jasqazaq.kz

Тамара Асар: Франциядағы қазақ баласының аянышты тағдырын айтты

04 сәуiр 2018, 15:27

Тамара Асар Франция қазақтарының ұйымдастыруымен өткен Наурыз мерекесіне қатысқан еді. Парижде жүрген әнші сахна сыртында қазақ баласын кездестіргенін айтып, оның аянышты тағдырын баяндады.
Stan.kz хабарлағандай, “Лувр алаңында наурыз тойы қызған кез еді. Мен саxнаның арт жағында өз кезегімді күтіп, қазақ костюмімді қызықтап келген француздар мен басқа да ұлт өкілдерімен фотоға түсіп, бар білген ағылшыныммен француз тілімді былдырлатып араластырып, жартысын эмоцияммен аузы басымды жыбырлатып, қолымды сермеп, барлық жестикулияциямды қосып, ойымды жеткізіп мәз боп тұрғанмын.
Жаныма бір француз әйелі келіп, әлдеңені түсіндіре бастады. Бірден түсінбесем де, басымды изей бердім, музыка қатты ойнап тұрғасын қатты тақалып, құлағыма ыссы демімен үрлеп, әлдеңені айтып жатыр, бір сәтте тілден бөлек “сана-түйсігім” қосылғандай болды, тыңдай бастадым. Ол маған бір сөйлемді қайта-қайта айта беріп еді, жүрегім “шым” етті, әлі дұрыс түсінген жоқпын. Қасындағы баланы көрсете береді де. “Mon fils kazakh”- деп қайталай береді, сол сөйлем құлағымда әлі тұр”, – деп бастады әңгімесін әнші.
Қазақтың баласын көргенде жүрегі дір ете түскен әнші көп сөзбай аудармашыны шақырған. Сөйтіп, француз әйелінің қасындағы жасөспірімнің ұлты қазақ екенін білген.
“Мына фотодағы баланы төрт жасында асырап алыпты. Жезқазғандікі екен. Ұлты – қазақ, аты – Мұxаммед. Бірақ қазір екі есімі бар, қазақша-французша. Жасы он төртте. Менің қабылдауымда оның көзі мұңға толы, еңсесі ерке балаға ұқсамайтын сияқты, әлде менің көзіме солай көрінген шығар? Әйтеуір мен дәл осы жолы әлсіздік таныттым. Шыдай алмай, баланы құшақтай алдым. Кәдімгідей бүкіл қазақтың құшағын сыйлағым келді, іштей сіздерден сәлем айтқандай болдым.
Тамағыма бірнәрсе кептеліп, жүрегім тарсылдап, жақ-сүйектерім жыбырлап-ашып, мұрнымның ұшын ызалы жас кернеп, бара жатыр. Ел жан-жағымнан менімен фотоға түсіп жатқасын, көз жасыма ерік беруге ұят қысып, ит-зықым шығып тұр. “Тамара Асар, қазір саxнаға шығасың, бұл Франция, Париж, Лувр, Қазақстанның наурызы, елдің, елшіліктің абройы, пора-пораң шығып, саxнада жылап тұрмақпысың? Жылама, жылама” деп өзімді-өзім іштей тежеп, аутотренинг жасап, бойымның дірілін тоқтатуға тырысып, фотообьективтерге “кезекші жымиюдан” қосып, езуімді күшпен тартып тұрдым да, саxнаға көтеріліп кеттім. Алланың жазғаны осылай болған шығар, Мұххамед – Пайғамбардың аттасы, қазақтың қаны, француздың ұлы Мұxаммед”, – деп түйіндеді сөзін ол.

Бүгін, 15:55
АЭС - таза энергияның сенімді көзі
Бүгін, 15:31
Басты міндет – төтенше жағдайдың алдын алу
23 қараша, 15:48
Үнді дипломаты: Қазақстанның сыртқы саясаты сындарлы әрі теңгерімді ұстаныммен ерекшеленеді
23 қараша, 15:30
Серікбай Жәңгірбаев: Су ресурстарын ұтымды пайдалану – экологиялық қауіпсіздік негізі
23 қараша, 14:22
Есірткіге қарсы ымырасыз күрес тоқтамайды
20 қараша, 13:54
Шыңғыс Оразалимов: Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютері жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау жобаларына қызмет етуде
18 қараша, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды