
Шетелде тұратын дарынды қазақтар жеңілдетілген тәртіппен Қазақстанға көшірілуі мүмкін. Бұл жөнінде бүгін үкімет отырысында Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова көші-қон саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдама жобасын таныстыру барысында айтты деп хабарлайды jasqazaq.kz тілшісі.
Тамара Қасымқызының айтуына қарағанда шетелде тұратын қазақтар жайлы электронды дерекқор жасақталмақ. Соның көмегімен іскер, білімді әрі дарынды қазақтарды Қазақстанға жұмысқа тартпақ ниетте. «Тұжырымдаманың аясында біз Мемлекет басшысының Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында берген тапсырмаларын қарастырдық. Оған сәйкес, этникалық қазақтарды тек көшіріп алу мәселесін қана қарастырмай, олардың әлеуетін тұрғылықты жерінде қалдыра отырып, пайдалану мүмкіндігі ұсынылды. Осы мақсатта шетелде тұратын этникалық қазақтармен байланыс қарқынын күшейту көзделуде. Ол үшін Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы олардың тұрғылықты жерлерінде мәдени орталықтарын құруына ықпал жасап, қандастарымыздың бір-бірімен және Қазақстанмен тығыз қарым-қатынасын ұйымдастыратын болады», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.
Сонымен қатар қазіргі таңда елге оралған қазақтардың көрсеткішінде алдыңғы жылдармен салыстырғанда біршама ілгерлеушілік бар көрінеді. «Өткен жылы елімізге 16,5 мың оралман отбасы көшіп келді. Ол 2015 жылмен салыстырғанда, 8,5 есеге артық», – деді Дүйсенова.
Бейбіт Тоқтарбай
Астана