Тақиялы періште: тақиясы табылмай тұр

16 қараша 2018, 12:09

Жетісу жұрты «Тақиялы періште» фильмінде Тайлақты сомдаған Әлімғазы Райымбекпен әрдайым мақтанады. Кезінде тақиясымен де тамсандырған актердің, бүгінде зейнет жасындағы қарияның қатысуынсыз ешқандай шара өтпейді. Атамыз бой көрсетпесе, жиналыстың мәні, кездесудің сәні, әңгіменің нәрі кірмейді.

Күні кеше Талдықорған төрінде Әлімғазы атамыз бен Гүлжауар апамыздың гауһар тойы өтіп, ғибратты ғұмырлары қызықты әңгімеге арқауына айналды. Өмірдің тауқыметі мен тарғалаңын, қуанышы мен қайғысын көрген қос қарияның ұлағатты ғұмыры кімге де болса үлгі. Жастардың жарасымдылықты ту еткен осындай қарияларға еліктеп өскенін қалаймыз.
Қазір де қария қуаты кетіп, таяққа сүйеніп тұрған жоқ. Алып денелі Әлімғазы ата аяңдап келе жатқанда тау тұлғасына қарап таңдай қағып тұрып қалатынымыз рас. Жарықтық Шәкен ата (Айманов) болмағанда, Әлекеңнің аңызға айналмауы да мүмкін бе еді. Өйткені, Әлімғазы ата түскен он төрт фильмнің арасынан уақыттан қалмай, экраннан түспей, жаңа ғасырдың босағасынан аттап, әлі де көрсетіліп келе жатқаны әйгілі – «Тақиялы періште».
Әлекең әлі күнге «Тақиялы періште» атымен танымал. Бірақ ол кісінің киноға қалай келгенін жастардың бәрі біле бермейтіні анық. 1965 жылы Талдықорғандағы «Қайрат» спорт қоғамы ауыл шаруашылығы саласынан спортқа қабілеті бар еңбеккерлерден топ құрып, Алматыдағы Орталық стадионда қазақша күрестен өтетін жарысқа апарады. Сол жарыста топ жарған бірқатар азаматтан бір команда іріктеліп, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Темірлан ауылында өткен Қажымұқан атындағы жүлде үшін күреске жол тартады. Он алты облыстан бақ сынаған жарыста 25 жастағы Әлімғазы Райымбек ауыр салмақта республика чемпионы атанады. Осы сапар жолын ашып, түсірілім жұмысы қолға алынған «Ән қанатында» фильмдегі Қажымұқанның рөлін сомдауға шақыртылады.
Жас жігітті режиссердің ассистенті болып жүрген әйел Қажымұқанның өзі келгендей аңтарылып тұрып: «Азик, Азик вот Кажымукан пришел», – деп айғай салады. Әзірбайжан Мәмбетовпен осылай танысқан. Әсілі, Әлімғазы ата баянды да бақытты ғұмыр кешіп келе жатқан жанның бірі. Үш ұйықтаса түсіне кірмеген, өзіне соншалық беймәлім кино саласына келуі қазақ өнерінің тарихына есімін өшпестей етіп қалдырды. Алғашқы режиссері Әзірбайжан Мәмбетов, аңызға айналған «Тақиялы періште» фильмінің режиссері Шәкен Айманов, театр мен кино өнерінің қайталанбас тұлғалары Әмина Өмірзақова, Бикен Римова, Әнуар Молдабеков, Есболған Жайсаңбаев, ортамызда жүрген Асанәлі Әшімов сынды көптеген дара тұлғалармен біраз дәуренді өткерді. Әлімғазы атаның кино әлеміне ат ізін салғалы да жарты ғасырдан асыпты. Ол күндердің бәрі жалғанның жабылған беттерімен өткен ғасырдың қойнауына сіңді де кетті.
Шәкен Аймановтың 80 жылдық мерейтойында белгілі әртіс Ыдырыс Ноғайбаев «Тақияң қайда? Неге кимейсің?» деген соң, қалтасынан тақиясын ала бергенде Ли және Ким дейтін екі суретші әйел тақияға қызығып: «Біз мұны мұражайға өткіземіз, бізге беріңізші» деп сұрап алыпты. Сонымен, Тайлақтың шын тақиясы қазір қайда екенін белгісіз. Десе де, «Тақиялы періште» аты әлі күнге өзімен бірге бел-белесті асып келеді. Ең бастысы, өмір бойы өзінің батыл ұстанымынан, қазақы қалыпқа дөп келетін адамгершілігінен, адалдығы мен аңқаулығынан, босқа желігіп мәртебе қумайтын жайсаңдығынан, көрінгенге бір құмартып, күн өткізбейтін тұрақтылығынан, айта берсек, жалғаса беретін адами, азаматтық қасиеттен ауытқыған жоқ. Сол ұлы қасиеттерімен де бүгінде елдің құрметіне, жұрттың сыйына бөленіп келеді.
Сабырлы, байсалды қалпында әңгіме өрбітуден жалықпайды. Атамыз өзі кино соңында жүрсе, бала күтіп үйде отыратын аяулы апамызбен қалай танысқанын әңгімелеуден де шаршаған емес.
– Әскерден келген бетім еді. Әкемнің ақылымен ауылда көлік жүргізушісі болып жұмысқа кірдім. Сол жылы Бөрлітөбеден Қасымжомарт дейтін учаскелік милиция ауылға көшіп келді. Сол кісінің жүктерін Үйгентас өңірінен көшіріп әкелуге жолға шығып, Жыланды ауылына келдік. Дастархан басында Нұржамал, Роза дейтін екі келіншек менің жай-жапсарымды сұрап, біраз тергеуге алды. Басым бос екенін білгеннен кейін бір қызбен таныстыруға бекінді. Сонымен көрші ауылға келдік. Сол күні үй иесі мал сойып, қонақ етті. Қызбен танысып, әке-шешесінің де рұқсатын алып үлгердім. Қасымжомартты көшірісемін деп, өзім үйленетін болып қайттым. Келе салып, әкеме үйленетіндігімді айтып, дайындыққа кірістік. Әкем жалғыз сиырын сатып, үш қой алды. Сөйтіп, мына апаларыңды алып қайттық, – деді қуанышын жасыра алмай.
Атамыздың Алматыда «Долана» фильміне түсіп жатқан кезі. Содан атамыз сол аумақтан бір түріктің үйін сатып алмақ болады. Ақыры ауылға барып, келіншегін ертіп келіп, жаңағы үйде үш күн тұрады. Төртінші күні апамыз «Жоқ, мен мұнда тұра алмайды екенмін. Егер өзім тұрам десең – тұр, мен қалмаймын» деп кетіп қалған көрінеді. Үй тірлігіне еті үйренген жанның қала өміріне бейімделе алмасы анық. Атамыздың жүрегін баурап алған, сол пысықтығы мен қарапайымдылығы болса керек. Осылайша қос ардагердің отбасы ауылды тұрақтап қалды. Бірақ Әлімғазы атамыздың кино саласындағы сапары ары қарай жалғасты.
Әлімғазы ата 14 фильмге түсті. Алматыда жүретін азаматын күтуден шаршамаған Гүлжауар апамыз бар өмірін отбасына арнады. Жұмыс жасай жүріп, 10 баласының тәрбиесін көзінен таса етпеді. Қиындықты бастан өткерсе де жасымаған, балаларына жоғары білім беріп, ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған ардақты ана. Бүгінде немере-жиендерінің, шөберелерінің арасында бақытты күн кешіп отыр.
Гүлжауар апамыз бүгінгі келіндерге үлгі-өнеге болатын ана. Аты айтып тұрғандай, шыдамды, көңіл көкжиегі кең, түсінігі терең адамдарға ғана бақытты тұрмыстың, бағалы тіршіліктің гүлі жауатынын той барысында көрдік. Жиналған қауым гауһар той иелеріне бақытты өмір тіледі. Шын мәнінде, қос қария да қазақ жастары үшін өнеге болар отбасы.

Қажет АНДАС,
Талдықорған

18 мамыр, 22:58
Түркістан: Тұрғындарға құқықтық көмек көрсетілді
17 мамыр, 15:54
Түркістан: «Жасөспірім және жауапкершілік» профилактикалық шарасы өтуде
17 мамыр, 15:41
Түркістан: «Құқықтық тәртіп» және алаяқтардан сақтандыру
17 мамыр, 12:04
Түркістан: Учаскелік полицейдің қоғамдағы жауапкершілігі жоғары
16 мамыр, 15:19
Түркістан: Полиция мектеп оқушыларына қауіпсіздік шараларын түсіндірді
15 мамыр, 16:48
Түркістан: Алимент, авторлық құқық және сот сараптамасы
15 мамыр, 15:56
Түркістан: Өткен жылы 7 184 адамға тегін заң көмегі көрсетілген
15 мамыр, 15:36
Түркістан: Сарыағаш полициясы профилактикалық жұмысты күшейтті
15 мамыр, 14:16
Түркістан: Полиция жастарды қауіп-қатерден сақтандырады