Табылды талантына тағзым

09 желтоқсан 2022, 11:04

Сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдардың ортасынан бастап КазГУ қалашығын (көне мәнермен айтсақ), Табылды Досымовтың әндері тербеп тұратын. Табыл әндерінің алғашқы тыңдармандары, әлбетте, бесінші жатақхананың студенттері болатын.

Кетсем бе деймін бала боп,
Шабады көңіл шалғайға.
Қайда сол КазГУ городок,
Алматы қайда, ел қайда? –
деген көпшілікке белгілі өлең жолдары 1984 жылдың 27 шілдесінде Германияда қағазға түскен екен. Оған менің қолымдағы сарғайған сарбаз хаттары дәлел.
Осы күні ел аузында жүрген «Сәйгүлік», «Ұнатамын мен сені», «Биіктік» және тағы да басқа ондаған туындыларының көбі сол студент қалашығында туып, кейін қазақ даласына кең тарап кетті.

Орнатар деп ескерткіш халқым бірде,
Ойладың ба жас дәурен, сал күндерде?

Биыл қазақтың тұңғыш бард-композиторының өмірден озғанына он екі жыл. Кеше ғана арамызда жасындай жалтылдап жүрген таланттың жоқтығына көңіл құрғыр әлі сенбейді. Әйтсе де, есімінің ел жадында екеніне, өнерінің өлмес ғұмыры басталғанына шүкіршілік етесің. «Бірге жүрген жігіттер күні кеше, Бірі ескерткіш болып тұр, бірі – көше…»
Жақында Атырау жұрты өзінің Толағай-Табылының талантына тағзым етіп, тағы бір керемет кездесу мен тамаша кеш өткізді. Оған қазақ даласының түкпір-түкпірінен қабырғалы қаламгерлер мен әнші-өнерпаздар қатысты. Алдымен кешке келген қонақтар Табылды Досымовтың Дендердегі бейітіне барып, ақын әруағына бата бағыштады. Сосын аудан орталығындағы еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Мәдениет үйінде аудан әкімі бастаған көпшілікпен жүздесу өткізді. Онда Тәкеңнің әдеби мұрасын насихаттаумен қатар, жалпы руханият мәселелері сөз болды. Аудан әкімі Дарын Шамұратовтың айтуынша, Табылды Досымов әлдеқашан туған өлкесінің бейресми төлқұжатына айналған.


Одан кейін Атырау университетінде «Қазтуғандардан қалған із. Табылды – рух алдаспаны» атты алқалы жиын өтті. Әдеби-танымдық кездесудің шымылдығын осы оқу орнының ректоры Саламат Ыдырысов ашып беріп, жазушы Мереке Құлкенов Табыл талантының табиғатына терең және жан-жақты талдау жасады.
Ақын, әйгілі «Сәйгүлік» әнінің сөзін жазған Светқали Нұржан студенттік күндерден естелік айта келіп, жиырма сегіз жыл жұбы жазылмай бірге жүрген досының ақындық һәм адамдық келбетін суреттеп берді. Сондай-ақ ол хас таланттар қашанда халықтың барлық мұң-зары мен қайғысын жан-тәнімен төтенше сезінгендіктен де, соншалық ауыр салмаққа оның жұдырықтай жүрегі көтере алмайды деген пікір айтты. Олардың ғұмыры қысқа болып жататыны да сондықтан дей келе, қырық-қырық бес жастың аралығында көз жұмған кешегі Қасым, Мұқағали, Жұмекен, Кеңшіліктің қатарына ол Табылдыны да қосты.
Ақын, белгілі ғалым Бауыржан Жақып Табылдың үнемі өнерлі орта іздеп жүретін көпшіл, достыққа адал қасиеттеріне ерекше тоқталып, осыдан он шақты жыл бұрын Арқадағы атақты гитарашы Қорабай Әбеновті арнайы іздеп барғанын еске алды. Ол бүгінде Табылдының ізінен ерген бір топ талантты шоғырдың қалыптасқанын айтты.

