап, қайтадан қан майданның шебіне аттанады.

Сондай қиян-кескі кезеңде елдегі бауырларына хат жазып, хабарласуға да уақыт таппаған еді Әлімғазы! Жарақатын таңып алып майдан шебіне аттанған. Өйткені олар Жеңіс күніне тезірек жетуге асығулы еді. Жауды ұясында талқандамайынша, елде тыныштық орнамасын сезген! Нағыз қан майданның отты шебінде жүрген жауынгердің майдандағы өмір жолы осындай адам нанғысыз оқиғаларға толы!

Соғыс барысында ұсақ-түйегін айтпағанның өзінде «халық жауының» қайсар ұлы үш рет ауыр жарақат алған. 1945 жылы ақпан айында 1-ші Прибалтика майданында Кёнигсберг (Калининград) қаласы үшін өткен кескілескен шайқаста ауыр жараланып, тағы да дала госпиталіне түседі. Емделеді. Жарақатынан құлан-таза айығып, сапқа тұрған гвардия аға лейтенанты Әлімғазы Қомсабақовты әскери басшылық ендігі жерде Қиыр Шығысқа, жапондармен болып жатқан ақтық соғысқа дайындайды. Дивизиядағы әскери басшылық Әлімғазы Қомсабақовтың соғыс жылдарында өткен ерлік жолдарын саралай келіп, Кеңес Одағының Қарулы Күштері үшін ең лайықты кадр-маман деген тұжырым жасайды. Бірақ арнаулы орындардан «гвардия аға лейтенанты Әлімғазы Қомсабақовтың әкесі 1938 жылы «үштіктің» шешімімен «халық жауы» ретінде атылған деген анықтама құжат түседі. Бір сөзбен айтқанда, тіміскілеген тиісті орындар «халық жауының» ұлына әскери басшылық шешім жасаған дәрежені «қимайды». Оның өмірін әскер қатарында одан ары жалғастыруға деген құлшыныс осы жерден тоқтау табады… Дәл сол тұста дүние жүзіне үстемдік танытуды маңсұқ еткен АҚШ қарулы күштері Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына атом бомбаларын тастайды. Соғыстың аяқталғаны бар, жарақаттары бар, қысқасы, орденді офицер – Суықтөбенің сұңқары Отанының өзіне жасаған үкімет «сенімін» ішінде сақтаған күйі елге Жеңіс арқалап оралады…

Гвардия аға лейтенанты
Әлімғазы Қомасбақұлы

Гвардия офицерінің кеудесінде 1941-1945 жылдардағы «Ұлы Отан» соғысындағы Германияны жеңгені үшін ордені мен «Ерлігі үшін» секілді басқа да медальдар қос ерлігінің куәсіндей жарқырап тұрды.

Соңо-оу 60-ыншы жылдардың басы екен…

Ауылдың үздік мұғалімі Әлімғазы Қомсабақов мемлекеттер арасындағы халықаралық қатынастар аясында Египетке қызметке баратын болады. Әңгіме шығысымен арнаулы органдар ұстаздың тегін, өмір жолын бір ай бойы тексереді. Ол кезде шетелді шетел деп қарайтын заман. КСРО шекарасынан бір адым аттап шығу мүмкін емес. Оқ пен оттың ортасынан шыққан нағыз жауынгер, Отан соғысының орденді ардагері, гвардия аға лейтенанты. Жоғары білімді ұстаз. Екі тілге бірдей жетік. Саяси ілімде де ілкімді. Қызметінде мін жоқ. Елінде, ауылында, ортасында, отбасында өте сыйлы… КСРО-ның нағыз патриоты. Жер шарының қай бұрышында болса да Отанымыздың атынан оның сеніміне сай адал да тиянақты қызмет атқаруға дайын. Соған қарамастан, иә, өкінішке қарай… өкінішке қарай, Әлімғазы Қомсабақов тағы да орта жолдан қайтарылады. Себебі… әкесі Қомсабақ Саяқұлы жазықсыз жабылған жаладан әлі де ақталмаған кезең еді. 1966 жыл әлі де алда болатын.

– Кейде бір кенеттен терең тарих тұңғиығына батып, әулет әлемінің өткен өмір жолдарына көз жүгіртуіме осындай оқиғалар себепші болатыны бар. Ең өкініштісі, іштей жауабын таба алмаған сұрақ мазалайды. Неге… неге? Қомсабақ атам есіме түседі, – дейді ақталған «халық жауының» бүгінгі таңдағы немересі полковник Бәйкен Әлімғазин. – Жасамаған қылмысы үшін екінші мәрте айдалып кетіп бара жатқан жарықтық атамның санасын сонда қандай ой мазалады екен? Өзін оққа байлағандардың оны енді нақақтан-нақақ өлімге бара жатқанын білді ғой атам. Әруақтарға сиынып, Құдайға да жалбарынған шығар! Іштей күйініп, жылаған да болар… Ешбір кінәсі, қылмысы жоқ адам бейбіт өмірін қалайша ғана қисын?! Бір емес, екі рет атамның үстінен өтірік «жала» жауып, тиісті орындарға жалған ақпарат жіберген адам атам атылған соң «Менің осы тірлігім дұрыс болды ма өзі?» деп өз-өзіне есеп беріп, ар алдында «Обал болды-ау!» деп өкінді ме екен?! Атамның түбіне жеткен өз ауылымыздың жалақор-сөз тасығышы («тоқылдақ») шешімін таба алмадым, ақылым жетпей-ақ қойды. Дегенмен… заңгер, ұзақ жылдарғы тергеушілік сатыдан (аудандық, облыстық, республикалық) өткендік тәжірибеме сүйене отырып, мынадай да бір тұжырым жасағанды жөн санадым.

