
Сириядан елге оралғысы келген қазақстандық келіншектер ақша үшін баласымен қоса өлтірілді. Олар отандастарымыздың қолынан қаза тапқан.
Сирияда 500-ге жуық қазақстандық балалар бар
Сирия мен Ирак аумағында «Халифат» ұйымы құрылған уақытында әскери қимылдарға қатысуға ниеттілер ағылған еді. Сирияға кетер алдында теріс ағым өкілдері уахаби идеологиясын белсенді түрде уағыздады және оған қоса әйелдерін де баруға үгіттеді. Сол әйелдердің көбісі «Халифаттағы» ғажайып өмір туралы ертегіге сеніп, күйеулеріне еріп сонда барған. Бұл үрдіс қазақ жерінде де жүргізілген.
Ашық көздерден алынған мәліметтерге сәйкес, Сирияға біздің елден 800-ден аса адам барыпты. 2018 жылдың шілдесіндегі статистика бойынша 120 ер адам, 250-ден астам әйел және кәмелетке толмаған 500 бала барғаны айтылған еді.
Бүгінде «халифат» қиын кезеңдерді бастан кешуде. Қазір үлкен аумақ бүлініп, жауынгерлер шығынға батып, қалғаны ол жақтан қашуға мәжбүр.
aktobetimes.kz сайтының редакциясына Солтүстік Кавказдағы әйелдер қоғамдық ұйымдарының Сириядан әйелдер мен балаларды үйлеріне қайтару мәселелерімен айналысатын ұйымынан хабар келіп түскен. Онда ДАИШ бақылауындағы аумақтардағы жағдайдың нашарлағаны туралы айтылған.
Хабарламада ДАИШ жағдайының өте қиын екендігі және адамдар ол жақтан түрлі жолмен қашудың амалын жасап жүргені туралы айтылады. Мәселен, қазақстандық алты әйел Сириядан шығып, Түркияға көшуді жоспарлаған. Өкінішке қарай ақшаның жетіспеуінен ойлаған жоспарлары іске аспай қалады. Қашпақ болған әйелдердің үшеуін сол жақтағы отандастарымыз атып тастаған. Олардың бірі 7 жаста екені айтылады.
Содырлар әйелдердің жиған ақшасын алып «халифаттан» қашуға әрекет жасайды. Дегенімен, бұл ойлағандары іске аспай ДАИШ әскеріне ұсталып қалады. ДАИШ әскерлері оларды шариғат сотына берген.
Солтүстік Кавказдағы әйелдер ұйымы Сирияда өлім жазасына кесілген әйелдердің атын жариялады. Ақтөбеден – Гүлбеану (діни аты Умм Мариям) және Дарин (УммМуса), Тараздан –Салтанат (Умм-Аттик).