Тағдыры талқан болғандар…

06 шiлде 2020, 11:22

Үш қабатты зәулім коттеждің алдында тұрмыз. Қақпа ашыла салысымен, тәй-тәй басқан бала алдымыздан шықты. Ешкімді жатырқаған жоқ, алаңсыз ойнап жүр. Бұл – Алматыдағы «Ана үйі» аталып кеткен орталық.

Бізді орталықтың үйлестірушісі Әминат Жаппуева қарсы алып, ішке кіргізді. «Ана үйі» – өмірде түрлі қиындыққа тап болған жас аналар уақытша паналайтын орын. Мұнда кәмелетке толған қыздардан бастап, 30 жасқа дейінгі келіншектер жүр. Тағдыры да әрқилы. Бірі «отбасының тірегі» санаған күйеуінен қорлық көрсе, бірі ата-анасының қатыгездігінен жапа шеккен. Біз «Ана үйіндегі» келіншектердің аты-жөнін өзгертіп береміз деген уәдемен барып, олардың тағдыр хикаясын жазып алдық.

Шетелдік күйеуден аузы күйген

Алғашқы кейіпкеріміз – Әлима. 28 жаста. Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін, шетелдік жігітке тұрмысқа шығып, өзге елге қоныс аударыпты. Болашақ жарымен сөйлесіп жүргенде, оның өрескел мінезі барын білмеген. Өкініш өзегін өртеген жас ана әңгімесін былай бастады:

«Бастапқыда жақсы өмір сүріп жаттық. Бірақ жолдасымның анасы мені о бастан жақтырмады. Ақыры баласы екеуміздің арамызға түсіп жүріп, бізді ажыратты. Жолдасымның мінезі өзгеретін шығар деп, анасының сөзіне мән бермей шыдап бақтым. Ана атанып, сәби сүюді армандап жүргенмін. Аяғым ауыр екенін білгенімде қатты қуандым. Бірақ жолдасым менің жағдайыма қарамастан, қол көтеретінді шығарды. Тіпті жүктіліктің төртінші айында аямай соққыға жықты. Бұлай жалғаса берсе, баламнан да айырылып қаламын деп ойладым. Ұрып-соққанын тоқтатпаған соң еліме қарай қаштым. Туған өлкеме бара алмадым, туған-туыс, таныстардың көзіне түскім келмеді. Алматыға келіп, бастапқыда пәтер жалдап тұрдым. Аяғым ауыр, оның үстіне жұмыссызбын. Паналайтын баспана да жоқ…

Әлеуметтік желіден «Ана үйінің» бар екенін біліп, осында хабарластым. «Ана үйінің» үйлестірушісіне жағдайымды айтып түсіндіріп, осында келдім. Бұл үйге былтыр желтоқсан айында келгенмін. Сәбиімді аман-есен өмірге әкеліп, қазір осында тұрып жатырмыз. Балам екі айдан асты. Мені қамқорлығына алып, қолдау көрсеткен «Ана үйіне» алғысым шексіз! Мамандығым – заңгер. Жоғары білімім бар. Болашақта шағын кәсіпкерлікпен айналысқым келеді. Балалар киімін сататын интернет дүкен аштым. Қазір оны әрі қарай дамытып жатырмын. Баламның әкесі әкелігін мойындап, тегін берді. Өзім ата-анасыз өскен қызбын. Баламның анасыз өскенін қаламаймын. Сәбиімнің болашағы үшін өмір сүруге бар күш-жігерімді аямаймын», – деп сөзін аяқтады.

Орталықты паналаған жас аналар өздерін суретке, камераға түсіруге рұқсат берген жоқ. Басындағы қиындыққа қарамастан, отбасының абырой-беделін сақтағысы келеді. Әке-шешесінің «ұят болмасын» деген ескертуін екі етпеген жас келіншектер туған баласынан бас тартуға дейін барғанын жасырмады.

