
Тараз қаласындағы мектеп оқушысының зорлану оқиғасына қатысты облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова өз еркімен жұмыстан босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қоғамда үлкен резонанс тудырған сұмдық жағдай бойынша барлығы 11 адам жауапқа тартылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Нурадин Рақай әлеуметтік желідегі «Фейсбук» парақшасында жариялады. «Тараз қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі С.Мамытбеков, қалалық полиция басқармасының 2-полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Д. Мұсаев, 2-ПБ жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция подполковнигі Н.Төлеуішов, қалалық 2-ПБ ювеналдық полиция жұмысын ұйымдастыру жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Е. Юринаға қатаң сөгіс жарияланды. Жалпы білім беретін мекемелерге бекітілген кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспектор, полиция майоры Н. К. Рысбаев ішкі істер органдарынан шығарылды»,- деп атап өткен Н.Рақай жазбасында. Сондай-ақ, ол білім саласы бойынша аталмыш оқу орнының мектеп директоры Л.Сманова, мектеп вахтері Г.Нуршабаева, директордық құқықтық ісі жөніндегі орынбасары А. Узбекова, әжетханаға сұранған оқушыны жіберіп, сабақ біткенше іздемеген физика-математика пәнінің мұғалімі В.Ким, мектеп ішіндегі кезекшілікке жауапты қазақ тілі пәнінің мұғалімі Б.Байкулова өз өтініштері негізінде қызметтерінен босатылғанын жазған. «Қоғамдық резонанс тудырған мәселеге байланысты облыстық білім басқармасының басшысы Тұрмаханбетова Рахия Сейітбекқызы да өз еркімен жұмыстан босатылды.