
Талдықорғанда колледж студенті үшінші қабаттан секіріп мерт болды. 17 жастағы бойжеткеннің мұндай қадамға не үшін барғаны әзірге белгісіз. Қайғылы оқиға бүгін таңертең Талдықорған гуманитарлық колледжінің оқу ғимаратында болған. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Дәріс кезінде жоғары қабаттан секірген студент жедел жәрдем көлігінде ауруханаға жетпей көз жұмыпты. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталып, куәгерлерден жауап алынып жатыр. Суицидке итермелеу бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Тоғжан Жанатбек, Алматы облыстық полиция департаментінің ресми өкілі:
— Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 105 бабына сәйкес жүргізілуде. Қазір 17 жасар бойжеткеннің гуманитарлық колледжде оқитындығы және сабақ кезінде үшінші қабаттың терезесінен секіріп кеткені анықталды.