
Шымкент қаласында әр аптаның жексенбі күндері төрт аудан аумағында орналасқан спорт алаңшаларда «Аула чемпионаты» ұйымдастырылуда. Бұл туралы қала әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық жиында дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Тұманбаев мәлім етті.
Сала жетекшісі аталған спорттық іс-шара «Балалар жылы» аясында мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында аудан әкімдіктерімен бірлесе жыл соңына дейін өткізілетінін атап өтті. Бұл жарысқа 5-17 жас аралығындағы балалар спорттың 6 түрінен (асық ату, ләңгі тебу, баскетбол, футбол, қыздар арасында скакалкамен секіру, гимнастикалық шеңбер айналдыру) сынға түседі. «Аула чемпионатында» жеңімпаз болған балаларға диплом, медаль және кубоктар табысталып, қатысқан барлық балаларға арнайы сыйлықтар табысталады.
Бүгінгі күнге дейін Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарында орналасқан 44 спорт алаңшада «Аула чемпионаттары» ұйымдастырылды. Осы өткізілген спорттық іс-шараларға 3 мыңға жуық жасөспірім қатысып, 200-ге жуық спорт саласының мамандары жұмылдырылды.
«Аула чемпионатын» жыл соңына дейін 104 спорт алаңшада (әр ауданда орналасқан 26 алаңшада) өткізу жоспарлануда. Аталған іс-шараға 6 мыңннан астам балалар қатысады деп күтілуде.
Миллионды мегаполисте 29 мемлекеттік меншіктегі спорт мекемесі бар. 5 нысан мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында жұмыс істейді. Оларда 17 мыңнан астам спортшы 1200 жаттықтырушы оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру бағыты бұқара тарапынан қолдау тауып отыр. Биылға бөлінген қаржы екі миллиародтан асады. Қазір шаһарда 12 мыңнан астам жасөспірім спортпен шұғылданып жүр. Сондай-ақ, өңірде спорт нысандарының құрылысын салуға ниеттілердің қарасы артып отыр.
«Аула чемпионатын» жетілдіру жоспардағы іс. Жыл соңына дейін 32 спорт алаңшасында бұқаралық сипаттағы жарыстар өткізілмекші. Осы жылы бюджет есебінен және жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен 7 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бұдан бөлек 46 спорт алаңшасы ел игілігіне берілмек.
Айта кетсек, қазіргі сәтте Шымкент қаласында қала әкімінің бастамасымен мектеп оқушылары арасында «Шымкент жастар лигасы» жобасының финал кезеңі өтіп жатыр. Оған қаладағы 151 мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысып, бақ сынауда.
Тоқтар Жақаш