
Витебскте өткен халықаралық “Славянский базар” байқауы өз мәресіне жетті. Қазақстан атынан қатысқан 7 жасар Әбілқайыр Жұмабай үздік үштіктен көрініп, жүлделі орынға ие болды.
Stan.kz хабарлағандай, 7 жасар қазақ баласы «Славянский базар» байқауында жүлделі орынға ие болды. Бұл туралы танымал отандық продюсер Жан Мұқанов желідегі парақшасында хабарлады. Мұқановтың айтуынша, Әбілқайыр – 16 елден келген қатысушылардың ішінде жас жағынан ең кішкентайы.
“Қола! Анығында Қазақстан “Славянский базар-2018″ балалар фестивалінде үшінші орын иеленді. Қаскелеңнің 7 жасар тұрғыны Әбілқайыр Жұмабай үздік үштікке кірді. Құттықтаймын. Айтпақшы, басқа қатысушылар 11-14 жаста, ал біздің бала ең кішкентайы. Осындай жасында 16 ел қатысқан байқауда үздік үштіктен көріну – үлкен жетістік”, – деп қуанышты хабарды жеткізді ол.
Айта кетейік, “Славянский базар-2018” балалар фестивалінде Димаш Құдайберген, ал ересектер арасындағы байқауда Роза Рымбаева қазылық етті.
Еске сала кетейік, күні кеше Витебсктегі “Жұлдыздар алаңында” Роза Қуанышқызының жеке жұлдызы пайда болған еді.