Баласынан бас тартқан

Екінші кейіпкеріміз – Атырау өңірінің тумасы. Дананың тағдыры тым ауыр. Ол өзі туралы былай деді:

«2017 жылы арман қуып Алматыға келдім. Қазір қаладағы жоғары оқу орнының бірінде ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша 3-курстың студентімін. Үлкен қалаға келген соң бір жігітпен танысып, жарты жылдай қызбен жігіт болып жүрдік. Менен 6 жас үлкендігі бар. Екеуміз отау құратын болып келісіп, жақындарымен таныстырды. Бір күні болашақ күйеуім аяғымның ауыр екенін естіп, қатты өзгере бастады. Тіпті баланы алдырып тастауымды өтінді. Ата-анам бұл жағдайды білмейді. Басымдағы қиындықтан құтылу үшін сәбиімді өмірге әкелгеннен кейін бала асырап алғысы келетін адамдарға бергім келді. Босанбай тұрып шақалақты беретінім туралы жазбаны әлеуметтік желіге жарияладым. Нәрестелі болғысы келетін ерлі-зайыптылар Ақтаудан табылды. Олар маған жақсы қарап, балам өмірге келгенше қолдау көрсетті. Мен сәбиді өмірге әкелген күннің ертесі әлгі кісілерге тапсырып, Алматыға қайттым. Шыны керек, баламды бөтен біреуге тапсырып, басымдағы қиындықтан құтыламын деген ойым қате екен. Тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, алпыс екі тамырыңды иітіп тапқан балаңды бөтен біреудің қолына бере салу оңай шаруа емес екен. Баласыз өткен екі аптада көп нәрсені түсіндім. Аналық мейірімім оянып, қателігімді ұғып, сәбиді қайтарып алғым келді. Алматыдағы «Ана үйіне» қоңырау шалып, жағдайды түсіндірдім. Мұндағылар Ақтаудағы «Ана үйіне» хабарласып, олар баламды асырап алған кісілермен кездесті. Алматыдан біз барып, мән-жайды түсіндіріп, баламды қайтадан алып қайттық. Әрине, асырап алған отбасы да басында қайтарғысы келмей, балама бауыр басып қалғандарын айтты.

Қазір ұлым жанымда. Ата-анама да жағдайды уақыты келгенде түсіндіремін. Болашақта оқуымды аяқтап, жақсы маман болып, балам үшін өмір сүретін боламын», – деді әлгі қыз.

Ауылға қайта алмаймын

Үшінші кейіпкеріміздің есімі – Гүлім. Жасы – 28-де. Ауылдың аңқылдаған қызы екені жүзінен көрініп тұр. Алматыға Өзбекстаннан келіпті. Орталықтан пана тапқан жас ана әңгімесін былай бастады:

«Үлкен қалаға бақыт іздеп, бір жағы жұмыс іздеп келдім. Алғашында еден жуушы, одан кейін ыдыс жуушы болып жұмыс істеп, нәпақамды таптым. Бір күні Алматының іргесіндегі Өтеген батыр кентінде тұратын бір жігітпен танысып, шаңырақ көтердік. Күйеуім маған дейін бір рет үйленіп, ажырасқан жігіт екен. Бірінші некесінен екі баласы бар. Біздің некеміз мешітте ғана қиылды, заңды некеге тұрған жоқпыз. Басында тату-тәтті өмір сүріп жаттық. Арамызға күйеуімнің алты баласымен ерінен ажырасып келген әпкесі түсе берді. Ол тіпті мені сол үйден кетірудің бар амалын жасады.

Сөйтіп былтыр желтоқсан айында осы жерге келдім. Өйткені баламмен ауылға қайтқым келмеді. Біз жақта күйеуден қайтқан қыздан абыройсыз адам жоқ. Ата-анамның да мені бұрынғыдай жақсы көрмейтінін сеземін. Оның үстіне, біздің жақта күйеусіз бала тапқан қызға ешкім дұрыс қарамайды. Сол үшін амалсыздан осында тұрақтауға тура келді.

