
Талдықорғандық оқушылар бастауыш сыныпқа сабақ беретін робот жасап шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жасанды интеллектке негізделген құрылғы дүниежүзілік робот олимпиадасында үздік деп танылды. Венгриядағы өнертапқыштар додасына әлемнің 74 елінен 2 мыңнан аса адам қатысқан болатын. Бұл сында жетісулық жасөспірімдердің «Робот ұстазы» үшінші орын иеленді. Ол мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге әліппені жаттатып, сурет салып бере алады. Есеп те шығартады. Тіпті, көзі нашар көретіндерге брайл шрифтін үйрету мүмкіндігіне ие. Ерекше құлтемірді оқушылар Назарбаев зияткерлік мектебінде құрастырды. Әрі сынақтан өткізіп, әлемнің озық ойлы жастары сынға түсетін жарысқа ұсынды. Жылына бір рет өтетін байқауға осы оқу орнының шәкірттері 2014 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді.
Даниил Филимонов, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
– Роботты баршаға қолжетімді етіп жасауға тырыстық. Яғни, дені сау балалармен қатар, көзі көрмейтін, құлағы естімейтін оқушыларға да сабақ бере алады. Соңынан оқу бағдарламасын қалай меңгергенін тексереді. Адамдардың бет әлпетін танығандықтан жеке-жеке жұмыс істеуге болады.