jasqazaq.kz

Сөз түзеледі оқырман, сен дайын бол!

10 қыркүйек 2021, 17:02

Соңғы жылдары сөзді қалай болса солай қолдану, грамматикалық және орфографиялық ережелерді сақтамау, аударма ісіне ат үсті қарау белең алды. Келеңсіз құбылыс, әсіресе, әлеуметтік желідегі жазбалардан анық байқалады. Жуырда жарық көрген «СӨЗТҮЗЕР. Қате қолданыстар сөздігі» осы олқылықтың орнын толтырады деп үміттенеміз.

Сөздіктің тұсаукесері Нұр-Сұлтандағы «Қазмедиа орталығы» ғимаратында өтті. Іс-шараға Парламент депутаттары, іскерлік, қоғамдық, ғылыми және мәдени топтардың өкілдері, журналистер, мемлекеттік БАҚ басшылары қатысты. «СӨЗТҮЗЕР. Қате қолданыстар сөздігінің» отандық БАҚ материалдарының мониторингі негізінде білікті лингвистердің, тәжірибелі журналистер мен кәсіби редакторлардың қатысуымен әзірленді. Жоба авторлары еліміздің ақпараттық кеңістігінде мемлекеттік тілде жиі кездесетін қателіктерді анықтады, жіктеді және талдады. Онда қазақ тіліндегі сөздерді дұрыс пайдаланбаудың нақты мысалдары бар. Сондай-ақ жалпы орфографиялық, пунктуациялық және стилистикалық қателер сөздігі жасалды. Онда сөздер мен сөйлемдердің дұрыс нұсқасын қолдану бойынша ұсыныстар берілген.
Бұл осы бағыттағы алғашқы ауқымды жоба. Басты мақсаты – БАҚ-та мемлекеттік тілді нығайту және дамыту. Отандық БАҚ-тарға арналған қазақ тіліндегі сөздікті жасау идеясының авторы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев болды. Жоба жетекшісі – Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы. Сөздік бірінші кезекте қазақ тіліндегі БАҚ редакторларына, сондай-ақ қазақ тілінде сауатты жазуға тырысатын қалың бұқараға тұрақты пайдалану үшін ұсынылады.

«Сөзтүзер» БАҚ-та мемлекеттік тілді нығайтуға жаңа серпін береді және қалың жұртшылықтың, әсіресе жас ұрпақтың қазақ тілінде дұрыс сөйлеу және жазу қабілетіне оң әсер етуі тиіс. Бұл еңбек Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын мерекелеу шеңберінде ұсынылып, Қазақстан халқының Тілдері күніне орайластырылды. Шара Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Медиа Дамыту қоры» Корпоративтік қорымен бірлесіп ұйымдастырылды. «Қазақстан» РТРК іс-шараға демеуші болды.
Жиында сөз алған Дәурен Абаев «Қазақ тілінің мәселесі әрдайым назарымызда. Оның өркен жаюына бәріміз де мүдделіміз. Бірақ тілімізді дамытуға бос сөзбен емес, нақты іспен үлес қосу керек. Бұл – әлеуметтік желіде эмоциямен пост жазу емес, тұрақты
әрі тынымсыз еңбекті талап ететін бағыт. Нәтижелі әрі бірден-бір дұрыс жол да – осы. Президентіміз кешегі Жолдауында айтқандай, болашақта Отанымызда тұрғысы келетін әр азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Осы орайда, қоғамдағы сыйластық, өзара құрмет, адами қарым-қатынасқа сызат түспеуі керек. Мен Алматы облысындағы Үңгіртас деп аталатын табиғаты тамаша, шағын ауылда дүниеге келдім. Әжеміз бен атамыздың өсиетін тыңдап өстік. Сондықтан да туған тілдің тағдыры мені ерекше толғандыруы заңдылық. Осы ретте, қазақ тілі үшін күнделікті қызмет етіп жүрген зиялы азаматтармен, тілді үйретіп жүрген нағыз патриоттармен жұмыс істеуді, жүйелі жобаларды жүзеге асыруды өзіме міндет санаймын», – деді.
Кезінде Ұлы Абай «Сөз түзелді. Тыңдаушы, сен де түзел!» деп жұртты сауаттылыққа шақырып еді. Сауаттылық қазір де көкейкесті мәселе боп тұр. Ендеше, «Сөзтүзер» игі мұрат жолында қызмет етеді.

Айдос ҚҰСАЙЫНҰЛЫ

Бүгін, 13:02
Азат Сұлтанов: Өңделген агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспорты 3,6 млрд долларға жетті
17 қараша, 16:09
Соңғы төрт жылда 14,8 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті
17 қараша, 14:19
Шымкент: Auezov University-де Форсайт орталығы мен AI Media Studio ашылды
17 қараша, 14:06
Марат Нағұманов: Әскери реформа – жаңа сипаттағы армия құру жолындағы стратегиялық қадам
16 қараша, 15:35
Алматыда экологиялық талаптар күшейтілді
16 қараша, 15:17
Сұлтанғали Кенжеқұлов: Инвестиция жаңа өндіріс орындарын ашып, озық технология енгізуге жол ашады
16 қараша, 14:05
Қорғаныс саясатындағы стратегия: жаңа тұрпатты Қарулы Күштер
16 қараша, 14:04
Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынуда
13 қараша, 17:34
Қазақ елінің баянды бастамасы: Превентивті дипломатия