
Күні кеше қазақ қызымен екіұшты ой салатын суретке түсіп, бейәдеп видеоны желіге жүктеген шетелдік азамат Эли Дауд қызметінен босатылды. Бұл туралы Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (ССЕР) бас директоры Кауаш Хишам мәлімдеді.
Ең алдымен, компания басшысы Атыраудағы тәртіпсіздіктерге себепші болған қызметкері үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ, осындай жағдайдың алдын алу мақсатында Эли Даудпен арадағы келісімшарт тоқтатылғанын жеткізді.
«Эли Даудтың жасаған әрекеттері үшін барлығыңыздан кешірім сұрағым келеді. Компания басшылығы мен оның қызметкерлері мұның біздің құндылықтарымыз бен қағидаттарымызға сай келмейтін келеңсіз жағдай болғанын айтқымыз келеді. Осы орайда, компания Эли Даудпен арадағы келісімшартты бұзып, оның жұмыстан босатылғаны туралы айтқымыз келеді», — деді Кауаш Хишам.
Ақпарат көзі: Stan.kz