Ұлы Отан соғысы кезінде ерлік-өнегелік заманда Сұраншы Батырдың жұмбағы болған. Небір әскери жорықтарда аты шығып, бас қолбасшыдан марапат, сыйақы алғаны және ақиқат. Шоқабай атамның тай тұяғындай алтыны Саяқ атама бұйырған деген де әңгіме бар. Мен бұл туралы Саяқ атамның кенжесі – Қомсабақ атамның інісі Көрпебай атамның кемпірі Дәуей апамның аузынан да талай естіген ем. Бар түйін осы алтыннан түйіндіретін болып тұр. Себебі Қомсабақ атамды жендеттер алғаш рет ұстап алып кеткенде де, тіпті екінші рет қамауға алу барысында «Атақты байдың баласы! Атаң тыққан алтынды шығар!» деген талапты сан рет қайталап қойған дейді. Шын мәнінде, тайтұяқ ол алтын Суықтөбенің баурайында, белгісіз жықпыл тастың арасында осы күнге дейін жатуы да мүмкін. Тарих-уақыт заулап өз желісінен жаңылар емес. Бәрі де ұмытылар. Бірақ жазықсыз жапа шегіп, мезгілінен бұрын өмірін қиған Қомсабақ атам мен сол бір зобалаңның зардабын Отаны үшін жанын аямай, ауыр шайқастарда үш рет ауыр жараланғанына қарамастан, қайта тұрып, қолына қару алған Әлімғазы әкемнің өмір бойы «халық жауының баласы» деген жаманаттың қыр соңынан қалмағаны жаныңа батады екен. Көпе-көрінеу жасалынған қиянатқа жаның шыдамай, жүрегің езіледі екен…

Осымен бір атадан тараған ұрпақтың үш буыны туралы әпсанам да шегіне жетті-ау деймін. Қарапайым қазақ әулетінің дәуір кезеңінде басынан өткерген өмір-тарихы, сын-сағаттары мен шытырман оқиғалары туралы ой-толғамдары санаға серпін берген тәрізді. Қазақ қоғамына тарих көшіндегі жаңа үкімет – ұжымдастыру кезеңінде ең алдымен, ғасырлар бойы қазақы тәрбие, дәстүрлі қарым-қатынас, үлкенді сыйлау, кішіге құрмет сияқты тәлім-тәрбиенің көзін құрту мақсатқа айналған-ды. Қоғамдық бұл қатынас қазақша айтқанда, «ала қойды бөле қырқумен» тең еді. Ортақ мал, ортақ ұжым, ортақ жер талаптары қазаққа шын мәнінде жат. Ағайын арасынан шала сауатты шолақ белсенділер суырылып шықты. Кеңестік идеологияның, төңкерістік мемлекеттің әуелгі көздеген ниетінің өзі сол еді. Сондай жандайшаптарды көтермелеп, «нағыз большевик» деп қолпаштап, оларға барынша қолдау көрсетті. Халықтың жұдырықтай жұмылып, іс-әрекет жасауына барынша тосқауыл қойып, жүректері үрей ұшқан большевиктер мүмкін болса, ел ішінде мезгіл-мезгіл алмауыздық туғызып, итке сүйек тастағандай ырылдастырып, араздыстырып отыруды көздеді. Пышырып, бірінің үстінен бірі сөз тасып, ынтымағы ыдыраған дала қазағын икемдеп игеріп басқару жеңіл болатын.

Баурайы шексіз шерге толы Суықтөбе етегін жайлаған бейкүнә халықтың Патша заманында көрген озбырлығы мен Кеңес өкіметі тұсындағы «асыра сілтеушілік» зардаптарынан көргені де, шекесіне тигені де аз емес. Кемелденген социализм сатысына дейін сүйретіліп жеткен оларсыз да опасыз ол әрекеттердің көлеңкесі әлі күнге дейін көзге ұрып тұр. Бостандық пен еркіндік, әділдік пен адалдық жолында өмірін қиған, қоғамдық қиянатқа қасқайып қарсы тұра білген, санана ойлы шуақ-сәулесін шашып кеткен жарқын бейнелі боздақтарымыз қаншама?! Жазықсыздан жазықсыз репрессия құрбанына айналған Қомсабақ Саяқұлы тарих парағына аты-жөні жазылған, қазақ қатарындағы сондай мыңның, миллионның бірі ғана…

Талғат СҮЙІНБАЙ,
Жамбыл ауданы
Алматы облысы

Бүгін, 14:41
Тарих тұңғиғы, тағдыр тәлкегі және «ТАЙТҰЯҚ» алтын
Бүгін, 13:54
Олжас Сапарбеков: Экономиканың энергия сыйымдылығы 4,1 пайызға төмендеді
Бүгін, 12:42
Данияр Жанжұменов: Әскери бөлімдерде тәуелсіз әскери кеңесшілер институты құрылады
24 қараша, 15:55
АЭС - таза энергияның сенімді көзі
24 қараша, 15:31
Басты міндет – төтенше жағдайдың алдын алу
23 қараша, 15:48
Үнді дипломаты: Қазақстанның сыртқы саясаты сындарлы әрі теңгерімді ұстаныммен ерекшеленеді
23 қараша, 15:30
Серікбай Жәңгірбаев: Су ресурстарын ұтымды пайдалану – экологиялық қауіпсіздік негізі
23 қараша, 14:22
Есірткіге қарсы ымырасыз күрес тоқтамайды
20 қараша, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде