Тәрбиенің орны бөлек

26 сәуiр 2019, 14:26

Қоғам қатыгезденіп барады. Жайсыз жағдайлар жиі қайталанатын болды. Оның жалыны балаларды да шарпығаны жүрек сыздатады. Түркістан облысының Жетісай ауданында болған тосын оқиға осының бір көрінісі. Сонда адам бойында өшпенділік қалай пайда болады? Жүрек неге мейірімсіз? Балалардан өш алатындай басымызға не күн туды? «ДӨП» пікірталас клубының қонағы, Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжоловамен журналист Досжан Мұратұлы жоғарыдағы сауалдар төңірегінде сұхбаттасты.

Досжан Мұратұлы: Жетісайда болған сұмдық оқиғаны жақсы білесіз. 12,13 және16 жастағы қыздарды өгей анасы аюуандықпен азаптаған. Ойласаң – жүрегің ауырады. Осы оқыс оқиғаға қатысты не айтасыз?

Зәуреш Аманжолова: Бұл оқиғаны өзім де жан-жақты ой елегінен өткіздім. Қыздар әкесімен бірге тұрады екен. Жұрт қыздардың ақыл-ойы, сана-сезімі, әкесінің жандүниесін түсінгендіктен, өте жақсы көргендіктен үйде болған нәрсені айтпаған деп жатыр. Сонда мәселе өгей анада ма? Ананың аты – ана. Тіпті сол азаматтан бала туып отыр. Ендеше, бұл қалай болғаны? Менің мамандығым дәрігер. Денсаулықтың қадірін білемін. Адамның психологиясы қалай, қандай жағдайда өзгеретінін түсінемін. Кейде адам қанында қатыгездік қасиет қалай пайда болатынын ойлаймын. Неліктен? Әлде олардың өзі өмір жолында сондай қатыгездікті бастан кешірді ме? Себебі бұл жай ашудан туындаған жағдай емес. Мүмкін физикалық, тіпті тұқым қуалау салдарынан болатын нәрсе. Себебі зорлық-зомбылықтан денеде қалған іздерді көрсеткен кезде, адамның денесі түршігеді. Адам мұндай әрекетке физикалық, ашу қысқан жағдайда барады. Болмаса жек көрудің нәтижесінде болуы мүмкін. Ал мына жердегі оқиға – өте қорқынышты. Физикалық – күш көрсетудің нақ өзі. Тіптен кемпірауызбен қинауы – нағыз қанішерлік әрекет. Сондықтан жан жарасының жазылуына өте ұзақ уақыт кетеді. Менің айтарым, балалар сондай қатыгез ортада өспесін.

Досжан Мұратұлы: Ұзақ жыл акушер-дәрігер болғаныңызды білеміз. Өгей ананың қыздарға қол көтеруі босанғаннан кейінгі күйзеліс салдары болуы мүмкін бе?
Зәуреш Аманжолова: Әрине, босану әйелге үлкен психикалық әсерін тигізеді. Ондай жағдай кейде адамның денсаулығына байланысты болады.
Қатты күйзеліске түседі. Ол адамға тән психологиялық қасиет. Босанған уақыт кейде оған ықпал етеді. Сондықтан баласын өлтіріп қоятын, болмаса өзіне қол жұмсайтын жағдай ұшырасады. Аналардың күйзеліс жағдайында босанатындығын дер кезінде анықтап, дәрігерлік көмек көрсету керек.

Досжан Мұратұлы: Қатыгездікке қатысты оқиға Алматыда да қайталанды. Бір кісі 14 жастағы мүгедек қызын қамап ұстаған. Ұрып соғып, басын жарып, құлағын жұлқылаған. Жетісайдағы жайт одан асып түсті. Жалпы, безбүйрек ана қайдан шығады?

Зәуреш Аманжолова: Біз қарап отырсақ, өмірде зорлық-зомбылық жоқ секілді көрінеді. Өкінішке қарай, қатыгездік бар. Біз қаншама ананы мысал ретінде айта аламыз. Бала асырап отыр. Өзінің анасынан да артық. Бізге осындай жолды таңдау керек.

Досжан Мұратұлы: Қазір өзге түгілі өз баласын да өзектен тебетіндер баршылық…

Зәуреш Аманжолова: Бұған бір себеп – өмірде жолы болмаған өкініштің күйігін баладан алады. Мүмкін ер-азаматты сүймеген шығар. Иә, болмаса жігіті тастап кетеді. Аяғы ауыр екенін ести салысымен ер-азаматы кетіп қалған. Осының бәрін кейде себеп санайтын әйелдер бар. Содан кейін өш алу балаға ауысуы мүмкін. Әрине, барлық кезде де осындай жағдай қайталана бермейді. Перзентханада қызмет істеген кезде баласын тастайтын аналармен өз басым қаншама рет сөйлестім. Кейде әйелдің психологиясын түсіну өте қиын. Сол кезде «Айналайын, өмірдің бәрі алда. Бұл баланың тағдыры ертең қалай болады? Қазір саған қиын ба, сол қиындықты жеңе біл» дейтінбіз. Біз қиын сәтте анаға осылай дем беруіміз, қолдауымыз керек. Рас, дәрігерлер айтарын айтады. Бірақ туған-туыс жағынан да үлкен көмек керектігін құлаққағыс жасар едік. Өйткені барлығының қорқатыны ертеңгі күні тұратын жерінің жоқтығында. Бәрі осы мәселені айтады. Ата-анасының, туыстарының, достарының алдында ешкім де қарабет болғысы келмейді. Біз әйелдердің басына іс түскен кезде жұдырықтай жұмылып, оларға қолғабыс бергеніміз дұрыс. Олар санасын өзгертсін, бойында күш-қуат, сенім пайда болсын!

Досжан Мұратұлы: Барлығы отбасынан басталатынын айтып жатырсыз. Шын мәнінде, ата-ана тәрбиесінің орны бөлек. Расында, тәрбиеге қаншалықты көңіл бөліп жүрміз?
Зәуреш Аманжолова: Бұл жағдайда жаза мен қатыгездікті бөле-жара қарау керек. Мысалы, көшеде кетіп бара жатқанда кейбір балалар мінезін байқатады. Жерге домалап жатқанын, болмаса тіл алмай тұрғанын көргенде, кез келген кісі ойланып қалады. Мұндайда баланы ұрып-соққанын көрсету керек емес. Жақсы жағын көрсету қажет. Шіркін, әр отбасы таңертең болмаса кешкілік дастархан басында отырғанда «Бүгінгі күнің қалай өтті, балам? Сен бүгін не үйрендің?» деп сұрағанның айыбы жоқ. Ата-ана баламен күнделікті сөйлесуі тиіс. Әттеген-айы кейбір жағдайда осыған мүмкіндік бола бермейді. Ер адам қызметте, жұмыста жүрсе, ұл-қызына анасы көбірек көңіл бөлуі тиіс. Әйел жұмыста болса, онда отағасы өзінің анасы туралы жақсы лебіздер айтса артық емес. Бәрі бас қосқанда жақсы әңгімелер айтудың артықшылығы жоқ. Балалар өте ақылды, сезімтал, нәзік. Балаларды жазаламай, жүйкесіне тимей, сүйіспеншілікке бөлеу керек.

Досжан Мұратұлы: Өзіңізде ұл-қыз өсіріп отырсыз. Оларға қол көтеріп көрдіңіз бе?

Зәуреш Аманжолова: Қазақ: «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болу керек» дейді ғой. Сол айтпақшы, бір мезгіл тыйым да қажет. Алайда тәрбие мен қатыгездікті шатастырмайық.

Досжан Мұратұлы: «Бала – біздің болашағымыз» дейміз. Десек те олар жәбір көруде. Бізде балаларды қорғайтын заң жағы қалай?

Зәуреш Аманжолова: Былтыр депутаттар балалар құқын қорғауға қатысты заң жобасын қарады. Қазір қолданыста. Бірақ мәселенің бәрі адамның миында, санасында.

Досжан Мұратұлы: Заң күшейсе, қатыгездік азаяды деген үміт бар ма?

Зәуреш Аманжолова: Үміт бар. Мен оған сенемін. Себебі адамдар заңды құрметтеуі тиіс.

22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді
12 сәуiр, 20:37
Түркістан: Полиция полковнигі жастарға есірткінің зардабын түсіндірді
12 сәуiр, 12:11
Түркістан: Сайрам ауданында «Құқықтық тәртіп» іс-шарасы өтуде