
Солтүстік Кореяда адам құқықтарын бұзу жөнінде құпия құжаттар жарияланды. Осы елдің қауіпсіздік қызметтері Польшаның ұлттық барлау қызметімен алмасқан хаттар мұрағатын Солтүстік Кореяда адам құқықтары бойынша Азаматтық альянс атты құқық қорғаушы ұйым ұсынған.
Пхеньян мен Варшаваның арнайы қызметтері өткен ғасырдың елуінші жылдарынан 90 жылдарға дейін ынтымақтасып жұмыс істеген. Польшада коммунистік биілк құлағаннан кейін қауіпсіздік қызметінің бүкіл құпия құжаттары жария етілген болатын. Олардың арасында Корея түбегіндегі әлеуметтік саяси жағдай мен Солтүстік Кореяның әскери күші туралы ақпарат және ішінде АҚШ пен Ұлыбритания азаматтары бар 200-дей адамның жеке істері болған. Азаматтық альянс өкілдерінің айтуынша, осы құжаттар Солтүстік Корея мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің адам құқықтарын өрескел бұзуының дәлелі болуы мүмкін. 2014 жылы БҰҰ жариялаған баяндамаға сәйкес, бұл мекеме адамзатқа қарсы жасалған қылмыстарда басты рөл атқарып келеді.
Джоанна Хосаньяк, Солтүстік Кореяда адам құқықтары бойынша азаматтық альянс бас директорының орынбасары:
– Солтүстік Кореяны ядролық қарудан бас тартуға көндіру мен бейбіт келіссөздерге басты көңіл бөлініп отырғандықтан, бұл елдегі адам құқықтарының бұзылуына қатысты жайттар қарастырылмай жүр. Бұл – үлкен мәселе. Егер Солтүстік Кореядағы адам құқықтарын талқыға салмасақ, бейбітшілікке қол жеткізе алмаймыз.