jasqazaq.kz

Таңғы шық елімен тартымды уағдаластық

Бүгін, 21:00

Бұл жетіде Сеулдегі іргелі мәмілелер, сөз жоқ, отандық экономиканың өркендеп, өрлеуіне тың серпін береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Таңғы шық еліне (Оңтүстік Кореяның поэтикалық атауы — ред.) сапарына баға берген сарапшы қауым осындай пікірде. Біздіңше, экономика мен инвестиция тұрғысынан алғанда тарихи сапар деуге әбден лайық. Әсіресе, энергетика саласындағы уағдаластықтың қай-қайсысы да зор мәнге ие.
Әңгімені энергиядан бастауымыз бекер емес. Әлемде геосаяси ахуал әбден ушығып, Ормуз (Хүрмүз) бұғазы жабылғалы көмірсутегі, бейнелі тілмен айтқанда, қасқалдақтың қанындай қат дүние. Содан шығар, қара майдың құны 100 доллардан асып кетті. Елдегі мұнай өңдеу зауыттарына келетін мұнайдың жартысынан астамын (60 %) Таяу Шығыстан алатын Оңтүстік Кореяға қазір тұрақты қуат көзін табу көкейкесті міндет боп тұр. Ал Қазақстан уәдеге берік, сенімді серіктес екенін әлдеқашан дәлелдеп қойған. Сенімді дейтініміз корей компанияларының біздің елге салған инвестициясы қомақты: 12 млрд доллардан асты. Жасалған келісімдердің бірі Қазақ мұнайын сатып алуды көздейді.
Энергетика саласында қол қойылған қабырғалы құжат деп Қарашығанақ газ өңдеу зауытының құрылысына қатысты уағдаластықты айтсақ, ешкім дауласа қоймас. «Qazaqgaz» бен «Hyundai Engineering» арасында жасалған келісімге сәйкес, жаңа кәсіпорында жылына 5 млрд текше метр «көгілдір отын» өндіріледі. Шикізатты алыстан тасымайды. Сол кеніштегі газды пайдаланады. Айта кеткен жөн, бұған дейін кейбір еуропалық компаниялар осы зауытты салуға ниет білдірген. Бірақ онысы игі ниет күйінде қалып қойды. Сондықтан «Hyundai Engineering-тің» еліміз үшін стратегиялық маңызы зор жобаға атсалысуын құптарлық һәм қуанарлық қадам деп бағалаған абзал.
Тағы бір ауыз толтырып айтарлық жоба Павлодарда жүзеге аспақшы. Ұлттық «ҚазМұнайГаз» бен «Samsung E&A» компаниялары осы қаладағы мұнай-химия зауытының өндірістік қуатын арттыруды қолға алады. Соның нәтижесінде кәсіпорында өңделетін қара май көлемі қазіргі 6 миллионан 9 млн тоннаға жетуі тиіс. Бұған қоса, замануи технологияны қолдану шикізатты өңдеу деңгейін өсіруге де мүмкіндік береді. Бұл, сонымен қатар, ішкі нарықты жанармаймен қамтамасыз етуге әрі артық өнімді экспорттауға септігін тиізеді.
Екі елдің ынтымақтастығы электр стансасы құрылысы мен жасыл энергияны да қамтиды. Атап айтқанда, кореялық «Doosan Enerbility» компаниясы Түркістан облысында қуаты 1000 МВт-қа жететін электр стансасының құрылысына атсалысады.
Еліміздің энегетика министрлігі, Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі мен YPR Corporation арасында Өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойылды. Құжат осы облыста «Жасыл энергетика кешенін» салуды көздейді. 2 млрд доллар көлемінде инвестиция салуды көздейтін жоба шеңберінде жалпы қуаты 1 ГВт-қа жететін жаңғыртпалы энергия көзі нысандары тұрғызылуы тиіс. Мұнда 55 мың тонна «жасыл» сутегі немесе 310 мың тонна «жасыл» аммиак өндіріледі. Соңғысы ауыл шаруашылығына аса қажет тыңайтқыш өндірісінде пайдаланылады.
«Жазуы жоқ қағазды да бірге көтерсең жеңіл болады». Корей кәсіпкерлері кедергіні жеңерде осы тәмсілге жүгінетін көрінеді. Қазақ мұндайда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Болашақты болжап білмес бүгінгі күрделі геосаяси кезеңде өзара тиімді қарым-қатынас пен сенімді серіктестікке арқа сүйейтін Қазақ -Корей ынтымақтастығы кез келген кедергіні еңсеретініне ешқандай күмән жоқ. Бұған дәлел – Таңғы Сеулдегі ұтымды уағдаладастықтар.

Срайыл Смайыл
Сурет: aqorda.kz

11 қыркүйек, 10:49
Алматыда жаңа кітап беру пункті ашылды
09 қыркүйек, 14:41
КЛАССИК
08 қыркүйек, 14:32
Берік Төлеуов: Шымкентте жедел медициналық көмектің сапасы мен жеделдігі арттырылуда
07 қыркүйек, 16:47
Мауия Алданазарова: Шымкентте аға буынға белсенді өмір сүруге жаңа мүмкіндіктер жасалуда
02 қыркүйек, 14:04
Мұхит Кемелов: Цифрландыру – әр тұрғынның жайлылығы үшін жасалатын қадам
01 қыркүйек, 14:43
Ілияс Есжанов: Шымкентте «ақылды» электр желілері іске қосылады
27 тамыз, 13:57
Банк депозитінің сыйақысына салық салынбайды
26 тамыз, 14:32
Мемлекет басшысы: Құрылтай сайлауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріне үлкен өзгеріс әкелді
26 тамыз, 13:38
Alatau City қаласының инвестициялық пулы 67 жобаға дейін ұлғайды