Адамдық ғұмыр біткен күн, ақындық ғұмыр бітпесін

Табылдының шығармашылығын насихаттауда үлкен жүректі азамат, өнердің жанашыры, өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер Бижан Қалмағамбетовтің еңбегі зор. Ол 2010 жылы Т.Досымов атындағы республикалық қоғамдық қор құрып, содан бері қыруар жұмыстарды атқарып келеді.
Тәкеңнің ән кештерін Қазақстанның басты қалаларынан бөлек, Мәскеуде, Қытайда және Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында өткізді. Бард-композитор атындағы байқау, фестивальдерді ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырды. Соның арқасында өнердің осы саласында бір топ талапты жастар пайда болып, қазір Табылды мектебі қалыптасты деуге болады. Оған сол күні Атырау қаласында, М.Өтемісов атындағы облыстық драма театрында өткен Табылды әндерінің «Биіктік» атты концертінде анық көзіміз жетті.
Осынау ән мен жырдың жәрмеңкесінде Елена Әбдіхалықова, Есенбай Құлиев, Асхат Әмірғалилармен бірге бір топ жас таланттар өнер көрсетіп, көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Жұрттың айрықша ықыласын бәріміз жан-жүрегімізбен сезіндік. Залда ине шаншар орын болмай, біраз көрермен концертті баспалдақта отырып тамашалады.
Б.Қалмағанбетов Табылдың барлық әндерін нотаға түсіріп, ән жинақ етіп шығармақшы екен. Осыдан біраз жыл бұрын жарыққа шыққан «Із тастап өткен бір жұлдыз» атты естелік кітапқа көп дүние енбей қалыпты. Енді амандық болса, соның жалғасы іспетті тағы бір естелік кітапты шығару да қордың жоспарында бар көрінеді. Кеш соңында соған қатысқан өнерпаздарға Т.Досымов қорының естелік төсбелгісі табыс етілді.
Сөз басында сарғайған сарбаз хаттары туралы жазғанбыз. Осы жолдардың авторы жоғарыда айтылған кездесуде Табылдының еш жерде жарияланбаған бір өлеңі мен өз қолымен қағазға түсірген бірнеше әндерінің мәтіндерін отбасына табыс етті. Мүмкін ертең музейі ашылып жатса, бір бұрышынан орын табылып қалар…

Музей демекші, Б.Қалмағанбетов қазір ақынның өзі тұрған Дендердегі үйін бір жағы музей, бір жағы бардтық өнердің мектебіне айналдыру жөнінде жұмыстың жүріп жатқанын жеткізді. Оған жергілікті атқару органдары да оң қабақ танытқан көрінеді. Енді сол іс баянды болғай дейміз.
Ол өзінің соңғы кітабындағы ақырғы өлеңін былай деп аяқтапты:

Үтірмен сені бітірдім,
Бітірмей жырым, нүктемен.
Бергі жағында үтірдің,
Өлең-ғұмыр тұр бітпеген.

Осылай деуді құп көрдім,
Оқырман, сен қой нүктесін.
Адамдық ғұмыр біткен күн,
Ақындық ғұмыр бітпесін!

Артында қалың тыңдарманы мен талантты ізбасарлары барда Табылды Досымовтың ақындық ғұмырының алдағы күндерге жалғаса беретініне біз сенімдіміз.

Әбубәкір Смайылов

30 сәуiр, 13:48
Нұрбақыт Теңізбаев: Халықтың үні қашанда маңызды
29 сәуiр, 15:09
«Ұлттық қор – балаларға»: Алматы облысы алдыңғы лекте
29 сәуiр, 11:52
Нұрлан Дәулетбаев: Алматыдағы тұтынушылар құқығын қорғауға үлес қосамыз
26 сәуiр, 15:03
«Нөлдік төзімділік: Түркістан полициясы құқық бұзушылықтың жолын кеседі
26 сәуiр, 14:56
Түркістан полициясы автокөлік жүргізушілерін тәртіпке шақырды
25 сәуiр, 16:35
Түркістан: Полиция мен прокурорлар бірлескен рейд өткізді
25 сәуiр, 15:35
Түркістан полициясы алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырады
24 сәуiр, 14:05
Алматы: «Қарызсыз қоғам» қаржыны тиімді жұмсауға үйретеді
22 сәуiр, 15:46
Түркістан полициясы ұрыны ізін суытпай ұстайды