Астанада «Байтақ-Болашақ» экологиялық бірлестігі үшінші рет конгрес өткізіп, елімізде алдағы уақытта басты мәселеге айналатын су тапшылығын тілге тиек еткені белгілі. Шын мәнінде, алаңдайтындай жөніміз бар ма? Осыған байланысты біз қоғам белсендісі, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртайды әңгімеге тартқан едік.
– Су тек елімізде ғана емес, әлем бойынша басты мәселеге айналып келеді. Мәселен, жұмыр жердің 70 пайызын су басып жатыр. Соған қарамастан әлем халқының 70 пайызы қазірдің өзінде суға зәру. Бұл жағдай 2025 жылға қарай ушығып, адамзаттың 80 пайызы бір жұтым судың зардабын тартпақшы. Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, алдағы уақытта мемлекетаралық қақтығыс, жанжал, соғыс дәл осы судан шығуы да мүмкін. Қысқасы, алдағы 10-20 жылда су мәселесі ғаламда өткір проблемаға айналары хақ. Ал қазіргі кезде еліміздегі су ресурстарының жағдайы қалай?
Деректерге жүгінетін болсақ, елімізде 39 мың өзен мен су арнасы, 48 мыңдай көл бар. Бір қарағанда су қоры мол секілді көрінгенімен, шынтуайтында аз. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары жүргізілген зерттеуде елдегі су қоры 126 мың текше шақырым деп есептелсе, қазір ол 100 мың текше шақырымға азайған. Неге? Оның себебі көп.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, өзендердегі су қоры жедел кему үстінде. Өзендердің жылдық көлемі 105,5 текше/шақырым. Оның ішінде көрші елдерден келетін судың мөлшері – 44 т/ш: Ресейден – 7,4 т/ш, Өзбекстаннан – 13,7, Қырғызстаннан – 3, Қытайдан – 19,9 т/ш су келеді. Демек, еліміз су жағынан көршілерге тәуелді. 2050 жылы Қазақстанда мұздақтар еріп бітеді дегенде болжам бар.
Сарапшылардың айтуынша, осы мерзімге таяу уақытта ғаламдық жылымық салдарынан елімізде ауа температурасы 3 градусқа артады. Соның нәтижесінде шөлейт жердің көлемі солтүстікке қарай 300-400 шақырымға дендеп, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнеді екен. Ауа температурасының көтерілуі жем-шөп қорының 30-90%-ға кемуіне, Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарындағы астық шығымының 25-60%-ға, Солтүстүк Қазақстан облысында 70-90%-ға кемуіне әсер етеді.
Қарап отырсаңыз, алдағы уақытта еліміз шөліркей бастамақ. Демек су тартылған жерде, қарқынды даму да жоқ. Ал оның алдын алуға бола ма? Қазақстанның су теңгеріміне келетін болсақ, еліміздегі негізгі өзендердің сегіз бассейнінің жетеуі тарансшекаралық болып табылады.Мәселен, суы мол Ертіс және Іле өзендері бастауын Қытайдан алады.
Қазақстанның оңтүстік, шығыс және орталық аумақтары үшін осы екі ірі өзен негізігі су көзі. Олдардағы өзен суы деңгейінің және сапасының төмендеуі ауыл шаруашылығы, гидроэнергетика, өнеркәсіп және экология салаларына әсер етері хақ.
Құрлықта орналасқан су бассейндерінің ішінде үшінші орын алатын Балқаш көліне жылына 23,81 текше шақырым су ағып келіп жатқан болса, мұның 17,4 текше шақырымы Іле өзені арқылы құйылады. Оның 12,7 текше шақырымы өз бастауын Қытайдан алып жатыр. Ал қара Ертіс арқылы елімізге жылма-жыл келіп жатқан су көлемі 5 текше шақырымды құрайды Қазір Ертіс пен Іленің суын өз мүддесіне жарату үшін Қытай жағы суға тоспа қойып, бұру жобасын іске асыруда. СУАР жағы Қарамай қаласына Ертістен тартылып жатқан каналға су ала бастаса, елімізге келетін су мөлшері тағы да 20 пайызға азаяды. Іленің бойында ГЭС салынып жатыр. Сондай-ақ кейбір дерек көздері Іленің бастау алатын негізгі сағасын ішкі Шыңжаңға туннель арқылы бұрғалы жатыр деседі. Егер де Іле суы тартылып қалатын болса, Балқаш көлі төрт бөлікке бөлініп кетпек. Онда екінші Арал қасіреті орнайды. Демек алдағы уақытта су проблемасы одан әрі асқына түседі. Бұл басты мәселелердің бірі. Сол себепті мұның бәрі мемлекеттік деңгейде шешілуге тиіс.
Тағы бір мәселе, ол-еліміздегі ауыз су. Қазақстан Үкіметінің 2011 жылғы 24 мамырдағы «2011 — 2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасын бекіту туралы» № 570 қаулысының талабына сай, ауылдық жерде орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізуді ауылдық елді мекеннің жалпы санының 80 % қамтамасыз ету бекітілген болатын. Рас, осы бағдарлама бойынша біраз жұмыс атқарылды. Алайда елдімекендердің бәрі сапалы ауыз сумен қамтылды деп айтуға әлі ерте. Осы салаға қазынадан бөлініп жатқан жүздеген миллиард теңгенің біраз бөлігі құмға сіңгендей жоқ болып кетіп жатқаны белгілі. Ал сапалы ауыз суға жарымай отырған халықтың денсаулығы мықты деп айта аламыз ба? Жоқ. Ол үшін не істеу керек?
Жиында осындай мәселелерді сөз ете отырып, тиісті шешімдер қабылдап, өз ұсыныстарымызды құзырлы орындарға жолдадық. Ал олардың қандай қорытынды жасап, қанадй шешім қабылдайтындығын уақыт көрсетеді.
Жазып алған Жолдасбек Әшімханұлы