
Аргентинада өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы олимпиадада тағы бір қазақстандық боксшы әділетсіздікке тап болды. Төрешілер шешімімен финалда ұтылып қалған Талғат Шайкен жеңісті өзінен тартып алғанын ашық айтты деп жазады Olympic.kz.
Буэнос-Айресте өтіп жатқан додада 64 келі салмақта жұдырысқан Талғат Шайкен өзінің жеңісіне сенімді болғанын жеткізді. Алайда төрешілер шешімі тарапынан ол алтынға емес, күміс жүлдеге лайық деп танылған.
Жас боксшы өзіне қатысты осымен үшінші мәрте әділетсіздік орын алғанына күйініп, көзіне еркісіз жас алды.
Талғат Шайкен ел қоржынына олимпиаданың күмісін түсіргенімен, ел алдында финалда жеңілгені үшін кешірім сұрады.
«Қазақ елінің үмітін ақтай алмадым. Кешірім сұраймын! Финалда ұтылып қалдым. Төрешілер осымен үшінші рет жеңісімді тартып алып отыр. Бұл боксшыны үш рет жеңдім, үш рет те жеңісті бермеді. Өте өкінішті-ақ», — деді Талғат финалдан соң.