Біз мұнда 6 айға дейін ғана тұрамыз. Менің уақытым да келіп қалды. Негізі күйеуім қол көтерген емес. Біз қатты ұрыспадық. Тек алты баласы бар әпкесінің айтқанынан шыға алмады. Әминат апайдан уақытымды созып беруін сұрадым. Өйткені қызымның жүрегінде ақау бар. Балапанымды толық емдеткенше осында болсам деймін. Мен бұл жерден көп нәрсені үйрендім. Карантин кезінде қорғаныш маскасын тіктік. Басқа да тұрмысқа қажетті заттарды тігуді үйреніп жүрмін. Алдағы уақытта жақсы бір жұмысқа орналасып, қызым үшін өмір сүргім келеді.

Ата-анам менің осында екенімді біледі. «Үйге қайт» деп жатыр. Бірақ қызыммен ауыл жаққа бара алмаймын. Осында қалып жұмыс істеймін, – деп үшінші кейіпкеріміз де сөзін аяқтады.
Қазір орталықта 12 қыз-келіншек тұрып жатыр. Мұнда жігері жасып, сағы сынған жандардың еңсесін көтеріп, аяғынан қайта тұруға барлық жағдай жасалған. Аулада сәбилердің бесік-арбасы қаз-қатар тізіліп тұр. Ең бастысы – әрбір сәбидің анасы жанында. Тек безбүйрек әкелерінің қайда жүргені белгісіз. Сәбиін жетім қалдырмай, аналық парызын адал атқарып отырған қорғансыз жандардың алдында әлгі «көкек» әкелер бас ию керек. Некесіз бала табу, әкесіз сәби өсіру біздің қоғам үшін тұрпайы, жат қылық екені айдан анық. Алайда әлгі шаңырақтан ана мен баланың махаббатын, жас келіншектердің болашаққа деген сенімін, қайсарлығын көріп, көңіліміз өсіп қайттық.

Жазып алған
Мақпал Ноғайбаева

Тақырыпқа орай

Әминат Жаппуева,
«Ана үйінің» үйлестірушісі:

«Алимент төлетеміз»

Бізде қазір еліміз бойынша 18 қалада 22 «Ана үйі» бар. Осы уақытқа дейін 4500-ден аса қыз-келіншектерге көмек көрсеттік. Олар бізді әлеуметтік желі арқылы, әрі емханадағы әйелдер кеңесі арқылы таба алады. Мысалы, перзентханада бір қыз баласынан бас тартса, ондағылар алдымен бізге хабарласады. Біз барып ол қызбен сөйлесіп, түсіндіру жұмысын жүргіземіз. Жұмыс тәжірибемде біздің көмегімізден бір қыз ғана бас тартты. Орталықта қыздар 6 ай тұрады. Осы уақыт ішінде олардың туған-туысқандарымен хабарласып, кеңес береміз. Егер қыз өзі келіссе, баласының әкесін де табамыз. Ашық әңгімелесеміз. Егер ол өз міндетінен бас тартып, «бала маған керек емес» десе, амал жоқ, сотқа береміз. Әкелігін ДНК арқылы дәлелдетіп, сот арқылы алимент төлетеміз. Бізде қыздар бір-бірінің баласына қарайласып тұрады. Бірі – студент, бірі жұмыс істейді дегендей. Мұнда тігін цехы бар. Қыздар қолөнермен айналысып, тапсырыс бойынша көрпе-жастық, тұрмысқа қажетті бұйым тігеді.

Бүгін, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды
22 сәуiр, 14:37
Түркістан: Террористік тұрғыдан осал нысандар тексеріліп жатыр
22 сәуiр, 14:00
Түркістан полициясы интернет-алаяқтыққа қарсы пәрменді күрес жүргізеді
18 сәуiр, 13:34
Түркістан: облыс полициясы 8 тәулік ішінде 2312 құқық бұзушылықты анықтады
17 сәуiр, 15:44
Түркістан: Сайрамдық полицейлер алаяқтықтың алдын алды
16 сәуiр, 12:24
Түркістан: Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол берілмейді
16 сәуiр, 12:05
Қайрат Нұрқасымов: Алматы Индустриялық аймағы – қала экономикасына серпін береді